Сарапшыны айыпталушы да таңдайды
Сараптаманың байпаңдаған балапандардай өрби беретін түрлері сан алуан. Сот-дәрігерлік, сот-психиатриялық, сот-техникалық, сот-автотехникалық, сот-бухгалтерлік, сот-құрылыс, сот-криминалистік… балластикалық, трассологиялық, қолтаңбалық… Саусақ санап әуреге түспей-ақ қояйық, айтпағымыз, осылардың бәрінен ерте қарақанаттана (кітаби тілмен қолданыла) бастағаны сот-дәрігерлік сараптамасы болатын.
Сот-дәрігерлік сараптамасы да басқалары сияқты, тергеушінің, анықтаушының, судьяның қаулысымен ғана жүзеге асырылады. Себебі сарапшы зерттеулерді бұрмалап жүргізгені, қасақана, көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіледi. Сараптама жүргiзуге байланысты өзiне белгiлi болған жайттар туралы мәлiметтердi жарияламауға қолхат береді. Оны жасау қажет деп танылған қаулыда не үшін жүргізілетіні, егер қару-жарақ, басқа да заттар қоса ұсынылған болса, олардың қай жерде және қашан, қандай жағдайда табылғаны және алынғаны (мысалы, тінту кезінде), сарапшының қарауына ұсынылған өзге материалдар, iсте қамтылған, сарапшының қорытындысы негiзделуi мүмкiн мәлiметтер, сарапшының алдына қойылатын мәселелер тәптіштеп көрсетiлуге тиiс. Сараптама жөніндегі қаулы түскен органдар немесе адамдар үшiн орындалуы мiндеттi.
Қылмыстық, азаматтық істер бойынша да, әкімшілік құқықбұзушылық қаралған істерде де сот (істі жүргізіп жатқан басқа да орган) сараптаманы өз ықтиярымен де, iске қатысушы адамдардың өтініші бойынша да тағайындай алады.
Сараптама қит еткен жағдайдың бәріне бірдей қосамжандырыла бермейді. Алайда қылмыстық ізге түсуші органның ырқына қарамастан тағайындалуын заң өктемдейтіндеріне:
1) өлiмнiң себептерiн, егер адам тірі болса, денсаулығына келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн анықтау қажеттілігі;
2) сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң қанша жаста екендігінің iс үшiн маңыздылығы, бiрақ ол туралы құжаты болмауы, онысы болса да, анық жасының, тіпті алдыңызда тұрған адамның кім екендігінің күмән туғызылуы;
3) жалпы ақыл-есiнiң дұрыстығына немесе қылмыстық iсте құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлеттілігіне күмән туғызылуы;
4) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайды дұрыс түсінетініне және сол жөнінде айғақтар беру қабiлетiне күмән келтірілуі;
5) iстiң басқа дәлелдермен дәл анықталмайтын өзге де мән-жайларының туындауы жатады.
Өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қылмыс жасады деп айыпталушының жандүниелік ахуалы сараптама сүзгісінен міндетті түрде өткізілуі тиіс.
Сот сараптамасы қылмыстық iстi қозғау туралы қаулыдан бұрын да тағайындалуы мүмкiн. Сол себепті қылмыс қыбыры таңбаланған (оқиға болған) жердің шама келгенінше қанды ізін кептірмей құқық қорғау қызметкерлерімен қарбаласа, қабаттаса сарапшы-дәрігердің де жанығуы таңсық жайт емес.
Сот сараптамасына кәнігі ақ желеңдінің кісі өлімінің, өз-өзіне қол жұмсап, жан қиюшылықтың, жазмыштың ісі делінетін, бірақ ар жағында, бәлкім, сұрқиялық жатқан апаттың болмаса сырт қолдың зорлығы араласуы мүмкін жұмбақ жағдайда кенеттен бұ пәниден баз кешушіліктің басы-қасынан дер кезінде табылуы басталғалы тұрған дәркүмән, құпиясы мен қараңғылығы қою көрінген күрделі тергеуде қылмыстың күретамыр түйінінен ұстатуы бек кәміл. Қалай болғанда да басқа бастастарынан қалыспай, жедел қимылдаған сарапшының тергеуге тигізер көмегі айтып жеткізгісіз. Мысалы, өліктің қай бағытта сұлбауы (жатысы), денесінде жарақаттар, қан дақтарының бар-жоқтығы, бар болса, аз-көптігі, өлік таңбаларының түсі мен сипаты, өліктің сіресу көрінісі және тағы басқа қарапайым, кәсіби емес көзге еленетін және еленбейтін жағдаяттар дәрігерге қанқұйлы оқиғаның басталуы мен өрбуі, жарақаттың салыну әдісі, марқұмның өлген уақыты, ірілі-уақты, алайда тергеу үшін маңызды өзге де мәселелер туралы алдын ала пікір айтуына мүмкіндік береді.
Әлбетте, оқиға болған жерге барған қай дәрігердің де әп дегендегі міндеті – адамның өлген-өлмегенін анықтау. Зардап шегуші тірі болып шықса, басқа шаруаны жиып қойып, ең алдымен жанына дереу араша тұру — дәрігерлік көмек көрсету.
Бұл дүниелік еместігіне көз жеткізілген жағдайда оқиға болған (өлік табылған) жерде мәйіт қаралып, қанша, қандай жарақат, соққы іздері мен белгілері бар екені түгенделген хаттамаға тергеуші, дәрігер, куәгерлер қолдары қойылып болғаннан кейін сот-дәрігерлік зертханасына түршігерлік болса да айтуға тура келеді — союға жіберіледі. Ол әдетте оқиға болған жерді қарауға қатысушының өзіне тапсырылады. Өйткені істің мән-жайымен, өлік құбылыстарының сипатымен және жарақаттарының бастапқы көрінісімен таныс. Бұл артықшылық алдын ала тергеу орындары тарапынан сот-дәрігерлік сараптамасының алдына қойған мәселелерді неғұрлым егжей-тегжейлі шешуге көмектеседі. Ал тергеуші қаулысында сараптама алдына қойылатын мәселелер, сараптама жүргізудің мақсаттары айқын, қанық тұжырымдалуға тиіс.
Дәрігерлік сараптаманың тірі адамдарға да, өліктерге де жасала беретінін айттық. Ол тірі адамдарға анағұрлым жиі жасалады және мынадай түрлері болады:
Адам жарақаттанып қалғанында
- дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін;
- еңбекке жарамдылығын жоғалтуын;
- өзін-өзі (дене мүшесін) зақымдауын анықтау мақсатында жүргізілуі мүмкін.
Тергеу орындарына адамның жыныстық жағдайына байланысты
- жыныстық балиғаттылықты (жетілгендікті);
- жыныс амандығын;
- тұқым өрбітушілік қабілетті;
- даулы (қос) жыныстық жағдайды;
- жүктілікті, түсік тасталғанын, баланың есен туғанын анықтау қажет болуы ықтимал.
Жыныстық зорлау деректері бойынша қозғалған қылмыстық істер бойынша
- зорлап жасалған жыныс қатынасын;
- азғындық әрекеттерді;
- еркекаралық жыныс қатынасын;
- жұқпалы аурулардың жұққанын анықтау бәрінен бұрын керек болады.
Басқа да себептер бойынша
- арақ ішкен адамның мас болуы дәрежесін;
- адамдардың ұқсастығын (бір адамға ұқсас, бірақ өзге адам екенін) және басқаларын анықтау жатады.
Ал адам мәйітіне сараптама жасау барысында
- адамның қандай да бір зорлық жасалуымен бұ дүниеден аттануы (механикалық зақымдану, қылғыну, улану, суға тұншығу, күйіп немесе үсіп өлушілік, электр қуатының соғуы, қылмыстық түсік және т.б.);
- дұрыс емдемегені немесе заңсыз емдегені себепті өліп кеткені туралы тергеу орындарына түскен шағым;
- ауруханада жатып-ақ, науқасының диагнозы белгісіз (өлу себептері анықталмаған) жағдайда өліп кетушілік;
- кім екені анықталмағандардың мәйіттері зерттелуге тиіс.
Жүрегі сезсін, мейлі, тіпті алдын ала тікелей білсін, осының бәріне ет жақындарының, ағайын-туманың төбе шашы тік тұрып, өре түрегелуінің қолқа сығымдар себебі бар. Жасырылса да, жасырылмаса да, мәйітке сараптама жасау жіліктеліп, бөлшектелуіне әкеп соғатын кездері де кездеседі.
Сонымен бірге сот-дәрігерлік сараптамасының міндетіне
- зерттеудің салыстырмалы анатомиялық, биологиялық және басқа әдістері арқылы өлік бөліктерінің (күдік келтірілген реттерде) адамдікі немесе жануардікі екенін;
- қанын, жұмсақ ұлпаларын немесе сүйектерін зерттеу арқылы олардың қай топқа жататынын;
- сот-химия зерттеуінің көмегімен улану белгілерінің бар-жоғын;
- протездерінің, соның ішінде тіс (егер болса) протездерінің, шаш, сыртқы жыныс мүшелері мен дененің басқа бөліктерінен алынған жүн қылшықтары үлгілерінің ерекшеліктерін анықтау да кіреді.
Сот сараптамасы мемлекеттік сарапшылардың маңдайына ғана жазылатын міндет емес. Ол осы қызметті лицензия негізінде жүзеге асыратындарға, заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен іске мүдделі емес өзге де дәрігерлерге (айталық, арнайы ғылыми білімі бар), тіпті жәбірленуші немесе айыпталушы ұсынған мамандардың бiрiне де тапсырылуы ықтимал.
Құзырлы орындардың нақ осы іске байланысты бұрыннан бар жалы күдірейген тексеру актiлерi, қорытындылары, сондай-ақ мамандардың (оның ішінде емхана, аурухана, зертхана дәрігерлерінің) білікті ресми анықтамалары, басқа да құжаттары дәл сол мәселелер бойынша сот сараптамасының тағайындалуы мүмкiндiгiн жоққа шығармайды. Яғни сарапшы қорытындысымен үзеңгі теңестіре, балама бола алмайды.
Айта кетерлігі, сарапшының қорытындысы судья немесе іс қарамағына түскен басқа лауазым иесі (орган) үшiн мiндеттi болып табылмайды. Алайда қандай үкім, шешім, қаулы шығарылса да, оны жай ғана елемей қоюды да заң көтермейді. Сот кесімінде сот сараптамасымен келiспеушiлiк дәлелдi болуға, негізделуге тиiсті.
Серік ЖОЛДЫБАЙ.



