Жаңалықтар

Жалақы берешегіне назар аударылды

Талқы

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың төрағалығымен облыстық әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аймақтық үш жақты комиссияның отырысы өтті.

Комиссия жұмысына облыстың мемлекеттік органдары мен мұнай өнеркәсібі кәсіпорындарының басшылары, облыстың кәсіподақ комитеті мен  жұмыс берушілер кеңесі қатысты.

Комиссия жұмысы барысында облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысы, Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Хромтау аудандары әкімдерінің орынбасарларының  баяндамалары тындалды. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда облыстың 3 кәсіпорны 219 қызметкерге 26,6 млн теңге көлемінде жалақы берешек екен.

Комиссия төрағасы Руслан Хамбаров жалақы берешегінің жағдайына ерекше назар аудару керектігін, мұнай саласының бірқатар кәсіпорындарында жұмысшылар өте төмен жалақы алатынын және Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы жалақы берешегі бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп отыру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысшыларға жалақыны уақтылы төлей алмайтын кәсіпорындарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Облыстың кәсіподақ комитеті мен облыстың жұмыс берушілер кеңесі бұл ұсынысты толығымен қолдады.

Сондай-ақ отырыс соңында жалақы берешегіне қатысты мониторинг жүргізу, өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларды əзірлеу, жоғарыда аталған мəселелер бойынша үш жақты комиссиялардың жұмысындағы кемшіліктер анықталған жерлерде көшпелі отырыстар өткізу жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Барлық мемлекеттік органдардың басшыларына кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды күшейту, кәсіпорындарда берешектің пайда болуына жол бермеу шараларын қабылдау ұсынылды.

Өз тілшіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button