Мәдениет

Пандемия кезіндегі премьералар: тәжтажал театр жұмысын тұралатып тұр

Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты облыстың қызыл аймаққа енгені, жалпы ел бойынша эпидемиологиялық ахуалдың мәз еместігі белгілі. Бұл барлық мекемелердің, түрлі сала өкілдерінің жұмысына кедергі келтіріп отырғаны белгілі. Театрға да солай.

Дей тұрғанмен, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры індетке байланысты жағдай дұрысталған бойда көрермендерді жаңа спектакльдермен қуантқалы отыр. Жыл басынан бері актерлерге түрлі шеберлік сабақтары да ұйымдастырылып, премьераларға дайындық қызу жүргізіліп жатыр…

Ізденген адам ғана із қалдырады

Аталған театрдың директоры міндетін атқарушы Олжас Ибраевтың айтуынша, актерлер әрдайым бабында болуы керек. Ол үшін, әрине, ылғи тәжірибе алмасып, сала майталмандарынан бағыт-бағдар алу артық етпейді. Осы мақсатта жылдағы дәстүр бойынша биыл да шеберлік сабақтарын өткізу үшін елордадағы Қазақ ұлттық өнер университеті актер шеберлігі кафедрасының оқытушысы Жалынбек Ахан 5 күнге шақырылған. Сахнадағы дене қимылы қалай болу керектігін үйреткен ол:
— Мен университет қабырғасында оқыған кезде сахна қозғалысы және сахна сайысы деген пән болды. Соған өте қатты қызығушылық таныттым. Ұстазым Тұрарбек Айтқожановтан көргенбілгенімді енді өзгелерге үйрету мақсатым.

Бүгінгі күнге дейін шеберлік сағаттарымды әртүрлі деңгейде өткізіп келдім. Бірақ осы Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында бірінші рет «қазақы дем», «қазақы ырғақ» бойынша шеберлік сағатымды өткіздім. Осы өнер ұжымына тәжірибеммен бөлісуге келгеніме қуаныштымын, — дейді.
Барлығы 36 сағатқа созылған шеберлік сабағына облыстық «Алақай» қуыршақ театрының актерлері де қатысты. Соңында қатысушыларға сертификаттар берілді.

— Театрымызға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану ғылымының кандидаты Анар Еркебай да келіп кетті. Алматыдан келген маман «Қазіргі заман театры» атты шеберлік сабағын өткізді. Алдағы уақытта да осындай шараларды жалғастыру жоспарда бар, — дейді Олжас.

«Әзірге 2 спектакльді ұсынып үлгердік»

Пандемияға қарамастан, облыстық драма театр жыл басталғалы көрермендеріне 2 жаңа спектакльді сахналады. Атап айтсақ, орыс труппасы «Во всём виновата гроза» комедиясын, ал қазақ артистері «Алғашқы махаббат» қойылымын ұсынды. Екеуі де мәңгілік тақырып — ғашықтық ғаламаты жайлы сыр шертеді.

Нина Бронникованың «Во всём виновата гроза» спектаклінің қоюшы режиссері Жеңіс Қалқабеков болса, суретшісі — Айзат Ордабаева, балетмейстері — Ләззат Мұхамедалина. Әуенмен көркемдеген — ҚР Мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова. Қысқаша мазмұнына тоқталсақ, мұнда жастайынан бірге келе жатқан үш құрбының қызық-шыжықтары, жақсылық атаулының ерте-кеші болмайтыны турасындағы ой негізге алынады.

Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясына Мейрам Хабибуллин режиссерлік етті. Спектакль, аты айтып тұрғандай, аяулы сезім — махаббат жайлы сыр шертеді… Ұстазына ғашық бозбала, мектептегі махаббат басты лейтмотивке айналған қойылым көрермен қауымды оралмас шақтарға ойша болса да сапар шегуге мүмкіндік сыйлайды. Ұзын саны 15 актер жұмылдырылған «Алғашқы махаббат» — негізінен, жасөспірімдер аудиториясына арналған спектакль.

— Театр ғимаратының жөндеу жұмыстары әлі біткен жоқ. Пандемияға байланысты бұның тіптен ұзап кететін түрі бар. Сондықтан кіші залды ашамыз деп шештік. Қашанғы «Алақай» қуыршақ театрында жүре береміз?

Әңгіменің ашығы, кіші залда біз күрделі, ауқымды қойылымдарды ұсына алмаймыз. Сондықтан сахнаның тарлығын, көрермен отыратын орынның аздығын ескере отырып, сахналық безендіруді аса қажет етпейтін шағын спектакльдерді сахналаймыз деп шештік. Сол үшін қатарынан 4-5 пьесаны дайындап та қойдық. Бұлардың жанры әрқилы, әртүрлі жастағы көрерменге арналған, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директорының міндетін атқарушы Олжас Ибраев.

Енді премьералар туралы сөз өрбітсек…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ 

Қазіргі таңда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының екі труппасында 56 актер еңбек етеді. Олардың 4-еуі — Айдос Нұрмағамбетов, Еламан Досжанов, Дана Ниязова мен Фатима Бердібекова былтыр жұмысқа қабылданған жастар.

«Қара пима». Көп ішіндегі жалғыздық… 

Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық көрген «Қара пима» поэмасын білмейтін қазақ оқырманы кемде-кем. Өйткені поэманы оқып, ерекше шабыттанған композитор Алтынбек Қоразбаев оған саз шығарып, толғау ретінде екінші тынысын ашады һәм жалпақ жұртшылыққа кеңінен танытады. 1996 жылы осы толғауды әнші Алма Аманжолова Алматыдағы Республика сарайындағы концертте алғаш орындап, кең тынысты қажет ететін тағдырлы туындыны тыңдарман қауымға таныстырған болатын. 2009 жылы осы поэманың негізінде кино (режиссері — Руслан Иманғали) да түсіріліп, «Қара пиманың» аты одан сайын асқақтайды.

Театр сүйер қауымға да бұл бөтен емес. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрында «Қара пима» спектаклі тұңғыш рет сахналанды. Қоюшы режиссері — Айдын Салбанов.

Енді, міне, Ахтанов театрында да осы психологиялық драма көрермен назарына ұсынылғалы отыр. Қоюшы режиссері жоғарыда аталған семейлік Айдын Салбанов болса, музыкамен көркемдеуші — Тимур Ерімбетов, суретшісі — Айгерім Амантай.

Оқиға желісі көпшілікке таныс болса да, аз-кем келтірсек: ауылдағы қазақ отбасының тағдыры суреттеледі. Тату-тәтті тіршілік кешкен шаңырақтың отанасы кенеттен көз жұмғанда, мектеп жасындағы жалғыз баласы бар азамат қатты қиналады. Зайыбынан көз жазып қалған ол өксігін баса алмай, ащы суға беріледі… Араққа салынған отағасы жақын-жуықтары тұрмақ, баласының сөзін елемей, әбден қарызға батады. Үйдегі бар заттарын саудалап үлгереді. Ондағы ойы — арақ алу. Мәселенің ушыққаны сондай — әкесі баласының жақсы көретін домбырасын сатып жібереді. Кейін… мектепке киетін жалғыз қара пимасын да зиянды әдетінің жолында құрбан етеді. Қыс мезгілінде жалаңаяқ қалған ер бала кімнен көмек сұрарын білмей, ақыры аяғынан айырылады… Айыбын түсініп, ақылға келген әкенің ұлына су жаңа пима алып беруімен бәрі орнына келе ме?..

Басты рөлде Бекжан Қайроллин, анасын Жанар Кемалбаева (екінші құрамда Айнагул Өлмесекова), әкесін Айдос Нұрмағамбетов (екінші құрамда Есет Оразалин), ал көрші апаны Майра Ильясова сомдаған спектакльдің премьерасы театрдың кіші залында 1-2 сәуір күндері өтуі керек-ті. Бірақ індетке байланысты тұсаукесер кейінге шегерілді.

Біз қоюшы режиссерді әңгімеге тартып, Ақтөбедегі «Қара пиманың» қанша күнде дайындалғанын, спектакльді сахналаудағы қиындықтар туралы пікірін білген едік.

— Уақыттың тығыздығы, техникалық қою жағынан қиындықтар болды. Егер осы жайттар болмаса, мүмкін, кем-кетіктер болмас та еді?! Спектакльді бас-аяғы 20 күнде дайындадық. Бірақ бәрібір осы ұжыммен аз да болса жұмыс істегеніме қуаныштымын. Бұл қойылымда мен ақыл, қайрат, ыстық жүректі қатар ұстау керектігін, яғни Абайдың ілімін негізге алдым. Адамгершілікті «ішіп қоймау» керек, соны көрерменге жеткізгім келді. Менің ойымша, театр — айна. Біз қоғамда бар нәрсені көрсетеміз. Бұл жер халықты тәрбиелейтін орын емес. Сондықтан маскүнемдік сияқты мәселе бар ма, оны да сахнада көрсету керек деп ойлаймын, — деді екеуара әңгімеде Айдын Салбанов.

Бәріне кінәлі…

«Қара пима» ғана емес, Айдын Салбановтың режиссерлығымен тағы бір спектакль — Барзу Абдуразаковтың «Айналайыны», Қолғанат Мұраттың  «Болашаққа хат» детективі, «Бейтаныс әйелдің хаты», «Транзитный пассажир» драмалары, яғни 5 қойылымның премьерасы белгісіз уақытқа шегерілді.  Одан бөлек, осымен V рет шымылдығын түргелі отырған дәстүрлі «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалі де жоспарлағандай, сәуір айының соңында өтпейтін болды. Барлығына карантин кінәлі.

— Шыны керек, қазіргі таңда көңіл күйіміз түсіп отыр. Сәуір айы бойы тәуір шараларды, жаңа спектакльдерді ұсынуды жоспарлап едік. Онымен эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты барлығы кейінге қалды. Дегенмен қалыпты өмір сүру режиміне оралғанда ақтөбеліктердің спектакльге қарық болатыны сөзсіз. 5 қойылым дайын тұр.

Әлгінде айтқанымдай, біз халықтың күнделікті тіршілігін суреттейтін, қалыпты өмірден алынған, көпшілікке түсінікті спектакльдерді ұсынғымыз келеді. Неге десеңіз, көрермен қияли дүниелерден жалықты. Олар бүгінгі өмірді көргісі келеді. Мысалы, осы жағынан келгенде қазіргі кезде Иранның кинолары озып тұр. Өйткені ол жақтың киногерлері шынайы өмірге негізделген картиналарды түсіреді… Сол сияқты біз де осыған басымдық берсек дейміз. «Қара пима», «Айналайын» спектакльдеріндегі оқиға екінің бірінде болатын жағдай, сонысымен қызық болады деген үміт бар, — деп ойымен бөлісті Олжас Ибраев.

Ол биыл Ахмет Жұбановтың 115 жылдығына орай спектакль қою жоспарда барын атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button