Мәдениет

Өмірді махаббат құтқарады

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы бас құрағандардың биыл — қоян жылында шаңырақ көтергендеріне 20 жыл толады. Біз осыған орай, яғни ел тәуелсіздігімен бірге жасап, түтін түтетіп келе жатқан шаңырақ иелерімен кездесіп, оларды адами әңгімеге тартуды жөн көрдік. Мақсат – әдемі отбасы тірлігін құрағандардың жақсысымен бөлісу, кейінгі жастарға үлгі ету. Ендеше, шаңырақ көтергеніне 20 жыл болған жұбайларды ашық әңгімеге шақырамыз. Сыр бөлісемін десеңіздер, редакцияға хабарласыңыздар.

Ал сондай жұптардың бірі – ерлі-зайыпты Жолберген Әбиев пен Ақөрік Таңсықбаеваны бақытты отбасылар қатарынан деп айтуға әбден болады. Өйткені өрімдей екі қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған олардың айрандай ұйыған өзіндік отбасылық тірлігі бар. Әңгімені таратып айтсақ…

Ойыл ауданының Ш.Берсиев атындағы кеңшарында дүниеге келген Жолберген осы ауылдағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң «Самал» комсомол- жастар бригадасында жұмыс істеді. «Ол кезде мектептен соң комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеу – азаматтық парыз, міндет саналатын», — дейді бұл жайлы Жолберген. Онда екі жыл жұмыс істеп, Отан алдындағы борышын атқару үшін әскер қатарына аттанды. Армиядан келген соң, Гурьев педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсті. Ал зайыбы Ақөрікпен институттың абитуриенті боп жүрген кезінде танысқан.

«Бастапқыда Ақөрікпен жай ғана әзілдесіп сөйлестім. Болашақ жарым болатын шығар деп ойлай да қоймадым. Кейін ұнатып, жақсы көргесін қосылуды жөн көрдім. Оқуды бітіріп, диплом алып, өзіммен бірге ауылға Ақөрікті де ертіп апардым», — дейді ол жастық шағына саяхат жасап.

Жолберген 1964 жылы 1 мамырда, ал зайыбы 1969 жылы 11 мамырда дүниеге келген. Ақөрік Байғанин ауданының «Оймауыт» кеңшарында туып, өскен. Орта мектепті бітірген жылы Атырауға жол тартып, жоғарыда аталған оқу орнында бес жыл оқып, филология мамандығы бойынша бітірген.

«Дипломды ала салып, үй-ішіме айтпай күйеуге қашып кеттім. Ол кезде қазіргідей ұзатып беру деген салт жоқ еді ғой. Артымнан қуғыншылар келген», — дейді ол күліп. Осы сәтте отағасы «иә, сен «өз еркіммен келдім» дегенсің» деп зайыбының әңгімесіне араласты.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы отау тіккен екі жас сөйтіп, мамандықтары бойынша алғашқы еңбек жолын Ойылда бастайды. Екеуі де Ойылдағы Ш.Берсиев атындағы орта мектепте екі жылдай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Кейін екеуі Шұбарқұдыққа қоныс аударып, сондағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарады.

«1992-1993 жылдары қоғамда сондай бір ауыр кезеңдер болды ғой. Ақша құнсызданды. Сол жылы жиған-тергенімізді алып, қалаға кеткен күйеуім қызыма бір ғана пальто сатып әкеп, күлгеніміз бар.

Кейін 1996 жылы Шұбарқұдықтағы бір бөлмелі үйімізді сатып, Ақтөбеге көшіп келдік. Енем сауда кәсібімен айналысатын, үй алуымызға көмектесті. Әрі қарай өзіміз тырбанып, ел қатарлы күнелтіп кеттік.

Басқа отбасылардан бір ерекшелігіміз, студенттік кезден, одан шаңырақ көтергеннен бастап, үйде де, жұмыста да біздің жұбымыз жазылған жоқ. Жолдасым екеуміз жұмысқа бірге барып, бірге қайтатынбыз. Онсыз ешқайда аяқ баспайтынмын. Бірақ кейін қалаға келген соң екеуміз екі жерге жұмысқа тұрдық. Жастығым ба, білмеймін, мектеп директорына барып, жолдасыммен бірге бір мекемеде жұмыс істегім келетінін айтып, өтініш білдірдім. «Бұл мүмкін емес» – деп жауап қайырды. Ал күнұзаққа күйеуімнен бөлек жүру, одан бөлек мекемеде жұмыс істеу маған қиынға соқты. Жұмысқа зауқым болмады. Қоғамдық шараларға да қатыспадым. Қазір күліп еске аламын», — дейді Ақөрік. Саналы ғұмырының көп бөлігін білім саласына арнап келе жатқан ол бүгінде қаладағы «Сымбат» жеке мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді.

Ал Жолберген Ботайұлының еңбек жолына үңілсек, өмір ағымы филологты құқықтық салаға ауыстырыпты. Ол мұны қай бір жылдардағы мұғалім еңбегінің өз деңгейінде бағаланбағанымен, жалақының мардымсыз болғандығымен түсіндіреді. Біраз жылдар бойы ҚР ІІМ Ақтөбе облысы бойынша Жедел қызмет басқармасының құпия бөлімінде қызмет еткен. Қазір қалалық қорғаныс істер басқармасында техниканы есепке алу және тағайындау тобының бастығы.

«Өмір бәзбіреулердің айтқанындай арзан күлкі мен сезімдерден тұрмайды. Меніңше, өмір махаббаттан тұрады». Жолбергеннің пікірі осындай.

Махаббатты адам бойындағы ізгілікпен, игі қасиеттермен байланыстыра қарайтын ол бүгінгі жастардың жақсы көру, ұнату секілді сезімдерді арзандатып алғанына қынжылады. «Қазіргі қоғамда махаббат жоқ деп айтуға болмас, бірақ соны бағалау кемшін. Адамдар, әсіресе, бүгінгі жастар бір-бірін бұрынғы біздің кезіміздегідей жақсы көрмейді», — дейді ол.

Жары Ақөрікке арнап  кезінде өлеңдер жазып, тіпті, суретін де салыпты. «Жолберген студент кезінде өлең жазған. Көбіне той-жиындарда достарымызға арнап, аяқастынан бір-екі ауыз өлеңді шығарып тастайтын. Сурет те салды. Кейін басқа салада жұмыс істегесін бе, әлде өнерді дендеп қумағасын ба, өлең жазбай кетті. Бір өкініштісі, кезінде жазған өлеңдері мен суреттерінің бірі де сақталмаған. Тек менің бейнемді салған бір суреті ғана қалыпты», — дейді Ақөрік.

Оның айтуынша, әкесі де – филолог. Әдебиетті, өлеңді, өнерді жанындай жақсы көрген. Қазақ, орыс классиктерінің өлеңдерін жатқа айтқан.

«Ата-енеммен бірге ата-анама сәлем беруге үйге барғанбыз. «Құдалар келді, алдынан шығып қарсы алайық» дегенде әкем оқыс қылық көрсетті. Құдалары есіктен кіре бергенде Пушкиннің өлеңін аңыратып оқи жөнелді. Өлең болғанда да қандай өлең дейсіз ғой? «Онегиннің Татьянаға жазған хаты». Не істерімді білмей қатты ұялдым. «Мына кісілер келіннің әкесі жынды екен» деп ойлап қалатын шығар деп мазам кетті. Кейін бірақ түсінді ғой», — дейді ол.

Бүгінде екеуі қарапайым отбасы  иелері. Біреуден кейін, біреуден ілгері тірліктері бар. Бір қарағанда біздің қазіргі кей жастарымыз сияқты аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жататын жұбайларға ұқсамайды. Тіпті, бір-бірімен ешқашан ұрыспайтын да секілді.

«Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар» – дейді  Ниса сүресінің 19-аятында шаңырақ құрғандарды үстірттіктен тыюға шақырып. Бас қосқан екі жұптың тырнақ астынан кір іздемей, бір-бірлерінің жаманын жасырып, жақсысын асырып жүруге үндейді. Ал мына екі жұп сондай дерлік. «Біз бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынастамыз», — дейді олар.

Бұл жайында тағы да Ақөрік сөз алып, былай деді:

–  Жалпы отбасында шыныаяқ сылдырламай тұрмайды деген бар ғой. Арасында келіспей қалатын кездеріміз болады, бірақ тым сирек. Мұның бір себебі, жолдасымның  менен бес жас үлкендігінде шығар. Кейде өзінің құрбысына қосылғандардың жиі ұрысып қалып жататынын көріп, жас айырмашылығы болуы керек екен деген ойға қалам. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Сонау студент кезден бері өмірді бірге сүріп келеміз. Шаңырақ құрғанымызға биыл 20 жыл болса, жалпы таныстығымызға 25 жылдай болған.  Екі адамның бірін-бірі танып білуіне аз уақыт емес сияқты.

«Иә, Өрікке сонау студент кезден бері әлі күнге қамқор болып келемін ғой. Айтпақшы, оқуға түскен жылы ауыл жақтан келген бір апай: «Менің де сендермен бірге қызым оқиды. Аты – Ақөрік, сен естиярсың, үлкенсің ғой, ол әлі жас. Сен менің сол қызыма қарап қойсаңшы», — дегені барды. Кейін сол апай енем болғанда барып, мені көріп: «сол кезде-ақ мен қызымды саған өз қолыммен беріп кетіппін ғой» деген еді», — дейді күліп Жолберген.

«Біздің отбасында орынсыз қызғанышқа да жол жоқ» дейді бұл екеу. Отағасының айтуынша, жолдастарымен бірге қыдырып, көңіл көтерген кештерде әр кез жұбайына телефон шалып, қайда, кімдермен бірге екенін айтып отырады. Бірақ өзі айтқандай үйге ешқашан мерзімінен кеш келмеген. «Басқа үйге қонып қалу деген де болған емес», — дейді ол әзілдеп.

Ал әйелі: «Күйеуім әлдеқалай бір жаққа қыдырып кеткенде мен ешқашан «қайда жүрсің?» деп оны орынсыз мазалаған жоқпын. Кешіккен жағдайда менде «ауырып қалмады ма екен?» деген бір-ақ ой тұрады.  Ал басқа бір әйел затынан қызғанып көрмеппін. Күйеуіме сенем, сенімді жоғалтпауға тырысам. Жалпы жұбайлардың бірлігін өзара бір-біріне деген сенім ұстап тұрады ма деймін. Демек, менің күйеуім сенімді ақтай білген жан», — деді.

Әйеліне, отбасына қамқор бола білген Жолберген бірге туған бауырларының да қамын жейтін азамат. Жұбайының оны кейде «ауырып қалмады ма?» деп ойлайтын себебі, қай бір жылы Жолбергеннің жүрек талмасы ұстаған. Жақыны десе жанын шүберекке түйіп, жүгіретін оған о дүниеге бірінен кейін бірі кеткен туған інісінің, анасының, туған күйеу баласының, одан кейін әкесінің қазасы оңай тимеген.

Өзінің айтуынша, өмірінде бір ғана өкініші бар. «Анам ұзағырақ жасағанда ғой» – дейді. Адам баласының жер бетіне «іңгә» деп, шыр етіп түскен сәттен басталатын ана әлдиін аңсауы заңдылық шығар. Қасында жары, бала-шағасы бар апталдай  азаматтың ана ақылын, оның аялы алақанын аңсап тұратыны соның куәсі болар.

Әйтсе де, Жолберген отбасының, қалған бауырларының есендігіне тәубә етеді. Әйтпегенде ше, жастық шағында танысып, табысқан олар бүгінде тату-тәтті отбасы. Үріп ауызға салғандай етіп, аялап отырған қос балапандары бар. Үлкені Білім Әбиева 1991 жылы 25 желтоқсанда туған, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің құқықтану факультетінің 2-курс студенті. Кішісі Айнамкөз 1993 жылғы, қаладағы №24 орта мектептің 11-сыныбында оқиды. Тұңғыштары Білімнің есімін марқұм әжесі Үміт қойған екен. Білімнің арманы — заңгер болу. Ал Айнамкөз адам жанының арашашысы, дәрігер болсам дейді.

Әңгімемізді жеңгейдің өзі түйіндеді: «Демографияға үлес қоса алмай жүрген жәйім бар. Жұмысқа тым беріліп кеткендігім соншалық, отбасыма тағы бір нәрестенің керек екенін ұмытып кетіппін. Алдағы уақытқа үміт артып жүрмін».

Ал жұбайы Ақөріктей жары болғанына, алтын асықтай екі қызының бар екендігіне қуанбаса ренжімейді. Өзін бақытты санайды. Екеудің ендігі тілектері – балаларын жеткізу, қызығын көру.

Кейде қоғам бір қарағанда қарабайыр, адами ізгі қасиеттерден ада қалғандай көрінеді. Бірақ Жолберген мен Ақөріктей жақсы жандарды көріп, айналаңның бір ғана түстен, қара түстен тұрмайтынын ұққандай боласың. Мен бұл екі жұпқа қарап, отбасы, отағасы, отанасы, ұрпақ деген секілді алтын тіндерді асыл бір құндылығындай қадірлей білетін жандардың жоқ емесіне қуандым. Өзара жылы қарым-қатынасына қарап сүйсіндім. Жастарға жақсының үлгісіндей боларлық осындай отбасылар көбейе берсе екен.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button