Жаңалықтар

Ұрыны ұстады

Қазір мал ұрлайтындар көп. Әсіресе, ауылдық жерде ұсақ малды қолды қылатындарды ұстау қиын. Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты Ырғыз аудандық пробация қызметкерлері Есет Әбдіразақов пен Бақдәулет Байділдин мал ұрлап жатқан ұрының үстінен түседі. Қызметкерлер түнде есепте тұрған азаматтарды тексеруге шыққан. Ауыл шетіне жақындағанда ешкіні арбасына салып, алып бара жатқан күдікті адамды көреді. Тексере келгенде, әлгі адам ешкіні ұрлағанын мойындайды. Күдікті полиция бөліміне жеткізіледі. Мал иесі Қуанышбай Кенжебаев пробация қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Екі азамат ұрыны ұстап қана қоймай, өзгелерге үлгі болды. Егер әлгі ұрыны ұстамаса, тағы біраз адамның малы ұрланар еді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын осындай азаматтар көп болсын деп тілеймін. Алғысым шексіз. Ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі — мал шаруашылығы. Қолдағы азын-аулақ қой-ешкіні бағып, қажетімізге жаратып отырмыз, — деді мал иесі.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, пробация қызметкерлерінің тұрғындарға тигізер көмегі көп. Әртүрлі қиын кезеңдерде департамент мамандары қырағылық танытып, қызметін адал атқарып жүр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button