Білім

Ұстаз ұлағаты

Ілгеріге бағыт сілтеп, жанашырың, ақылшың болып жүретін ұстаздың орны қашанда бөлек. Бүгінде тоқсан жастың төріне шыққан Жәния Нұржанқызының өмір жолы — өрісі мол өнеге, тұнып тұрған тағылым.

Жақында осы ерекше тәлім иесінің «Жүрегімнің жылуы — жастарға» атты еңбегі жарыққа шықты. Шынында да, жиырма жыл мектепте, одан кейін қырық жылдан астам жоғары оқу орындарында шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген тәлімгердің жас буынға айтары да, берері де аз емес.

Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте соғыстың отты жылдарында білім алған ол Алдан Жарылғапов, Бердібай Баудияров, Орда Дайрабаев секілді алғашқы буын ұстаздардың алдынан өтеді. Мектеп бітірген бойда Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы қыздар педагогикалық институтына келіп түскен ол кейіннен Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы институтта да оқиды.

Жәния Нұржанқызы — шәкірттерге тәлім бере жүріп, өз білімін де жетілдіруді, ізденісті тоқтатпаған адам. Мәселен, Мәскеудегі КСРО Педагогикалық ғылым академиясының жанындағы білім жетілдіру институтында үш мәрте курста болып, атақты академик, профессорлардың тартымды лекцияларын тыңдайды. 1984 жылы сонда «Қазақ мектебінде ана тілінде есімдікті оқыту» тақырыбында ғылым кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды.

Әрине, айта берсе ұлағатты ұстаз асқан асулар аз емес. Сол өрнекті өмір жолдарының тәлім-тағылымдары аталған еңбекте кеңінен баяндалады.

Автор бір сәт ұстаз мәртебесі туралы толғанады. Енді бір тұста «Ана тілі — ардағым» деп тебіренеді. Ұстазды имандылық, ізгілікті қарым-қатынас мәселелері де ойландырады. Сондай-ақ қыз парасаты туралы ой-пікірлері өзі де бала өсіріп, немере сүйіп отырған ардақты ананың болашақ ұрпақ тәрбиесіне деген шынайы жанашырлығын білдіреді.

Ал «Тұңғыш қазақ тілі ғылымына үлес қосқан Құдайберген Жұбанов» атты мақаласында лингвист ғалымның сан қырлы талантын зерттеу маңыздылығына тоқталып, ізденушілерге бағыт-бағдар сілтейді.

Сондай-ақ кітапта ұстаздың бірге қызметтес болған, бүгінде өмірден өтіп кеткен әріптестері туралы жазған жылы лебіздері жан жылытады. Ал өз ізімен шәкірт тәрбиелеп, ғылым жолында көпке танымал болған, қазіргі уақытта қатарда жүрген кезекті буын өкілдері жөніндегі ойлары үлкеннің ізеті, кішіге жасаған құрметі іспеттес.

Түйіндеп айтқанда, аталған еңбектен ұстаз ұлағатын молынан сезінесіз. Кітаптың құндылығының өзі осында.

Өткен жылы ғана Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медаліне ие болған Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі Жәния Нұржанқызының тәлімі алдағы уақытта да талайға үлгі бола берері сөзсіз.

Н.ДОСТАНОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button