Ауыл

Қуаңшылық алаңдатып тұр

Қазір Ырғыз ауданында жаңбыр жаумай, шаң-тозаңның көбеюінен ірі қара малы көз ауруымен ауырып жатыр. Дәрі-дәрмек жетіспей, тұрғындар әуреге түсуде. Аудандық ветеринарлық стансасының директоры Данабай Тойбазаров бұл індеттен құтылу үшін мамандар тұрғындарға барынша көмек көрсетіп жатқанын айтады.

Биыл жауын-шашын аз. Сол себепті шаң-тозаң көбейіп, ауданда қуаңшылық болып тұр. Шалғындық та, жайылымдық жер де құнарсыз. Осыған байланысты ауылдарда ірі қара малы көз ауруынан зардап шегуде. Біз шаруалар мен қарапайым тұрғындарға көз ауруынан қалай құтылу керектігін айтып, бірқатарына ем-дом жасап жатырмыз. Ауданда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бар. Тұрғындар облыс орталығынан қажетті дәрілік заттарды алдыртып жатыр. Өкініштісі, көз ауруынан ірі қара малы соқыр болып қалуы мүмкін. Қазір станса мамандары малдың қанын ауыстырып, ем жасап жатыр, — дейді ол.

Ал ауылдағы шаруаларды биылғы қуаңшылық алаңдатады. Жауын-шашынның аздығынан күзде шөп шықпай қалу қаупі бар. Өткен жылы бір тележка шөптің бағасы 40 мың теңге болса, биыл алдын ала болжам бойынша мал азығының бағасы 60 мың теңгеге дейін көтерілмек. Ал қымбатшылық қарапайым тұрғындардың қалтасын қағатыны анық.

Сондай-ақ соңғы жылдары аудан аумағындағы өзен-көлдер де тартылып барады. Бау-бақша шаруашылығымен айналысатын қожалықтарды осы орайда су мәселесі қинап отыр.

Ауданда мал шаруашылығымен айналысушылардың саны көбейгенімен, экологиялық мәселелер бізді алаңдатып отыр. Су мәселесіне келсек, биыл жыл басынан бері шаруашылықтарға құдық (ұңғыма) қазып беру тапсырмасы 40 пайызға орындалды. Жалпы, бұл бағыттағы жоспар бойынша 15 құдық қазылуы тиіс. Бес ай ішінде Ырғыз ауылдық округінен «Береке», «Сисенбай», Аманкөл ауылдық округінен «Береке-1», Қызылжар ауылдық округінен «Науан-Назкен», «Қоныс», «Қызылжар» шаруашылықтарына барлығы 6 құдық қазып берілді. Сондай-ақ ескі техникаларды жаңарту және есептен шығару тапсырмасы бойынша биыл аудан бойынша 6 трактор, 10 мал азығын дайындайтын техника есептен шығарылды. Ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту деңгейі бес ай ішінде 351 миллион 223 мың теңгеге жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл тапсырма 166 пайызға орындалып отыр, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақалмас Тұртаев.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар аясында Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты «Мұқасан» шаруа қожалығы 40 бас және «Нұр Айназ» шаруашылығы 50 бас асылтұқымды аналық сиыр сатып алған. Сондай-ақ

«Ырғыз» КС» ЖШС арқылы «Науан-Назкен», «Аралбай», «Темірбек» шаруа қожалықтары жалпы саны 653 қой алу үшін 28 млн теңге несие рәсімдеген.

Аудандағы 6 шаруашылық «Наурыз СИМ» ЖШС мен «Жантізер» шаруа қожалығына 165 бас бұқашық тапсырған. Алдағы уақытта шаруалар бірінші деңгейдегі бордақылау алаңына тағы да бұқашықтар тапсыруды жоспарлап отыр.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button