Басты жаңалықтарЭкономика

Жаңа жобалар мен игілікті істер

Бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би және Хромтау аудандарына барып, әлеуметтік-экономика салаларында атқарылып жатқан бірқатар шаруалармен танысты.  

Жол сапасы — басты назарда

Өңір басшысы алдымен Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылында «Ауыл —  ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан 5 көшенің жұмыс барысымен танысты. Жол жөндеу жұмыстарына аталған бағдарлама аясында 325,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Құрамына 4 елді мекен кіретін округте қазір 3250 адам тұрады.

Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахмановтың айтуынша, бүгінде 7 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Тамыз айының соңына дейін ауылдағы 5 көшенің жол жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Сондай-ақ былтыр 9 көшенің және 3 елді мекеннің шамдары ауыстырылған. Биыл Қызылту ауылына да жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

Облыс әкімі жолдардың сапалы жүргізілуіне баса назар аудару керек екендігін ескертті. Өз кезегінде Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов бұл бағытта жолдардың сапасын бақылайтын арнайы құрылған ұлттық орталықпен келісімшарт жасалғанын атап өтті.

— Бүгінде Қарабұтақ ауылдық округінде 62 шаруа қожалығы мен 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Ауыл тұрғындары мен жолаушыларға 5 кемпинг қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда тағы бір кемпингтің құрылысы басталды.

Биыл Аралтоғай ауылының кіреберіс жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Сондай-ақ бұл ауылдағы интернет мәселесі шешіліп, қазір 104 үйге интернет желісі қосылды. Қияқты ауылындағы Қыналы орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қарабұтақ ауылындағы клуб ғимаратына 70 миллион теңгеден астам қаржыға қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп, жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, — деді Дархан Ермағанбетов.

Биыл Ақкөл ауылындағы «Қонысбай» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салмақ. Шаруашылық басшысы Мұрат Сатмағамбетов: «Биыл 1300 асылтұқымды қой сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазір мал қораларын, малшылардың үйлерін салып жатырмыз. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы құжаттарымызды тапсырдық. Биыл былтырғыжылғы қойдың бағасы айтарлықтай өзгерді. Біз жоспарланған мал басын сатып алуды орындай алмаймыз. Сондай-ақ техника жағынан да мәселелер туындап тұр. Осы жағынан қолдау көрсетілсе деймін», — деді. Бұл мәселені облыс басшысы тиісті мекеме басшыларына анықтауды және шешуді тапсырды.  

Облыстың ірі аграрлық аудандарының бірі үшін суармалы жерлерді көбейту және малды жем-шөппен қамтамасыз ету жұмыстары өзекті болып қала береді. Облыс әкімі былтыр Аралтөбе ауылында реконструкциялау үшін 3,5 миллион теңге бөлінген су қоймасын қарап шықты. Су қоймасының аумағы 800 м3 құрайды.

Бұдан соң облыс басшысы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Жамбыл ауылдық округіндегі «Ай-Ауылым» мекемесіндегі көктемгі егіс жұмыстарымен танысты. Мұндағы биылғы жылғы егістік көлемі — 9 000 гектар.

Сондай-ақ өңір басшысы Т.Жүргенов ауылдық округіне қарасты Талдысай ауылындағы су бөгетіне де соқты. Қазіргі таңда бөгетті қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жөндеу жұмыстары жүргізілген соң,

суармалы жерлерді қолданысқа енгізу және мал азығымен қамтамасыз ету көзделуде.

Биыл екі ауылға газ, төрт ауылға ауызсу беріледі

Оңдасын Сейілұлы аудандық саз мектебінің жұмысымен танысты. Балаларға мәдениет саласынан қосымша білім беретін мекеменің 9 филиалы мен 641 шәкірті бар. Бұрын аудан орталығындағы шағын 4 бөлмелі ескі ғимаратта болған ұжым жарты жыл бұрын ғана жаңа, кең әрі жабдықталған орынға көшкен. Айта кетейік, мектеп тәрбиеленушілерінің республикалық және халықаралық байқауларда жеткен жоғары жетістіктері үшін аталған мекеме ЮНЕСКО клубының одағына кірген.

Мектеп директоры Шолпан Берсүгірованың айтуынша, бүгінде балалардың әсіресе домбыра үйренуге деген қызығушылықтары жоғары. Саз мектебінде 32 оқытушы 5 үйірме бойынша оқушыларға сабақ береді.

Сондай-ақ облыс әкімі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ғимаратының жөндеу жұмыстарын қарап шықты.

— Бұл жұмыстарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Руханият» жобасы аясында кітапхананың жаңарған келбетін көрсету мақсатында қолға алып отырмыз. Кітапхана ішінен кітап оқудың жаңаша бағытын қалыптастыру үшін «Коворкинг орталығын» ашу жоспарлануда.

Сондай-ақ бұл ғимараттың бір бөлігіне аудандық Музей қызметі де қосылып, жаңа залдар ашылмақ. Қазіргі таңда 11 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл қыркүйек айында аяқталып, қолданысқа беріледі, — дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Анар Әбенова.

Бұдан соң аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Оның айтуынша, жыл басынан бері ауданда 420-дан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар 13 жол жобасы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 10-20 шақырымға дейінгі аудандық маңызы бар Светлый-Құмқұдық-Жабасақ автокөлік жолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталатынын жеткізді.

— Аудан тұрғындарын газбен және сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Бүгінде Аралтоғай және Белқопа ауылдарын газдандыру бойынша құрылыс-монитаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Сарат, Толыбай, Ақкөл және Қияқты ауылдарында сумен қамтамасыз ету нысандары салынып жатыр.

Шағын және орта бизнес саласына тоқталып өтсек, «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 46 жоба жоспарланып, қазіргі таңда 9 жоба мақұлданды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша — 5, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 5 жоба әзірленді, — деді аудан әкімі.

Өңір басшысы жұмыс сапары кезінде бірқатар егін алқаптарын да қарап шығып, шаруалардың өтініш-тілектерін тыңдады. Айта кетейік, жыл басынан сәуір айына дейін Әйтеке би ауданында 6 млрд теңгеден астам қаржыға ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.

— Жалпы, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 74 мың гектар аумаққа егін егілсе, 4 500 гектар жерге майлы дақылдар себілді. 500-ден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына 2 448 тонна дизель отыны бөлінді, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімов.

Сапар қорытындысы бойынша Оңдасын Оразалин ауданда ауыл шаруашылығы секторын одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы әрі уақытында жүзеге асыру жұмыстарына нақты тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығында өсім бар

Облыс әкімі түстен кейін Хромтау ауданына барды. Көктау ауылына келісімен «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС қызметімен  танысты. Кәсіпорын 2004 жылдан бері мыс және мырыш рудасы кен орнын игеру бойынша кең ауқымды жұмыстарды жүргізеді. Оның құрамына бүгінде тау-кен байыту комбинаты мен №2 мыс-мырыш рудасын өңдеу фабрикасы кіреді. Мұнда 1600 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорынның жылдық қуаты — 60 мың тонна мыс пен 45 мың тонна мырыш өндіру.
Бұдан соң өңір басшысы Көктау ауылында орналасқан «Сервистік әкімдікті» көрді. Мұнда ауыл тұрғындары бір ғимарат ішінен «Бір терезе» қағидасымен қажет мемлекеттік қызметтерді ала алады.

— Биыл сәуір айында жаңа ғимаратқа көштік. Бұл жерде 6 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Орталықта халыққа барлық қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Кез келген уақтта келіп өзінің қызметін ала алады. Биыл мамыр айында 6 адам жерге арыз берді, — дейді Көктау ауылдық округі әкімдігінің жер қатынастары жөніндегі бас маманы Асыл Еділұлы.

Бұл жерде Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекеттің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды.

— Биыл ауыл шаруашылығы саласында өсім бар. Былтырғы жылмен салыстырғанда сиыр 108,3 пайызға, жылқы малы 131,6 пайызға көбейген. Осы жылы ауыл шаруашылығы бойынша 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Агрофирма Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айына 300 тонна сүт өнімдерін, «Габор» цехы айына 29,1 тонна шұжық өнімдерін шығарып отыр.

Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға да баса назар аударылуда. Мәселен, биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 44 жоба жоспарланып, қазір 27 миллион теңге көлемінде қаржыға 6 жоба орындалды, — деді аудан әкімі.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин жалпы құны 90 миллион теңге болатын 150 орындық жаңа балабақша мен ангар типіндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қарап шықты. Спорт  нысанының құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жоба құны — 188 миллион теңге.

Сондай-ақ облыс әкімі балық шаруашылығымен айналысатын «Kyzylsu Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс барысымен танысты. Мекеме директоры Жұмағали Рысалдиновтің айтуынша, өткен жылы су қоймасына 400 мыңнан астам балық жіберілген. Судың жағасына барлық қажетті құрал-жабдықтар қойылған. Балық өсірудің 5 түрін жолға қойған шаруашылық 50 адамды жұмыспен қамтуды жоспарланып отыр.

Бұдан кейін облыс әкімі Абай ауылдық округіне жол жүріп, «Наурыз» шаруа қожалығына соқты. Қожалық жылына мың гектардан астам жерге егін егеді.

Биылғы жылы дәстүрлі емес құс өсіру бағытында жалпы құны        15 миллион теңгені құрайтын қаз фермасын ашу, сондай-ақ құны 100 миллион теңгені құрайтын 4 жылыжай кешенін салу жоспарлануда.

Сапар соңында Акжар ауылдық округіндегі «АҚЖАР АГРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соғып, мұндағы егіске арналған жаңа техникалармен танысты.

Шаруашылық жылда тұқым қорын жаңартып тұрады. Соңғы 3 жылда дәнді дақылдардың орташа түсімі 10-12 центнерді құрады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Ақтөбе-Әйтеке би-Хромтау-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button