Денсаулық

Ведомствоаралық комиссияның  шешімдері неге орындалмай отыр?

Депутат сауалы

Ақтөбе өңірінен сайланған Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов кезекті үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға депутаттық сауал жолдап, онда бүгінгі күннің өзекті мәселесі — COVID-19 індетімен  күрес барысындағы олқылықтарды атап көрсетті.

Мемлекет басшысы  коронавирус инфекциясы таралуының алдын алуға қатысты кеңесте дәрі-дәрмектердің, сондай-ақ медициналық бұйымдар мен  медициналық құрал-жабдықтардың жетіспейтініне  назар аударып, жан сақтау бөлімшелері орта есеппен алғанда талап етілетін стандарттардың 64%-на ғана қамтамасыз етілгенін, індетті   түбегейлі жеңу үшін медициналық мекемелердің озық үлгідегі  жабдықтармен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан болатын.

Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралмауы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 17 қарашадағы отырысында Денсаулық сақтау министрлігі мен  облыс әкімдеріне — ковидті емдейтін 10  төсекке есептегенде 1 аппарат есебінен — жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы әдісін енгізуді қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілгендігі белгілі.

Міне, осыларды еске сала отырып, депутат жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы бұл шырышты тыныс алу жолдарын жарақаттамайтын, тыныс алуды қолдаудың заманауи және тиімді әдісі екендігін еске салды.

Оның айтуынша, Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясын COVID-19-ды емдеудің клиникалық хаттамасына енгізді, бұл әдіс сондай-ақ АҚШ, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия, Түркия елдерінің емдеу хаттамаларында бар.

Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нақ осы жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясының стандартты оттегі қолдауына қарағанда, ауруханаға жату мерзімін азайтып, емдеу үдерісін  жақсартатынын атап көрсетіп отыр.

Сондай-ақ беделді Lancet журналының мәліметтеріне сәйкес бұл әдісті қолдану емделушілерді ИВЛ-ға ауыстыру тәуекелінің өзін 50%-ға азайтады.

Жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппаратының клиникалық тиімділігі оны қолданудың отандық тәжірибесінде де дәлелденді.

Технология бірінші болып Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта зерттелді. Аталған әдіс бірден жоғары тиімділігін көрсетіп, клиникалық практикаға қосылды.

Пандемия аяқталған кезде аппараттарды  пульмонология, неонатология, педиатрия бөлімшелеріне және инфекциялық стационарларға  ауыстыруға  болады.

Депутат ведомствоаралық комиссияның шешімдері орындалмай отырғанын сынады. Мәселен медициналық ұйымдардың жоғары ағынды мұрын оттегі терапиясы аппараттарымен қамтамасыз етілуі, орташа есеппен алғанда, 22% шамасында ғана.  Бұл — өте аз! Оның үстіне аталған аппаратпен қамтамасыз ету өңірлер бойынша әркелкі. Мысалы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында бұл аппарат  мүлдем жоқ.

Мәжіліс депутаты Денсаулық сақтау министрлігінен медициналық ұйымдарға жіктей отырып, оттегі концентраторларымен, ВНКТ аппараттарымен және ИВЛ аппараттарымен жабдықтауға қатысты барлық өңірлер бойынша нақтылы және жоспарланған жарақтандырудың жинақталған ақпараттарын ұсынуды; ведомствоаралық комиссия шешімдерінің орындалмау себептерін түсіндіруді; сырқаттанғандар статистикасын жүргізіп, жағдайдың қаншалықты ауырлығын, эпидемиологиялық ахуалдың болжамын, мамандардың қамтылуын ескере отырып, медициналық ұйымдардың қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуінің нақты көрсеткіштерін өңірлерге дейін жеткізуді сұрады.

                                                                                                         Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button