Денсаулық

Отбасымның амандығы үшін екпе алдым

Инга МЫРЗАХАН,

ҚР Киокушинкай-кан каратэ федерациясы облыстық филиалының  жаттықтырушысы, спорт шебері;

— Ақтөбе қаласындағы №3 емханада тіркеуде тұрмын. Учаскелік дәрігерге хабарласып, екпе алатынымды айттым.  Бір құтыдағы вакцина бес адамға жетеді, яғни бес доза. Дәрігер айтқан күні егу кабинетіне келдім. Бес адам жиналған соң, терапевт дәрігер қандай созылмалы аурумен ауыратынымды сұрады. Қан қысымымды өлшеді. Ешқандай қарсы көрсетілім болмағаннан кейін, егу кабинетіне келдім. «Спутник V» вакцинасы туралы жағымды пікірлер айтылып жатса да, алғаш рет салдырайын деп тұрғандықтан, қобалжыдым. Инені салған кезде сәл ауырсыну болды. Бір қолым жансызданғандай әсер қалдырды. Себебі өзім қорқып тұрдым. Екпе салғаннан кейін отыз минут тынығу бөлмесінде отырдым. Дәрігер қайта қан қысымымды өлшеп, кеңесін айтты. Кейін үйге келдім. Ешқандай жағымсыз әсер байқалған жоқ. Ас ішіп, күнделікті шаруама кірісіп кеттім. Вакцинаны ешкім ал деген жоқ. Өз еркіммен бардым. Өзімнің, отбасымның амандығы үшін екпе салуды дұрыс деп шештім. Сондықтан екпеден қорықпаңыздар дегім келеді. Ең бастысы, сену керек. Коронавирусты тоқтатудың бір ғана жолы — вакцина.

Басқа жаңалықтар

Back to top button