Тұлға

Батырға ескерткіш орнатылды

Бүгін Баукеңнің туған күні!

Желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Бауыржан Момышұлына ескерткіш тұрғызылды. Жаңа ескерткіштің ашылуына даңқты жауынгер-жазушының ұрпақтары, замандастары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, Алматы қаласы әкімінің орынбасары қатысты.
Бұл күн — бәрімізге ортақ, бұл қуаныш қазақтікі. Ескерткіш деген сөздің түбіріне қарасаңыздар, онда еске алу, ескеру, өткенді ұлықтау деген ой жатқан жоқ па?! Мына жалғанда бір-біріңді сыйлап өтіңдер дегенді меңземей ме?! Міне, көптен күткен ескерткішті аштық. Бұл тас пен қола ғой… Қыстың күні алақаныңды тасқа қойсаң суық. Әкеміздің мінезі де сондай еді. Алақаныңды сол таста ұстап тұрсаң, бірте-бірте ол жылына бастайды. Әкеміздің жүрегі де осындай болатын. Мына ескерткіш бүгін халықтың ықыласына бөленіп, шуағына шомылып тұр, — деді Бақытжан Момышұлы.  Бұдан соң ол жекелеген ауылдар мен аудандардың, облыстар мен өлкелердің батыры болмайтындығын айтты.

Тек ел мен халықтың, ұлттың мақтанышына айналатын перзенттер болады. Осы асылдардың басын ардақтау, еңсесін түсірмеу — елдігімізге сын, ұрпаққа аманат, — деді Бақытжан Момышұлы.

Жиында сөз алған батырдың келіні Зейнеп Ахметова:

Атамыздың өмірінің көп бөлігі Алматыда өтті. Алматыда бақилық болды. Қабірі де осында. Ұрпағы да осында өсіп жатыр. Алматыда ашылған атамыздың ескерткіші бізді көп жылдар бойы көксеген арманымызға жеткізді. Жоқтың орны толды. Ризамыз! — деді.

Батырдың: «Әділеттік қашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді» деген сөзі бар. Бауыржан Момышұлына Алматыда ескерткіш қою туралы Үкіметтің тұңғыш қаулысы сонау 1989 жылы шығыпты. Содан кейін араға бірнеше жыл салып қалалық мәслихаттың қаулысына қол қойылады. Қағаз жүзіндегі «шаруалар» батырдың 100 жылдығына дейін созылып, содан соң ғана нақты іске көшуге қам жасалған.

Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан соғылған. Авторлары елге есімі белгілі шеберлер: Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев.

— Бұл тас тұлға-бейне тек Бауыржан Момышұлы секілді ұлт мақтанышына ғана қойылып отырған жоқ. Бұл ескерткіш — Ұлы Отан соғысындағы от пен оқтың арасында қан кешкен барлық қазақстандық жауынгерлерге де жасалған тағзым. Панфиловшылар саябағы алматылықтардың ең көп келетін, ардагерлердің мерекелерде жиі жиналатын сүйікті орны. Сондықтан, ескерткіштің осында бой көтергені заңды, — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов.

Ескерткіштің ашылу салтанатында Б.Момышұлы атындағы республикалық мектеп-интернаттың шәкірттері, республика Ұланының сарбаздары сап түзеп, жиналған қауымға құрмет көрсетіп тұрды.

***

Мектебімізге батырдың аты берілсе

дейді №33 мектептің  ұжымы мен ата-аналар

Москва шағын ауданында орналасқан №33 қазақ орта жалпы білім беру мектебінде 2006-2007 оқу жылында Бауыржан Момышұлы атындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы құрылған болатын. Клубтың ережесі бойынша 5-11 сынып оқушылары оған ант қабылдай отырып, мүшелікке қабылданады. Оқу үлгерімі мен тәртібі де қатаң ескеріледі.

Баукеңнің атын иеленген клуб мүшелері қай істе де батырға ұқсауға тырысады. Мектепішілік саптық ережелер байқауына әр сыныптың жасағы белсене қатысады. Соның нәтижесі болса керек, қалалық саптық ережелер байқауында соңғы үш жыл көлемінде мектеп бас жүлде мен бірінші орынды бермей келеді. Әскери оқу орындарына барып тұратын оқушылар жыл сайын сол оқу орындары және  әскери комиссариат мамандарымен кездесулер өткізіп тұрады. Жеңіс күнінің қарсаңында  соғыс ардагерлерінің отбасыларына көмектесу дәстүрге айналған.

«Жас ұланның» ересектер тобы жазғы демалыста көршілес Орынбор облысы, Орск қаласында өткен әскери-патриоттық клубтар слетінде Қазақстанның намысын қорғап, бірнеше дипломдарға ие болды. Ал орта буын Ақтау қаласында өткен «Алау» әскери спорттық ойынында екінші орынды иеленді. Ал былтыр Ақтөбеде өткен патриоттық және спорттық клубтардың тұңғыш слетінде  «Жас ұлан» үздік шықты.

Мектепте Бауыржан Момышұлына арналған мұражай жинақталып жатыр. Баукең туралы облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген дүниелердің бәрін сол жерден табасыз.

Мектептің әрбір оқушысы «Жас ұланның» қатарына өтуді өзіне мәртебе санайды екен.  Тіпті мектепте әскери қызметке қызығушылар саны күрт артыпты. Мысалы, мектептің 7 түлегі Баукең таңдаған мамандықтың «соқпағына» түсіпті. Оның бірі Түркияда әскери оқу орнын бітіріп, Атыраудағы әскери бөлімдердің бірінде еңбек етіп жатыр екен.

Ертең даңқты батыр Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осы датаға орай, мектепте  жақында қызық бір кездесу өтті. Оған Баукеңнің көзін көрген ақсақалдар һәм қаламыздағы Бауыржан есімді белгілі азаматтар қатысты. Ұлы Отан соғысының ардагері Әлихан Дандаев пен Хромтау ауданы Бөгетсай ауылынан арнайы келген Серікбай Шәкеев ақсақалдар батырмен қалай кездескендерін қызықты етіп әңгімелесе, ал «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахандар өздерінің батыр есімін иеленгендерін мақтаныш тұтатындарын айтты. Қонақтарға «Жас ұлан» әскери-патриоттық тобы өз өнерлерін көрсетті.

Қазақстанның батыс өңіріндегі бірде-бір оқу орнына Бауыржан Момышұлының есімі берілмеген екен. №33 қазақ орта жалпы білім беру мектеп ұжымы мен ата-аналар осы білім ошағына батырдың есімін беру жөнінде тиісті орындарға арнайы өтініш түсіріпті. Енді жауап күтіп отыр. Қазақстанның әрбір облысында батырдың атындағы білім ошағы болуы керек деп есептейтін мектеп директоры Бауыржан Есенғали: — «Москва үшін шайқас» романы иесінің есімі Москва шағын ауданындағы мектепке берілсе құба-құп болар еді», — дейді. Әрі біздің мектебіміз Бауыржан Момышұлы атына әбден лайық деп отыр. Оқушылар мен ата-аналар да осындай пікірде.

Ендігі сөз — құзырлы орындарда. Шынында да, біздің қаламызда Баукеңнің есімін иеленген мектеп болса, бәріміз үшін мәртебе емес пе?!

Бек СҰЛТАН.

***

Бауыржан Момышұлымен кездесу

Бауыржан Момышұлымен кездескенім дәл қазіргідей есімде. 1973 жылдың тамызы болатын. Сарыағаш сауықтыру санаторийіне емделуге барған едім.  Баукең сол шипажайдың бас ғимаратында орналасыпты. Білуімше, «Наша семья» еңбегін жазып бітірмекші екен.

Күнде кешкілік сағат 18-де саябақта демалуға шығады. Біз, демалушылар, Баукеңнің мазмұнды әңгімесін тыңдау үшін осы сәтті асыға күтеміз. Бірде ол Кубаға сапары туралы айтып берді. Кеңес үкіметінің тізгіні Н.Хрущевтің кезінде Мәскеуге Фидель Кастро келген екен. Ол «За нами Москва» кітабының бас кейіпкерін  Кубаға жіберуін сұрапты. Сөйтіп, Баукең жолға жиналып жатқанында біреу Дінмұхаммед Қонаевтың атына арыз жазыпты. «Бауыржан мейірімсіз, қатыгез, 6 қатын алған, баласына көңіл бөлмейді». Арыз мазмұны осыған саяды. Дінмұхаммед Қонаев арызды тексеруді  сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің саяси-идеология бөлімінің меңгерушісі Имашевқа тапсырады. Бауыржан Момышұлы түсініктемені арабша жазып беріпті.

— Көп ұзамай мені Дінмұхаммед Ахметұлы Орталық партия комитетінің бюросына шақырды. Маған жылы ілтипат білдірді. Ол бюро мүшелеріне: «Жолдастар, Баукең туралы арыз жалған екен.Тексеру қорытындысы осыны айғақтайды», — деді, — деп Баукең әңгімесін аяқтады.

Баукең Индонезияға сапары кезіндегі бір оқиғаны айтып берген еді. «Қонақүйде едім. Номердің есігі қағылды. Екі қазақ жігіті: «Ассалаумағалейкүм, Бауыржан аға! Осында келгеніңізді естіп, Сізге сәлем беріп, ел-жұртты сағынған сезімімізді білдірейік деп келдік», — деді. Жөн сұрадым. Олар Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқында болып, Индонезияда тұрақтап қалған екен.

«Елге не айтасыңдар?», — дегенімде: «Реті келсе, елге қайтуға көмектессеңіз», — деді. ««Үмітсіз — шайтан». Елден күдер үзбеңдер дедім», — депті Баукең.

Пысықай жігіттердің бірі: «Бауке, Сіз көп елдерге барасыз. Неге қолыңызға әдемі таяқ ұстап жүрмейсіз?», — деп еді, әлгі жігітке: «Мен кіммін?», — деп Баукең қарсы сұрақ қойды. Жігіт күмілжіп, жауап бере алмады.

— Мен — қазақпын! Мынау таяқ — қазақ жерінде өсетін алма ағашынан жасалған. Міне, бұтағына дейін шығып тұр. Осыдан артық қандай таяқ болушы еді. Бұл таяқтың қасиеттілігі сол — қай елге барсам да менің елімнің — қазақ жерінің табиғатын, тіпті тарихын таныстырады. Ертеде таяқ қорғану құралы болған.

Егер мен сені осы таяқпен ұрсам, таяқ жейсің, мына бұтағы етіңе жарақат түсіреді, — деді Баукең.

Бір суретші демалушылардың Баукеңмен бірге суретке түскен суретінің жоғары жағына «Бауыржан — халық батыры» деп жазыпты. Сөйтіп, суреттің бір данасын Баукеңе берген.  Мұны көріп Баукең: «Маған бұл атақты сен бердің бе? Мұның ұят болады. Келесіде қайталама!», — деп суретті суретшіге қайтарып беріпті.

Менімен бірге бір палатада демалған Жусанбай Көдебаев (Алға қаласындағы химкомбинатта жұмыс істеген) Баукеңе:

—    Біз Ақтөбе облысынан келіп едік. Сізбен бірге суретке түскіміз келеді, — деп еді. Баукең:

—    Кет-ей, қортық, қолтығыма келмейтін, — деп қайтарып тастады.

Баукеңмен бірге қалай суретке түсу керектігін ойлап, ақыры бір амалын тауып қуандым. Демалуға қыздарыммен келгенмін. 13 жасар Айшаны қолынан жетелеп:

— Атасы, мына балаң Сізбен суретке түсем деп, мазалап тұр, — деп қасына бардым.

Баукең Айшаға:

—    О, айналайын, кел бері, — деп басындағы құндыз бөркін қызыма кигізіп, қолына таяғын ұстап, суретшіге:

—    Мен қандай эпизод жасаймын, соны түсір, — деді.

Сөйтіп, Баукең баламды құшақтап, бетінен сүйді. Даңқты батыр мен қызымның суреті төрімде ілулі тұр.

Жоғарыда айтқан алғалық Жусанбай Көдебаевты Баукең кейін қасына шақырып алып:

—    Әй, сен қортық деген сөзге ренжімедің бе? — деп сұрады, —  Кел қасыма отыр деп, қасына отырғызып, жолдасымның басындағы қалпағын алып, лақтырып жіберді. «Ой, басың таз екен ғой», — деп оны екінші рет «өлтірді». Сосын басындағы құндыз бөрікті Жусанбайдың басына кигізді. Қалжыңдасып тұрғанын пайдаланып, Баукең отырған скамейканың артқы жағына тұра қалдық.

Баукеңмен бірге суретке түсу туралы тілек осылайша орындалды.

Әлихан ДАНДАЕВ,

соғыс және еңбек ардагері,

Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button