Мәдениет

Сатира саңлағының кеші

Кеше Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда көрнекті сатирик-жазушы, жерлесіміз Үмбетбай Уайдиннің 75 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтілді. «Сырымды айтайыншы» деген атпен өткен әдемі кеште облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, темір тұлпар сыйға тартты. Мерейтой иесін «Ақтөбе» газеті де арнайы барып құттықтады.

Өзінің мерейтойын туған жері — Ақтөбесіне кеп, атап өткен жазушының кешіне ел ағалары, қаламгер ардагерлер, жалпы өнердің жанашыры саналатын көзі қарақты оқырман қауымы көп жиналды. Кешті ақын, көсемсөзші, «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС-ның директоры Мейірхан Ақдәулетұлы жүргізді.

Кешке жазушы Сейіт Кенжеахметов, сатирик Көпен Әмірбек арнайы келді. Олар Үмбетбай Уайдиннің қазақ сатирасындағы өзіндік жолы, өмірдегі адами болмысы жайлы жылы лебіздерін айтты.

Сахнаға «Үмбетбайдың жақсы жағын емес, жаман жағын айтамын» деп шыққан жазушы Сейіт Кенжеахметов өз ойын былай деп жеткізді:

Үмбетбай Уайдин — сатираның майын қанып ішкен адам. Қазақ сатирасының негізін салушылардың бірі. Ол тілі уытты көптеген шығармаларды дүниеге әкелді. Қазақ сатирасының алтын қоры деуге де болады.

Ал, сатирик Көпен Әмірбектің айтуынша, Үмбетбай Уайдин сатирадағы, жалпы жазу әлеміндегі ұстазы.

Жиырма бес жасымда саяси-сатиралық «Ара» журналына фельетоншы боп орналастым. Үмбетбай ағам бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары. Тiкелей бастығым. Алғашқы фельетонымды уытты тiлмен жаза алмай, әбден әуреге түстiм. Жазғаным жарамайды. Редактор белден бiр сызады да, «Қайтып жаз» деп белгi соғады. Барымды салып шұқшыңдаймын. Тағы да жаратпайды. «Өткiрлей түс!» дейдi. Сөйтіп, не керек, «менен түк шықпайды» деген шешiмге келдiм де, отыра қап, жұмыстан шығу туралы арыз жаздым. Мұныма Үмбекең жымиып қарады да, менің жазғанымды өзі жазды. Соңына менiң аты-жөнiмдi қойды. Ал мен машинкаға бастырып, ұялмай-қызармай өз атымнан редакторға үшiншi рет ұсындым. «Е, мынауың жақсы дүние екен. Сендерге ұрыспай жүр екенбiз ғой. Сонда ғана жақсы жазады екенсiңдер ғой!» деп редактор ризашылық бiлдiрді.

Мiне, менiң алғашқы фельетонымның тұсауын кескен қазақтың мүйiзi қарағайдай сықақшысы, қамқоршы ағам Үмбетбай Уәйдаұлы жетпiс бес жасқа келіп отыр.

Үмбекең — қашан да қолынан қаламын тастамаған еңбекқор адам. Сондай еңбекқорлығының арқасында шығар, көптеген шығармалары жинақталып, басылып шықты.

Үмбекең — менің талант-қарымымды шыңдаған бірден-бір адам, ұстазым. Бәлкім, маған кезінде қамқорлығын көрсетіп, жол сілтемегенде сатира әлемінде қалмас па едім, кім білсін. Сондықтан, Үмбетбай Уайдин мен үшін қаламы қарымды сатирик қана емес, көреген ұстаз, қамқор ұстаз. Жаны таза, адал жан. Біреуге жалпақтауды, жағымпаздануды білмейді. Бойындағы парасаты ондайға жібермесе керек.

Сатирик Төрежан Мәндібаевтың айтуынша, Үмбетбай Уайдин Қожанасыр сынды адам.

Бұрынырақта сатира дегенде Асқар Тоқмағанбетовті білуші едік. Кейін Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдиндер соның көшін жалғады. Үмбетбай Уайдинді қазақ сатирасының сәнін келтірген, аяғынан тік тұрғызғандардың бірі деуге әбден болады. Үмбетбай соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосты Мен өзім Үмбетбайды Қожанасыр сияқты адам дер едім. Әр сөздің астарынан юмор іздейді. Өзіндік орны бар қаламгер.

Қайтемін сол өзімді-өзім түсіндіріп,

Баяндап тұрған жоқ па түсім күліп?

Болмаса леп шығарған дұрыс па әлде,

Құпиям кетпеу үшін ішімде еріп?

Қазақтың таңбасымын – айдан анық,

Халқымсыз сөз сөйлеймін қайда барып?

Ашылсам ашылайын бүгін мынау

Мінбесін жетпіс бестің пайдаланып, — деп жазған сықақшы ағамыздың өзі: «Бала кезде, жас кезде 50 жастың өзі жердің түбі сияқты еді. «Шауып өткен баладай» елуің де, алпыс, жетпісің де артта қалды» дейді.

Ал өмір дерегіне үңілсек, Үмбетбай Уайдаұлы 1935 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Темірастау кеңесінде дүниеге келген. Тырнақалды өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде Ырғыз аудандық «Колхозшы» газетінде жарық көрген.

1960 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл Фараби) Қазақ Мемлекеттік Университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Әр жылдары Қазақ радиосында, «Ара-Шмель» журналында, «Өнер» баспасында, Әл Фараби атындағы Қазақ ҰУ-де ұстаздық еткен.

Көрнекті сатирик-жазушының қаламынан туған дүниелер бүгінде қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылып отыр.

«Біреулер бақыттың ішінде жүріп, өздерін бақытсыз сезінеді. Бақытсыздыққа тап болғанда барып, бақытын іздеп, өкіріп-бақырады» деген жазушы кеште залға жиналған көрермендердің бірқатар сұрағына жауап берді.

«Сіз бір қарағанда ешқашан ашуланбайтын сабырлы адамға көп ұқсайсыз. Қатты ашуланатын сәтіңіз жиі болмайтын шығар? Ашуыңыз қатты ма?» деген сауалға «Оны үйдегі апайларыңнан сұраңдар» деп әзілмен жауап қайырды. «Бірақ ел, жер намысына қатысты мәселелерде ашуланбай тұра алмаймын» деді.

Тағдырдан көресіні көріп, өсіп, көкейіндегі намысты азамат болу арманын бұйдалаған сатириктің бүгінде жиырмадан астам еңбектері бар. Шығармаларының арқауын адами имандылық, мәдениет пен адамгершілік иірімдері құрайтын «Қара көзілдірік», «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Оңашадағы ойлар», «Сырымды айтайыншы» және тағы да басқа жинақтары соның куәсі.

Бірқатар сатиралық шығармалары орыс, украин, өзбек, қырғыз, қарақалпақ тілдерінде жарық көрген. Өзі бірнеше орыс сатириктерінің шығармаларын сол тілдегі педагогикалық еңбектерді ана тілімізге аударған. Сықақшының сатиралық шығармаларын Лидия Кәденова, Мейірман Нұрекеев, Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты өнер шеберлері республикалық сахналарда орындаған.

Мерейтой кешін көпке танымал Света Айтбаева, Жадыра Арыстанова, Марат Жанғазиев сынды әншілер әсем әнмен өрнектесе, «Екі езу» сықақ театрының әртістері жазушының «Қонақ мәселесі» атты сықақ әңгімесін көрермен назарына ұсынды.

Бұлтты да, бұлтсыз өтті күн,

Көнерді көйлек көптеген.

Тым ұзап кеттік көктемнен,

Көрінбей қалды Көктөбе, — деп жазған жазушы кеште Жаратқанның өзіне берген ең асыл сыйы — сабыр деп білетінін айтты.

«Сыртта, шетте дүниенің қай түкпірінде жүрсе де азаматтардың бір құлағы туған жерде ғой. Біз де солай, құлақ-көзіміз теле-радиода, газетте. Басылымдар бетінен Ақтөбе жайында жақсы сөзге көзіміз түссе, қиып алып қоямын. Байқауымша, Ақтөбе аймағы абыройлы», — деді мерейтой иесі.

75 жасқа келген мерейтойында өзінің туған жерге деген сезім-сағынышымен Үмбетбай ағамыз осылай бөлісті.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button