Экономика

Істің көзін тапсаңыз…

Кәсіпкерлердің жай-күйі

Ел экономикасы үшін шағын және орта бизнестің маңызы өте жоғары. Соның ішінде кәсіптің осы түрлері бірқалыпты дамып келе жатқан Мәртөк ауданының кәсіпкерлері бүгінде індеттің кең таралуы салдарынан жұмыстарының нағыз қыза түсетін шағында көздеген табыстарынан қағылып отырған жайы да бар. Әрине, оңай емес. Күнделікті кіріс көзі тұралап қалған жандардың көпшілігі қаулы талаптарына мойынсұнуға мәжбүр. Десе де арасында бір теңгесін екі етемін деп жанкештілік танытып жатқандарды да көріп жүрміз. Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың осы және өзге де мәселелерімен танысып, оларға жасалып жатқан қамқорлық жайын да сұрап білген едік.

Осы мәселелерге байланысты аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Светлана Сатаевамен тілдесіп, бірқатар сауалдарымызға жауап алған едік.

— Өздеріңізге белгілі, елімізде белең алған қауіпті індет барша халықты алаңдатып отыр. Осы ретте аудан кәсіпкерлері де карантин режимін қатаң сақтауды қолға алды,— дейді ол. — Айта кететін жағдай, бағаның тұрақтылығын бақылап, оның орынсыз өсуіне жол бермеу мақсатында аудандағы дүкендерге арнайы топ мониторингтік бақылау жүргізіп отырады. Онда азық-түлік тауарларының бағасымен танысып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз көтермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бақылау нәтижесінде облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін бекіту туралы арнайы қаулыға сәйкес бақылағанда аудандағы кейбір тағамдардың бағасы көтеріліп тұрғаны байқалды. Бұл келеңсіздікті жою үшін дүкен иелеріне ескертулер жасалды.

Кәсіпкерлік бөлімі жетекшісінің айтуына қарағанда, кәсіпкерлермен жасалған меморандумның аясында облыс орталығынан әкеліп сататын тауарларға 10-15 пайыз ғана үстеме қосылуы тиіс.

Аудан орталығына Ақтөбе қаласындағы азық-түлікті тұрақтандыру қорынан 75 тонна картоп, 15 тонна пияз, 15 тонна сәбіз, 15 тонна қырыққабат өнімдері кәсіпкерлердің қатысуымен жеткізілуде.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімі әр апта сайын 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта сауда орындарында өнімдердің барлық түрлері бар.

Жалпы айтқанда, облыстағы басқа аудандармен салыстырғанда сұранысқа ие тауарлар мен тағамдардың бағасы Мәртөк ауданында төмен екендігін білдік.

Аудан бойынша 5 дәріхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда дәріханаларда дәрілер мөлшері мен бағасына қатысты бақылау тұрақты жүргізіліп тұр, сәйкесінше бағалар тұрақты. Бүгінгі күні ауданда дәрі-дәрмектің де тапшылығы жоқ.

Мемлекеттік бағдарламалар көмегімен

«Қарапайым заттар экономикасы» бағыты бойынша ауданға берілген жоспарға сәйкес 10 жоба бекітілді. Бүгінгі күні бұл бағдарлама бойынша 1 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Родниковка ауылдық округіне қарасты «Еңбек» шаруа қожалығы 386 миллион теңгені игеруді көздеп отыр.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 20 жоба бекітіліп, қазіргі таңда 1 жоба жүзеге асты.

— «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының бір бағыты — қайтарымсыз гранттар.  Бұл ретте аталған қолдау кәсіпкерлердің жоғары қызығушылығын тудыруда,— дейді Светлана Сатаева.

Бір кәсіпкер үшін қайтарымсыз грант сомасы 2 миллион теңгеден  5  миллион теңгеге дейінгі мөлшердегі қаржыны құрайды. Ауылдық жерлерде іске асырылатын жобалар экономиканың басым бағыттары  шеңберінде іріктелетін болады. Бұған дейін салалық шектеулер қарастырылмаған болатын. Енді монша, шаштараз, дүкен сияқты жобаларды игеру бойынша кәсіпкерлер аталған жобаға қатыса алмайды. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдіктер бар, осы санат үшін 10% өз қаражатымен қоса  қаржыландыру қарастырылмайды.

Мәртөк ауданы бойынша жалпы көлемі 10 миллион теңге қолдауға 3 кәсіпкер ие болып отыр.

Олардың қатарында «Іңкәр» жеке кәсіпкерлігі иесі Әсел Қожашева «Қатты-тұрмыстық қалдықтарды одан әрі сату үшін жинау, сұрыптау және қайта өңдеу» жобасын іске асыруға 5 миллион теңге грантқа ие болды.

Ал «Тукушева Венера» ЖК «Ательені кеңейту» жобасын іске асыруға 2,0 миллион теңгенің игілігін көрмекші.

Сондай-ақ «Сәденов Болат Құсайынұлы» ЖК «Тоқыма өңдеу» жобасын іске асыруға 3,0 миллион теңге мемлекеттік грант алады.

— Биылғы жылы кәсіпкерлерді, яғни шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 140 миллион теңге бөлініп, конкурсқа  құжаттар қабылдау тамыз айына жоспарланып отыр. Сол себептен талапкерлердің бағдарламаға сай жобалардың  бизнес-жоспарын дайындап, «Атамекен» палатасынан оқу курстарынан өтіп, конкурсқа қатысуға дайындалуға уақыты бар екендігін айтқым келеді, — дейді сұхбаттасымыз.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін  арттыру мақсатында бағдарламаға көптеген жеңілдіктер енгізіліп отырғаны да жақсы жаңалықтардың бірі. Солардың қатарында 20 миллион теңгеге дейін кепілсіз портфельдік микрокредиттер беру қарастырылған. Мұнда «Даму» қоры несие сомасының 85%- ына кепілдік береді, қалған 15%-ы сатып алынатын жабдық есебінен қамтамасыз етіледі немесе банктің қалауы бойынша кепілдер мүлдем сұралмауы мүмкін. Бұл ретте субсидиялау туралы шешімді банк «Даму» қорының қатысуынсыз дербес қабылдайды.

Қысқасы, кәсібін дамытамын деушілерге мемлекеттік қолдаудың икемді түрлері көбірек ұсынылуда. Ең бастысы, ілгері ұмтылу, істің көзін табу болып отыр.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button