Әлеумет

Пітір садақасы кімдерге беріледі?

Рамазанда бас амандығы үшін пітір садақасын беру — уәжіп. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеледі. Биыл ұн бағасына қатысты аймақтардан алынған мәліметтер негізінде, пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді.

Тұрмысы нашар, артық мал-мүлкі жоқ, тапқан табысы күнделікті ас-суына ғана жетіп отырған жандар садақа беруге міндетті емес.

Пітір садақасы тұрмысы төмен, көмекке зәру адамдарға, сондай-ақ қайырымдылық мақсаттарға жұмсау, яғни мұқтаж жандарға үлестіру үшін мешіттерге беріледі. Бай, мүмкіндігі бар адамдар пітір садақаны ұн бағасы емес, 4 келі құрманың немесе 2 келі мейіздің бағасымен есептеп берулеріне болады. Бір отбасы пітір садақаны бірнеше адамға беруіне немесе бірнеше отбасы пітір садақаларын жинап, бір адамға беруіне де болады. Ең бастысы, көмекке зәру жандардың арасынан ең жақынын (ағайын-туыс немесе көршілер, т.б.) таңдау керек.

Ал мешітке бергіңіз келсе, бірақ арнайылап бара алмасаңыз, kaspi.kz қосымшасын пайдаланып, аударым жасауыңызға да болады.

Қайтыс болған адамдар мен әлі туылмаған, ана құрсағындағы нәрестелер үшін пітір садақасы берілмейді. Бірақ егер сәби Айт күні таң атқанға дейін дүниеге келсе, пітір садақасы беріледі.

Пітір садақасын Айт намазына дейін беріп үлгерген абзал. Биылғы Ораза айт 13 мамырға сәйкес келеді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button