Білім

Ұлағатты ұстазға арналды

Оқу бұрышы

«Оқуға құштар мектеп, оқуға құштар ұлт» жобасы аясында М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында оқу бұрышы ашылды. Шара аталған білім шаңырағының директоры қызметін атқарған Мақсот Құсайыновтың туғанына 85 жылдығына орай өткізілді. 

Жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан, М.Құсайыновтың зайыбы мен ұрпақтары, мектеп-интернат түлектері, оқушылар қатысты.

Шараның мақсаты — оқушылардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ педагогика саласына үлкен үлес қосқан Мақсот Құсайыновтың еңбек жолын насихаттау.

Облыстың бас педагогі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алған  «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңыздылығын айтты. Жолдас Батырхан балаларға жан-жақты білім мен тәрбие беру мақсатындағы келелі іске ұйытқы болған мектеп түлектері мен ұстаздарға шығармашылық табыс тілеп, мектеп кітапханасына кітаптар сыйлады.

«Оқуға құштар мектеп» бұрышында ұйымдастырылған  «Ашық кітапханада» оқу бағдарламасында бар барлық көркем әдебиеттер, сондай-ақ басқа жанрлардағы кітаптар да жүктелді. Соның арқасында кез келген уақытта, кез келген жерде сүйікті кітабыңызды оқи аласыз, — деді мектеп директоры Нұрбек Аманов.

Мектеп-интернаттың  өзін-өзі басқару ұйымының президенті, «Елбасы медалінің» қола медаль иегері, республикалық «Абай оқулары» байқауының жүлдегері  Бауыржан Жақсылықов «Ашық кітапхана» жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ ол  «Кітап —  серігім» арнауын оқыды. Облыстық және республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жобалар мен шығармашылық сайыстардың  жеңімпаздары Жансұлу Әбидолла ағылшын тілінде, Әйгерім Қалжігітова орыс тілінде оқыған кітаптары туралы ойларымен бөлісті.

Жиында мектеп-интернаттың 1989 жылғы түлегі, грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азиялық күрес кеңесі президентінің кеңесшісі  Қайыржан Бекенбаев сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

Айта кету керек, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері» иегері Мақсот Құсайынов шалғайдағы малшылар мен ауыл еңбеккерлерінің балаларына арналған мектеп-интернатты «Ақтөбе облыстық дарынды балалар мектеп-интернаты» статусына өзгертуге үлес қосты. Ол — үздіксіз ізденістер мен жаңашыл бастамалардың нәтижесінде 1991 жылы республикада алғаш болып «Дарынды балаларды саралап оқытудың тұжырымдамасын» қорғап, тәжірибеге енгізді. Бүгінде Мақсот Құсайыновтың шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі үшн қызмет етіп жүр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button