Мәдениет

Қазақ елінің айбынды әуені Жаңа Әнұранымызға 5 жыл толды

Барлық уақытта да және барлық халықтың да мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігінің біртұтас белгісі мемлекеттік рәміздері болып табылады. Бізде ұлылыққа негізделген, идеяға бай Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз бар.

Н.Назарбаев.

Қазақстан Республикасының бүгінгі Әнұраны туралы сөз қозғағанда, ойымызға 1986 жылдың желтоқсаны оралады. Еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін аңсаған жастар алаңға шығып, Орталықтың шешіміне қарсылық көрсетті. Сонда олар «Менің Қазақстаным» әнін шырқады. Бұл ән жастардың жігеріне жігер қосты, қуат-қайрат берді, бірлігіне ұйытқы болды.

Әнұран мемлекеттік рәміздердің бірі ғана емес, бірегейі. Адамды рух беріп көтеріп, ерекше патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық шығарма. Әуел баста Грекияда Аполлон, Дионис, Зевс, Герместің даңқын аспандатуға арналған мадақтау жырлары хорға да, жеке адамның орындауына да лайықталып жазылған. Олардың бәрінің ортақ атауы — Гимнос, грекше мадақ жыры. Міне, құдайларды мадақтауға арналған жырлардан бастау алатын гимн дәстүрі, кейін сала-салаға бөлініп, мемлекеттік, революциялық, әскери, діни гимндерге ұласты. «Гимн» сөзі грек тілінен аударғанда «мадақтау әні, салтанатты әуен» мағынасын білдіреді.

Егеменді ел атанып, тәуелсіздік алған Қазақстанның да алдымен қолға алған  жұмысының бірі — төл Әнұранымызды бекіту болғаны  табиғи заңдылық.

1992 жылы ҚР Мемлекеттік Гимні  қабылданды. Ол өзінің кезеңдік міндетін толық атқарды. Енді ол халқымыздың мәдени мұрасына айналып, алтын қордан орын алды.

Өйткені халық арасында, баспасөз беттерінде ауық-ауық гимнді өзгерту туралы пікір айтыла бастаған еді.

Жұртшылық арасында өте кең таралған «Менің Қазақстаным» әні ресми жиындарда ғана емес, қарапайым басқосуларда ішкі сезім қажеттілігінен ерекше шабытпен, жігермен шырқалатын еді.

Менің Қазақстаным! Бұл — жігеріңді жанып, жүрегіңді баурайтын аса әсерлі сөз. Оны ауызға алғанда кіндік қаның тамған киелі жермен, оның өткенімен, бүгінімен және ертеңімен тәңірлік байланыстылығың, табиғи біртұтастығың еске түседі.

Бұл — қазақ деген көнбіс те қайсар халықтың жүрек сөзі. Аузын ашса – көмейі көрінетін аңқылдаған ақ адал ұлттың жан тебіренісі.

Ән жеңіл орындалады, сөзі жаттауға, есте сақтауға ыңғайлы, екпінді, жігерлі, тілге жеңіл, жүрекке жылы. Бұқаралық сипат алуының сыры да осы қасиетінде. Ән өзінің өміршеңдігін танытты.

2006 жылы қыркүйек айында Ақтөбе өңірінде бабалар рухын құрметтеуге арналған шаралар өтті. Шәмшінің қарындасы Раушан, інісі Көшербай шақырылды, облыстық мұражайда кездесу өтті. Сонда Шәмшінің көптеген әндерінің шығу тарихын біліп алдық.

«Менің Қазақстаным» 1956 жылы 25 қазанда жазылған. Әннің мәтінін ақын Жұмекен Алматыда, белгілі қобызшы Гүлсара Бірманованың үйінде жазған. «Менің Қазақстаным» әнінің жазылғанына 2006 жылы 50 жыл толды. Өлең Қазақстанның миллиард пұт астық жинау қуанышына арналған секілді көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршылдыққа, үстемдік билікке қарсы туған шығарма. Қазақстанды бөлшектеуге, республиканың алты облысын Ресейге, Өзбекстанға беру туралы шешімге қарсылық ретінде, ел бірлігін, жер тұтастығын сақтауға шақырған ән. Оны шығарған кезде композитор Шәмші Қалдаяқов 25 жаста, ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста екен.

Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқұлы (Әнәпияұлы) Қалдаяқов (1930-1992) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранның музыкасының авторы, көрнекті сазгер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қапланбек малдәрігерлік техникумында, Хамза Ниязи атындағы Ташкент    музыкалық училищесінде және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқыған.

Шәмші Оңтүстік Қазақстан облысында Қапланбек зооветтехникумін бітірген соң, жолдамамен біздің облыстың Мұғалжар ауданының «Темір» кеңшарына жіберіледі де, еңбек жолын осында мал шаруашылығы маманы болып бастайды. Осы жерден әскер қатарында қызмет етуге аттанады.

Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов (1935-1983) — Қазақста Республикасы Мемлекеттік Әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері. Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қошалақ ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында және Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курста оқыған. «Жазушы» баспасында, «Лениншіл жас» газетінде, Қазақстан Жазушылар одағында, Баспа істері жөніндегі мемлекеттік комитетте, «Мектеп» баспасында жұмыс істеген.

Әннің жолы жеңіл болмады. Оның ішкі ойын, астарын сезген тоталитарлық режим өкілдері әнді мүлдем шығармай тастауға айналады. Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным» әнінің бастапқы мәтінін «Мәдениет және тұрмыс» журналына алып барса, журнал қызметкерлері «мұнда жеті жылдық жоспар туралы мүлде жазылмаған» деп, баспай қояды. Ақын ән мәтініне біраз өзгертулер жасауға мәжбүр болады. Сөйтіп, біраз кедергілерден кейін ән алғаш рет 1959 жылы атақты әнші Жамал Омарованың орындауымен Қазақ радиосы арқылы халық арасына кең тарайды.  Әрі беделді де, әрі танымал әнші Жамал Омарова әнді оның мәтінінің алғашқы нұсқасымен, жеті жылдық жоспар туралы айтылған жерін алып тастап орындайды. Сөйтіп, бұл қасиетті туынды кеңестік тоталитаризмнің қара бұлтын найзағайдай серпіп, көпшіліктің сүйіп орындайтын әніне айналды.  Бұл ән еліміздің Парламент шешіміне дейін де біздің халықтың бейресми Әнұраны міндетін атқарып келді.

Өткен 2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы өтті. Мен облыстық штабта жұмыс жасадым. Көптеген мекемелерде, оқу орындарында, ашық алаңдарда, мәдениет үйлерінде кездесулер өткізілді. Сол басқосуларда нұсқаусыз-ақ  «Менің Қазақстаным» әні орындалатын еді.

Халық өзі осы әнді Әнұран қылып алды. Халық сүйіспеншілігі жаңа шешім алуға итермеледі.

2006 жылдың 6 қаңтарында ел Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Президенттің Заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының жобасы қаралды. Онда Үкіметтің ұсынысы бойынша мемлекеттік Әнұранның әуені мен мәтінін жаңарту көзделді.

«Менің Қазақстаным» әнін Гимн ету туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Парламентке жолдаған хатында: «Еліміздің қай түпкіріне барсам да, кәрі де, жас та Әнұрандық мәртебесі болмаса да, аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстанымды» Әнұран есебінде шырқағанының талай куәсі болдым… Біріншіден, Әнұранда ғасырлар бойы Тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуі тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз — жеріміздің кең байтақтығы орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі — ел бірлігі баса көрсетілуі керек. Осы уақытқа дейін бейресми Әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін», — деп жазған еді.

Сөйтіп, «Менің Қазақстаным» 2006 жылы 6 қаңтарда ресми түрде Парламентте талқыланып, мемлекет гимні болып бекітілді. Жаңа Әнұран баспасөзде жарияланған күннен, 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу құрметіне арналған салтанатты рәсімі кезінде 11 қаңтарда, Астанадағы Ақордада алғаш рет орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Әнұранының тұсаукесеріне әлемнің 70 елінен келген мәртебелі қонақтар куә болды. Мінеки, осы тарихи тағдырлы күнге санаулы күннен соң 5 жыл толады.

Жаңа Әнұран елге бұрыннан таныс «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде дүниеге келді. «Қазақ вальсінің королі» атанған сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов шығармасының мәтініне Елбасы енгізген өзгерістер талайлы туындының ресми Гимн болып бекуіне жол ашты.

Мемлекеттік Гимнді орындау тәртібі бекітілді. Ереже бойынша Гимнді айтқанда жұртшылық орындарынан тұруы қажет және оң қолын сол жақ кеудесіне жүрегінің тұсына қойып орындаулары керек. Аса маңызды мәселе — Гимнді әр адам жатқа білуге міндетті.

Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның эталондық нұсқалары тәрізді Әнұран да ресми бекітіліп, заңмен қорғалады және Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақталады.

Әнұран — жай ән емес, ол — халықты біріктіретін ұран ән. «Менің Қазақстанымды» Әнұран етіп халық таңдады. Бұл Әнұран уақыт сынынан өтті. Ешкім де халықтан биік емес, ешкім де уақыттан дана емес.

Парламент халық сөзіне, уақыт үніне құлақ асты. Сондықтан, Әнұранды берген әйгілі сазгер Шәмшінің, ұлы ақын Жұмекеннің әруағына тағзым етеміз. Көптің ойын дөп басқан Елбасымызға алғысымызды айтамыз. Әнұран Қазақстан аспанында шарықтап, елімізге өсу, өркендеу, халқымызға бірлік алып келді. Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовке ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ш.Қалдаяқовтың 80 жылдығы республикада кеңінен аталып өтті. Шымкентте үлкен көрнекті ескерткіш орнатылды. Ақтөбеде Ш.Қалдаяқов атында көше, ауыл бар. Шәмші ауылында композиторға бюст  қойылды.

«Менің Қазақстаным» әні жарты ғасыр бойы елмен бірге жасап, елмен бірге мұңайып, елмен бірге қуанып келеді. Әр шаңырақтың, ел шаттығының жалауына айналды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әнші Бекболат Тілеуханның сөзімен айтқанда: «Әнұранды тыңдағанда құйқаң шымырлап, бойыңды рух кернеуі шарт. Ол айтылғанда егілуің керек, еңселенуің керек, шаттанған жөн, шамырқанған ләзім. Жеңіс тұғырында түлеген қыранның, етігімен су кешкен ұланның аузына түсе кетуі керек. Толқыған топтың, шаттанған көптің көкейіне орала кеткіш ардақты болуы шарт. Осы талабымызға лайық қандай ән бар десек, сөз жоқ ол — Шәмшінің «Менің Қазақстанымы».

Ол — әуені мен өлеңі бір мүддеге қызмет етіп тұрған еліміздің жаңа музыкалық-поэтикалық эмблемасы. Ертеңіне үкілі үмітпен қарап, болашаққа батыл сеніммен қадам басқан барша қазақстандықтардың қадірлеп, қастерлейтін рухани қазынасы.

Еркін ҚҰРМАНБЕК,

Мемлекеттік рәміздер жөніндегі

облыстық комиссияның мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button