Денсаулық

Нүктелі массаждың пайдасы қандай?

Дәрігерлер коронавирус жұқтырып, емделіп шыққаннан кейін де оның әсері ұзақ уақыт сақталатынын, яғни вирус денедегі өзге де ауруларды қоздыратынын айтады. Ақтөбедегі тәжрибелі массаж жасаушы маманның бірі Әсемгүл Құлбатырдың айтуынша, індетке шалдығып, одан айығып шыққан науқастар нүктелі массаж алуға жиі келеді. Себебі нүктелі массаж қан қоюлануының алдын алады, тамырда еркін айналуын қамтамасыз етеді.

Нүктелі массаж организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер етеді. Медицинада нүктелі массаж алған адамның организмінде айтарлықтай өзгерістер болатыны дәлелденген. Аталған массаждың түрі инемен емдеу әдісіне ұқсас, яғни жүйке ұштарын тітіркендіреді. Нүктелі массаж бен жай массаждың айырмашылығы көп. Нүктелі массажды емдік мақсатта жасайды.

— Массаж алуға келетіндер көп. Соңғы кезде коронавируспен ауырып шыққан адамдар жиі келе бастады. Алғашқы уақытта көпшілігі жоғары қан қысымы, жүрек қызметінің бұзылуы секілді ауруларының бар екенін айтса, кейінгі кезде төмен қан қысымымен келетіндер көбейді. Оларды әңгімеге тарта бастағанда бірнеше ай бұрын індетке шалдығып, ауырып шыққанын, қан қысымы төмендеп кеткенін, жиі шаршап, әлсіреп қалатынын айтады. Соған қарағанда, вирус әлсіз адамдардың қан қысымын төмендетіп жібере ме деген ойға қалдым. Көпшілігі қанның қоюланып қалуынан қорқады. Себебі вирус қанды қоюлатып жібереді. Ал оның соңы инсультке соқтырады. Сондықтан келушілердің көпшілігі нүктелі массаж жасатады. Бұл массаж кезінде қан тамырлары кеңейіп, қан бүкіл денеге тарайды, иммунитет күшейеді. Желке, самай тұстағы нүктелерді уқалай отырып, қан тамырларын кеңейтуге болады. Қолмен тамыр бойын уқалағанда денеге қан жүгіреді. Тамыр бойындағы қоюланған қан сұйылып, еркін айналады.  Жалпы, адам денесі географиялық карта тәрізді. Оның меридианы, тіршілік қуатын арттыратын арналары бар. Мәселен, денеде он екі канал бар. Жүрек — адамның моторы. Қызметін жақсарту үшін оның меридианында орналасқан нүктелерді уқалап, каналды табу керек. Егер жүрек қызметі жақсы болса, қан айналым жүйесі дұрыс болады. Кез келген инфекциялық ауруға шалдыққан адам антибиотик ішеді. Оның барлығы ағзаға улы токсиндерді жинайды. Коронавируспен ауырып, емделген нақастардың көпшілігі токсиндерді массаж арқылы сыртқа шығарады, — дейді Әсемгүл.

Әсемгүл бұл масаж түрін жарты жыл үйреніпті. Нүктені тауып, дұрыс уқалағанда ғана адамға ем қонады.

Менің негізгі мамандығым — қытай тілі пәнінің мұғалімі. Пекин қаласында бір жыл, Үрімшіде үш жыл оқыдым. Қытайда жүргенде дәстүрлі шығыс медицинасының кереметін көзім көрді. Ол елде медицина еуропа және шығыс болып екіге бөлінеді. Хирургиялық емді қажет ететін науқастар болмаса, көпшілігі шығыс медицинасын таңдайды. Оқу бітіріп Алматыға келдім. Жұмыс іздедім. Белгілі зілтемірші Майя Манезаның «Майя Манеза» шығыс медицина орталығына қытай тілінен аудармашы қажет екенін білдім. Осы орталықтың белгілі  дәрігері, Қытайдан келген Шидің екі жыл аудармашысы болып жұмыс істедім. Ши — өте білікті дәрігер. Қаншама адам көз алдымызда ауруынан айығып кетті. Спортшылар, өнер адамдары жиі келеді. Дәрігердің қасында жүріп массаж жасау, ине салу, отпен, дәрілік шөптермен емдеуді үйрендім. Дәрігер Шидің тек қана аудармашысы емес, шөп қайнатушысы болдым. Шөп қайнатудың да өзіндік тәртібі бар. Дәрігер бір ауруды 10-13 түрлі  шөп тұнбасымен емдейді. Оның мөлшері, қайнату ұзақтығы талапқа сай болу керек. Егр сәл қателессең, кері әсерін тигізеді. Сол жерде жүріп тауықтың тас жинайтын кеңірдегі асқазан ауруына, улы сарышаянның құйрығы ревматоидный артриттің асқынған түріне бірден-бір ем екенін көрдім, — дейді Әсемгүл.

Қазір массаж жасаушы қыз Ақтөбе медициналық колледжінде оқып жатыр. Қосымша массаж жасап, табыс табады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button