Пікір

Медициналық қызметтің деңгейін қалай көтеруге болады?

Ғалымжан ЕЛЕУОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Nur Otan фракциясының мүшесі.

Ол үшін салаға отандық және шетелдік бизнес-құрылымдарды әріптестікке шақыратындай жүйе құрылуы керек.

Елімізде денсаулық сақтау саласы жиі реформаға ұшырайды. Реформалар бірінен соң бірі жүргізіліп жатыр. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бірақ  проблемалар шешімін табар емес. БАҚ және халық қалаулылары үнемі көтеретін мәселелер сол күйінде қалып отыр.

Енгізілген өзгерістердің барлығы денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, оның қолжетімділігін және медициналық көмектің сапасын арттыруға арналғаны анық.  Бірақ медициналық көмек көрсетуге қатысты проблемалар шешілмек түгілі, күн сайын ушығып бара жатуының себебі неде?

Пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы әшкере болды. Жылдар бойы  шешімін таппай келген проблемалардан жүйенің іргетасы сыр бере бастады. Былтыр індет кезінде мыңдаған қазақстандық сапалы медициналық көмек былай тұрсын, тіпті телефон арқылы  кеңес  ала алмады. Кадр тапшылығы, ауруханалардың жабдықталмағаны және дәрі-дәрмек, қорғану құралдарының жоқтығы көрініп қалды. Медициналық жабдық пен оның бөлшектерін сатып алудың тиімсіз орталықтандырылған жүйесі де осы саланың кемшілігін көрсетті.

Менің ойымша, денсаулық сақтау жүйесін ретке келтіру үшін кешенді шаралар қолға алынуы қажет. Оған барлық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды жаппай тарту керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін халық бірден қолдаған жоқ. Бірақ бұл реформаны енгізген кезде осы саладағы қаржы тапшылығы шешіледі деген түсінік болды. МӘМС енгізілгелі медицинаны қаржыландыру көлемі 70%-ға артқан, бұл ретте заманауи айқын тарифтік жүйені құру айтылған еді.

Ресми деректерге сүйенсек, республикалық деңгейде МӘМС аясындағы аударымдар ескеріле отырып, денсаулық сақтау саласының бюджеті 1 трлн 800 млрд теңгені құрайды. Бұл — орасан зор қаражат. Дегенмен медицинаның барлық проблемасын шешу үшін бұл ақша жетпейді. Бірақ туындаған  проблемаларға қарсы тұруға мүмкіндік береді. Бұл сомаға аймақтардағы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат енгізілмегенін ескерген жөн.

Денсаулық сақтау саласы  бюджетінің ашық болмауы, бюджетті жоспарлау, атқару және есеп беру рәсімдерінің, тариф құру тетіктерінің айқын еместігі халықтың  жүйеге деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Мен дәрігер және денсаулық сақтау менеджері ретінде нақты тарифтердің айтарлықтай төмендетілгенін, медициналық қызметтердің әділ бағасы көрсетілмейтінін және медициналық ұйымдардың қажеттіліктері ескерілмейтінін жақсы білемін. Медициналық қызметке, мысалы, дәрігердің кеңесіне  деген тариф дәл осы қызметтің нарықтық бағасымен салыстырғанда, он есе төмен болуы мүмкін. Нәтижесінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын медициналық мекемелер жеке клиникалармен бәсекелес бола алмайды. Соған қарамастан, денсаулық сақтау саласы жүйесінде бәсекелестікке түсе алмайтын, үнемі шығынға ұшырайтын ауруханаларды қаржыландыра береді, алайда олардың басшыларының қызмет сапасын жақсартуға деген ешбір қызығушылығы жоқ.

Қазақстандықтар медициналық қызмет  деңгейінің  төмен екендігін,  медицина мекемелерінің  жылдар бойы жөндеуді талап ететін ескі ғимараттарға орналасқандығын жиі мәселе ғып көтереді. Ал клиникаларды қазіргі заманғы медициналық жабдықпен қамтамасыз ету туралы айтудың өзі артық.

Әлемде ғылым күн сайын қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында диагностиканың дәлдігін және емдеу тиімділігін ең жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар шығуда. Біз  прогрестің артынан ілесе алмай жүрміз. Қазақстандықтар заманауи технологияларға қол жеткізе алмай отыр.

Менің ойымша, бұл мәселені дұрыс тариф құру арқылы шешуге болады. Медициналық қызмет тарифтері медициналық жабдық бойынша инвестициялық бөлігін қарастырмайды. Демек, ауруханалар заманауи жоғары технологиялық жабдықты сатып алу үшін немесе  медициналық техниканы  жаңарту үшін қаражат жинай алмайды. Ақырында қолдағы жабдық әбден көнеріп,  қазіргі заманғы емдеу әдістерін енгізуге кедергі болады. Емделушілер тез  сауығу мүмкіндігінен айырылған кезде, кейін олардың ұзақ емделуіне одан да қомақты қаржы жұмсалады.

Мысал ретінде сәулелі үдеткіштер деп аталатын қатерлі ісікті жоғары дәлдікпен сәулелендіретін инновациялық жабдықты алайық. Бұл құрал елімізде жоқ емес, бар,  бірақ өте аз. Осындай қондырғысы бар онкологиялық орталық саусақпен санарлық қана. Және олар ірі қалаларда ғана орналасқан. Ал қатерлі ісікке шалдыққандардың және жалпы халық санын ескеретін болсақ, бұл қондырғыға мұқтаждық — он есеге көп. Осындай жағдайда халықтың жоғары технологиялық медициналық қызметке жаппай қол жеткізу мүмкіндігі туралы айтуға бола ма? Дүниежүзілік нарықта диагностиканың дұрыстығын айтарлықтай арттыратын және онымен жұмыс істейтін  медициналық персонал үшін барынша қауіпсіз жоғары дәлдіктегі  рентген-аппараттардың шыққанына біраз уақыт болды. Ал бізде дәрігерлер ескі рентген-аппараттармен жұмыс істеуге мәжбүр…

Әлемде ғылым қарқынды дамып жатыр. Ал біз бұл тұрғыда әлі кенже келеміз. Сәті түсіп алынып, ауруханаларға орнатылған жабдықтың өзі қолданылмай қалуы мүмкін, өйткені олардың шығынын, яғни  материалдарының бағасы тариф аясында өтелмейді. Ал жеке қаражаты есебінен  сатып алуға ауруханалардың шамасы жетпейді.

Сайып келгенде, егер медициналық мекеме өзінің пациенттеріне тиімділігі жоғары заманауи медициналық қызмет көрсеткісі келсе, ол бұны өз есебінен жасауға тиіс. Бұл жағдайда «ақша пациенттің артынан жүреді» деп айтылып жүрген ереже де көмектеспейді, өйткені жоғары технологиялық жабдықты сатып алу мен күтіп ұстау мүлде тиімсіз болады.

Олай болса,  медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тиісінше инвестиция тартатын, өз кезегінде осы салаға ең заманауи технологиялар мен медициналық қызметтердің жоғары сапасын енгізе алатын жол бар ма? Бар.

Ол үшін  алдымен денсаулық сақтау бюджеті мемлекеттік деңгейде ашық болуға  тиіс. Өңірлердегі осы салаға жұмсалатын қаржының әрбір тиыны есептеулі болуы керек. Бұл ретте қатыстырылған салаларға (денсаулық сақтау саласына  байланысты инфрақұрылым, құрылыс) бөлінетін бюджет де назардан тыс қалып қоймауы қажет. Сол кезде  ішкі бизнес-құрылымдар мен шетелдік инвесторларды әріптестікке тарта отырып,  медициналық қызметтің  әділ және бәсекелі тарифтерін құруға болады.

Ал ауруханалар мен клиникаларды заманауи жабдықпен қамтамасыз етудің  бүкіл әлем бойынша бұрыннан қолданылып келе жатқан шешімі бар, ол — лизинг жүйесін дамыту. Жабдық  сатып алуды орталықтандыру республикада бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге және сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді.

Бизнеске мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс жасау тиімді болған кезде кадр тапшылығы  мәселесі де (себебі аурухананың жоғары білікті дәрігерлеріне жоғары жалақы төленеді), ең заманауи және жоғары технологиялық жабдықпен қамтылған медициналық қызмет  сапасы мәселесі де шешіледі. Ал қазақстандықтар жекеше клиникада  немесе шетелде емделуге ақша жинауға мәжбүр болмайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button