Денсаулық

Рүстем ИСАЕВ: Бұл толқын мамыр айының ортасына дейін жалғасуы мүмкін

Облыс қызыл аймақта тұр. Күн сайын жүздеген адам індет жұқтырып жатыр. Қазір коронавирусқа шалдығып, үй карантинінде отырғандардың саны төрт мыңнан асты. Соңғы тәулікте бес адам індеттен көз жұмды. Жыл басынан бері 59 адам коронавирустан қайтыс болған. Қазір инфекциялық ауруханаларда 606 адам ем қабылдауда.

Індеттің беті қашан қайтады?  Вакцинациялау жұмысы қалай жүруде? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевпен осы мәселелер жөнінде әңгімелестік.

— Облыста эпидемиологиялық ахуал қалай?

— Наурыздың онынан бастап вирус жұқтырғандардың саны өсті. Көрсеткіш күн сайын өсуде. Мәселен, соңғы тәулікте жедел жәрдем бекетіне 985 адам хабарласса, оның 35-і коронавирусқа, 33-і пневмонияға шалдыққан. Қазір жансақтау бөлімінде 39 адам жатыр. ПТР-тест арқылы коронавирус анықталған 4482 адам үй карантиніне алынды. Оның ішінде 107 бала бар. Оларда ауру белгілері жоқ. Сондықтан он төрт күн бойы үйден шықпауы керек. Соңғы бір аптада індет жұқтырып, үй карантиніне алынғандардың саны екі мың адамға көбейді. Қазір ауруханалардың елу пайызы науқасқа толды. Барлық қажетті дәрі-дәрмек пен аппараттар жеткілікті. Қосымша 2373 кереует дайын тұр. Он бір зертханадан күніне бес мың тест алынады.

— Вакцинациялау жұмысы қалай жүріп жатыр? Тұрғындардың екпеге көзқарасы қалай?

— Ақпан айынан бастап облыс тұрғындарына  Ресейдің «Спутник V» вакцинасы егіліп жатыр. Осы күнге дейін 43034 доза әкелінді. Бірінші компонентті 13890 адам алса, екінші компонентті 4808 адам алды. Соңғы аптада жиырма мың доза вакцина келді. Оны қала мен аудандардағы емдеу мекемелеріне бөліп бердік. Қала тұрғындарының арасында қазіргі жағдайды түсініп, емханаға хабарласып, егіліп жатқандар бар. Бұндай көзқарастағы азаматтарға ризамыз. Олар жалған ақпараттарға сенбей, өзінің, отбасының денсаулығын ойлап отыр. Жалпы, қалада вакцинациялау жұмысы жақсы жүріп жатыр. Аудандардағы жағдай сәл қиындау. Темір, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында екпе алушылардың саны өте аз. Оның ішінде діни көзқарасы бойынша да вакцинадан бас тартып жатқандар да кездеседі. Халық әлі де бұл індеттің қауіпті екенін түсінбейді. Қазір аудандардағы ахуал тұрақты. Сондықтан  алаңсыз жүр. Тұрғындардың бірі қалаға келіп, вирус жұқтырса, індет тез тарайды. Коронавирус жас-кәріні талғамайды. Көз жұмғандардың ішінде елуден енді асқандар бар. Жасы елу төрттегі бір жігіт инфекциялық ауруханада жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған күйі  жиырма төрт күн жатты. Бұрын инсульт алған. Жағдайы жақсармай, қайтыс болды. Коронавирустың бір белгісі — инсульт. Себебі вирус денеге енгеннен кейін қанды қоюлатып жібереді. Жүрекке қан бармаған соң тромб пайда болады да, адам инсультке шалдығады. Сондықтан барынша сақтанып жүрген дұрыс. Жастар вирус жұқтырса да жеңіл қабылдайды. Зардап шегетіндердің дені — орта жастан асқандар.

Алғашқылардың бірі болып өзіңіз де екпе алдыңыз. Бір ай уақыт өтті. Қазір жағдайыңыз қалай? Жалпы, осы вакцинадан әлі де қорқып жүргендер бар. Тұрғындар арасында оның зиянына қатысты ақпарат көп…

— Бір жарым айдан асты, екпеден кейін ешқандай кері әсерді байқағаным жоқ. Қазір жағдайым жақсы. Тұрғындар арасында да екпенің жанама әсерінен жағдайы қиындады, деген дерек тіркелген жоқ. Әрине, бас ауыру, қызу көтерілу, әлсіздік секілді жанама әсерлердің болуы қалыпты. Ең бастысы, бірінші компонентті алғаннан кейін салқын тигізіп, вирус жұқтырып алмау керек. Вирусқа қарсы антидене екінші компонентті алған соң барып күшейеді. Оған дейін сақтанып жүру керек. Вакцина алған адам вирус жұқтырса да, ауру жеңіл түрде өтеді. Тұмауратқандай болады. Ең бастысы, өкпесі қабынбайды. Бірақ тұрғындар екпенің пайдасын әлі де жете түсінбейді. Интернеттегі жалған ақпаратқа сенеді. «Екпенің әсері бір айдан кейін, бір жылдан соң білінеді екен», «екі жылдан кейін қайтыс болады екен» деген сияқты жалған пікірлер көп. Бір ғана мысал, Израиль мен Қытайдың халқы түгелдей вакцина алды. Тіпті вирус шыққан Ухань қаласының тұрғындары қазір алаңсыз жүр. Бұл екі елдің халқын ақымақ деп айта алмаймыз. Олар екпенің  індетті тоқтатудың жалғыз жолы екенін түсінді. Әлемде бұған дейін болған халықты жаппай қырған түрлі жұқпалы аурулар тек  вакцинаның күшімен тоқтатылып отырған. Сондықтан жалған ақпаратқа сеніп, үрейленудің қажеті жоқ. Вакцинадан кейін пайда болған антидене ағзаға түскен вирусты өлтіреді. Ол миға, жүйке жүйесіне, дененің өзге мүшелеріне ешқандай зиянын тигізбейді.

Ірі сауда орындарында арнайы бөлімдер ашып, халықты жаппай вакцинациялау керектігі туралы айттыңыз. Бұл шаруа қашан жүзеге аспақ?

— Бұндай жоспар бар. Бірақ әзірге емхана мамандары егу жұмыстарын өте тиімді жүргізіп жатыр, яғни барлығына үлгеруде. Егер қазір сауда орталықтарында егетін болсақ, оның да қиын тұстары бар. Мәселен, Шалқардан, Ойылдан келген тұрғын өтіп бара жатып екпе алады. Бірінші компоненттен кейін жиырма бір күннен соң екіншісін алуы керек. Ол сол уақытта Ақтөбеге келе алмауы мүмкін. Ал екпе алған адамның мәліметі қалада тіркеледі. Сол кезде қиындықтар туады. Сондықтан бұл істі әзірге тоқтатып отырмыз. Себебі емханаларда жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Жалпы, он сегіз жастан асқан әрбір адам өзі тіркеуде тұрған емханаға хабарласып, вакцина алғаны жөн.

Коронавирустың мутацияға ұшырап жатқаны туралы айтылуда. Біздің облыста таралып жатқан штамм қандай?

— Нақты қандай штамм екенін айту қиын және бұл қымбат зерттеу түріне жатады. Дегенмен алты адамды зерттеуден өткіздік. Оның төртеуінен британдық штамм байқалды. Жалпы, вирус британдық па, ухандық па, оңтүстікафрикалық па, яғни қандай  штамм екенін дәл айту қиын. Себебі толық зерттеліп болған жоқ.

— Індет шарықтау шегіне жетті ме? Бұл толқын қай кезде аяқталуы мүмкін?

— Қазір індетке шалдыққандардың саны күн сайын өсіп жатыр. Шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ. Біздің болжамымыз бойынша бұл толқын мамыр айының ортасына дейін жалғасады. Көрші Ресейдегі жағдайды бақылап отырмыз. Былтыр Ресейде бірінші толқын болғаннан кейін, екі айдан соң бізге жетті. Ал қазір көрші мемлекетте жағдай тұрақты. Себебі халықтың басым бөлігі вакцина алды, әлі де егіліп жатыр. Егер біздің елде де вакцинациялау жақсы қарқынмен жүрсе, індеттің бұл толқыны ерте аяқталады. Сондықтан тұрғындардың жетпіс пайызы екпе алуы керек.

Рамазан айы келді. Тұрғындардың көпшілігі ораза тұтып жатыр. Бұл індетке шалдығу қаупін жоғарылатпай ма?

— Өзім төрт жыл қатарынан ораза тұттым. Биыл ниетім түзу болса да, індетке байланысты, ауыз бекіткенім жоқ. Себебі облыс қызыл аймақта тұр. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Қауіпті аймақтарға жиі барамын. Ал күн ұзағына аш жүрген, су ішпеген адам ауруды тез жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан иммунитеті төмен адамдарға ораза тұтпауға кеңес беремін. Жағдай тұрақталған соң қазасын өтеуіне болады. Себебі қазір  ауырып қалса, әлсіреп тұрған ағза вирусқа қарсы тұра алмай, бірден өкпе қабынуы мүмкін. Ал пневмонияға шалдығып, ауруханаға түскен соң ораза бұзылады. Сондықтан қазіргі жағдайға түсіністікпен қараған жөн. Егер иммунитеті мықты болса,  үйден шықпай, ешқайда бармаса ғана ораза тұтуға болады.

— Вакцина оразаны бұза ма?

— Екпе бұлшық етке салынатын болғандықтан бұзбайды.

— Көпшілік әлі алаңсыз жүр. Жасырынып той жасап жатқандарға не айтасыз?

— Халықты кінәлай алмаймыз. Әркімнің қуанышы, қайғысы бар. Бас қоспай тұра алмайды. Бірақ қазіргі жағдайда, яғни қызыл аймақта тұрған кезде той, садақа, отбасылық кештерді кейінге ысыра тұрған дұрыс. Жағдайға түсіністікпен қарап, сабыр сақтаған жөн. Қазір бас қосып, бір аптадан соң сол жиынға барған адамдар ауырып жатса, ешкімге де оңайға соқпасы анық. Облыстың Бас санитар дәрігерінің қаулысы шықты. Тұрғындар сол қаулыда көрсетілген талапты орындауы керек. Қаулы бекер жазылған жоқ. Қазір барлық жерге блок-бекет қойып, қатаң карантин енгізу қиын. Адамдар еңбек етуі керек. Экономикаға ақша түсуге тиіс. Бюджетте ақша болмаса, ауырған халықты емдеуге мүмкіндік болмайды. Сондықтан тұрғындар сақтанып, қауіпсіздік шараларын ұстанып жүргені жөн. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы берік ұстанайық.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button