Мәдениет

Көзайым болған киімдер мен бұйымдар

Өткен жұмада Студенттер сарайында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының кәсіби шығармашылық факультеті студенттерінің есептік концерті мен көрмесі өтті.

Киім үлгілерін жасап, тігуді өздерінің ең мәртебелі міндеттері деп түсінген кәсіптік білім мамандығының оқытушылары мен студенттері әуелі ұлттық киім және қазіргі заманғы киім үлгілерін тігу, көркемдеп сәндеу мәселелері жөнінде мәліметтер берді.

Одан соң қолөнер шеберлері мен олардың ізбасарлары дайындаған сән көйлектері мен ұлттық нақыштағы киімдерін көпшілік назарына ұсынып, картиналарын, басқа да қолөнер бұйымдарын көрмеге қойды. Ал 4-курс студенттері өздері әзірлеген қазіргі заманғы авангард үлгісіндегі киімдерді көрерменге тарту етті.

Кәсіптік білім кафедрасының оқытушылары Гүлжан Омарова, Гүлнұр Кенжеғалиева, Гүлшара Құлниязова, Шәрбану Сембаева киіп көрсеткен камзол, кимешек те көрермен назарынан тыс қалмады.

Қолөнер бұйымдарына көзайым болған көрермен І-курс студенттері Айнагүл Өтенова мен Сәуле Шарапханова шырқаған әнді ерекше ықыласпен тыңдады.

Кеш соңында кафедра меңгерушісі Майра Сутеева сөз сөйлеп, кәсіби шығармашылық факультетінің деканы Владимир Просякин: «Ұл-қыздардың өздерінің стилі мен өзіндік формасын іздеп, талғамын таныту – шығармашылық істің бір талабы. Көркем дүниелер мен сәнді киімдерді көріп, біз де қуанып тұрмыз. Жас шеберлер осы жолда тек шыңдала берсін!» – деді.

Он саусағынан өнер тамған шеберлер игі істің басы-қасында жүретін институт ректоры Ғалымжан Нұрышевтың осы мамандықтың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп отырғанын ерекше айтады.

Айна АТАЕВА,

филология факультетінің ІІІ курс студенті.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button