Мереке

Он баланың кіндік шешесі

Бала денсаулығы — жауапкершілікті екі есе қажет етері айқын. Сондықтан педиатр дәрігер болудың жүгі ауыр. Үш жыл бұрын Ақкемер ауылына көшіп келген Збира Бөпелек бұл мамандыққа тосыннан келмегенін және ешқашан өкінбегенін айтады.

1966 жылы Байғанин ауданындағы Алтай батыр ауылында дүниеге келген Збира Айдарбайқызы 1982 жылы мектепті Алтын медальмен аяқтап, бала кезгі арманына қол жеткізіп, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түскен. 1988 жылы институтты педиатрия мамандығы бойынша бітіріп, №2 Ақтөбе қалалық балалар ауруханасында бала дәрігері болып еңбек жолын бастайды. Кейін Қарабұтақ ауданына қарасты Бөгетсай ауылында, өзінің туған жері Байғанин ауданы Алтай батыр ауылында балалар дәрігері, жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызметін жалғастырады.

— Денсаулық сақтау саласында жүргеніме 33 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде қаншама оқиға болды, қуанышты сәттер де, қайғылы кезеңдер де өтті. Шүкір, сүйіншілеген жаңалықтар басым болды. Жүкті әйелді ауылдан аудан орталығына қарай алып шыққан кезде жолда босанып қалып, қаншама баланың кіндік шешесі болдым. Осы уақытқа дейін он балаға кіндік шеше болыппын. Бұрын жедел жәрдем көлігі тапшы уақытта қой ауылдарға су, май таситын көліктермен, трактормен дебарғанбыз. Ондай кезде көлік таңдайтын жағдайда болмайсың. Әрі педиатр, әрі хирург, әрі гинеколог та боласың. Жарақаттың тігісін тігу, әйелді босандыру, кез келген қиналған жанға ақыл-кеңес айтып, күйзелісін бірге сезініп, кейде психолог та боласың. Осылай еңбек ете жүріп, қаншама жаннан алғыс алдым. Кейде «Отыз үш жыл бойы бір күн тыныш, алаңсыз ұйықтадым ба екен өзі?» деп ойлаймын. Бізде күні-түні жұмыс қой. Осының барлығына қарамастан, өз жұмысымды жақсы көремін, — дейді дәрігер.

Осыдан үш жыл бұрын отбасылық жағдайына байланысты Ақкемер ауылына көшіп келіп, осы жерде қызметін жалғастырып, еңбек етіп жүр.

Жыл сайын облыстық, аудандық деңгейде алатын Алғыс хаттар мен түрлі марапаттарынан бөлек, 2014 жылы «Ең үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша сол кездегі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қолынан Құрмет грамотасын алған.

Өзі таңдаған сүйікті ісімен шұғылданып жүрген Збира Бөпелек — еңбегімен елінің алғысына бөленіп, үйде де, қызметте де абыройға ие болып жүрген үлгі боларлық жан. Күйеуі екеуі бүгінде екі баладан екі немере сүйіп отыр.

 Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button