Ақтөбе жәдігерлері — Елбасы кітапханасы музейінде
Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, адамзаттың алғаш ғарышқа ұшқанына 60 жыл және қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 30 жыл толуына орай «Адамға табын, жер, енді!» халықаралық көрмесі ұйымдастырылды.
Ұшқыштар даярлайтын оқу орны, аспан әлеміне саяхаттауға шақыратын облыстық планетарийі бар Ақтөбе — ғарыш саласын игеруге өзіндік үлесін қосқан өлке. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қазіргі заман тарихы ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Айбек Ертеміровтің айтуынша, аталған жылжымалы көрмеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаевтың жеке тұтынған заттары, «Салют-6» орбиталық станциясы мен «Союз-11» ғарыш кемесінің макеттері, жерлесіміз, ұшқыш-ғарышкер Юрий Лончаковтың жеке тұтынған заттары және ғарыш саласына қатысты экспозициялар қойылды.
Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жылжымалы көрме
облысымыздағы өндірістік ірі кәсіпорындарының жетістіктері мен соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулерден табылған біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдыққа жататын ерте көшпенділердің тұтынған бірегейі бұйымдарынан жасақталды.
Елорда төрінде ұйымдастырылған жылжымалы көрменің ашылуын әлеуметтік желілерден, Елбасы кітапханасы музейінің ресми сайтынан тамашалауға болады.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері.