Экономика

Ауыл тұрғындарына арналған гранттар

Жақында ауыл тұрғындарына арналған шағын гранттар конкурсының шарттарын түсіндіруге қатысты вебинар өткізілді. Екі онлайн кездесуге қатысқан шалғай ауылдағытұрғындар 60 жеңімпазға берілетін 500 мың теңгекөлеміндегі гранттыне үшін және қандай бағыттар бойынша алуға болатыны туралы көптеген сұрақтар қойып, мамандардан кеңес алды.

«Ауыл тұрғындарының азаматтық бастамаларын дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы бойынша еліміздің барлық өңірлеріне қырық миллион теңге бөлінеді. Оны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы қаржыландырады және Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйым қауымдастығы жобаны іске асырады.

​ Жалпы 500 000 теңгеден 60 шағын грант қарастырылған. Байқауға ҮЕҰ өкілдері және бастамашыл топтар (кемінде үш адам) қатыса алады. Болжам бойынша ауыл тұрғындарынан елді мекендегі әл-ауқатты жақсартуға бағытталған мыңнан астам ұсыныс түседі. Бірінші вебинарда бизнес-тренер Гүлнәр  Сейітжаппароваұсынған презентациясында тыңдаушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды.

– Біраз нақтылаудан кейін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жобалардың бағыттарын кеңейтті, – деді спикер. – Егер бастапқыда ауыл тұрғындарының цифрлық және қаржылық сауаттылығын, шет тілдерін білу деңгейін арттыруға ғана қаражат бөлу жоспарланса, қазір тақырып ауқымы айтарлықтай кеңейді. Қатысушылар он екі бағыт бойынша гранттар ала алады, оның қатарында ауылдық аумақтарды дамыту; ауыл халқының цифрлық, қаржылық сауаттылығын арттыру,білім беру саласында шет тілдерін білу деңгейін арттыру, денсаулық сақтау саласы, дене шынықтыру және спорт саласындағы бастамаларды қолдау, әлеуметтік проблемаларды, экологиялық проблемаларды (жасыл технологиялар) шешу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәсіпкерлікті дамыту, ауылда жұмыс орындарын құру, кооперацияны, келісімшарттық фермерлікті насихаттау секілді бағыттар бар.

Г.Сейтжаппарова қатысушыларға байқаудың мақсаты – пайда табу емес, қоғамға пайда әкелу екенін түсіндірді. Әрине, мамандардың жалақысына, құрал-жабдық сатып алуға, үй-жайды жалға алуға 500 мың теңгенің белгілі бір пайызын жұмсауға болады.

– Ең бастысы, сіздің шығындарыңыз идеяның мақсаты – ауылды дамыту, оның тұрғындарының әл – ауқаты үшін ақталуы тиіс, – деп бірнеше рет атап өтті жаттықтырушы. Кейбіреулер:”Бұл грантқа мал сатып алып, дүкен ашуға бола ма?” –  деген сұрақ қойды.“Жоқ, мұндай бағыттар жобада көрсетілмеген. Халыққа шаштараз, ателье қызметтерін көрсетуге, монша, наубайхана, массаж немесе медициналық кабинеттер ашуға, тіл үйрету курстарын ұйымдастыруға, күн батареяларын, жел генераторларын орнатуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысуға болады. Грант қайтарымсыз екенін есте ұстаған жөн, бірақ қажетті қаржылық құжаттарды ұсына отырып, шығындар туралы есеп беру қажет”’ – деді бизнес-тренер.

Екінші вебинар жексенбіде ұйымдастырылды​. Жобаға қатысқан ауыл тұрғындарына бұл жолы тәжірибелі бизнес-тренир Ақтоты Тасымбетова кеңес берді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button