Денсаулық

Covid-тан кейінгі синдром: қаупі қандай?

Ақтөбеде коронавирусқа  шалдыққандар саны көбейіп барады. Алайда тұрғындар арасында  індеттің қауіпті екенін әлі де түсінбейтіндер бар. Қарапайым қауіпсіздікті сақтамайтыны өз алдына, жасырын  той тойлап жүргендер көп. Ақтөбедегі белгілі УДЗ дәрігері Мерует Орынбаева коронавирус инфекциясынан кейін қандай қауіпті асқынулардың жиі болатынын айтып берді.

Коронавирус инфекциясы бірінші кезекте өкпенің тінін зақымдайды. Егер уақытында ем алса, науқас жақсарып кетеді. Алайда көп жағдайда коронавирус  инфекциясынан кейін өкпеде фиброз пайда болады. Ол — өкпе тінінің ішінде дәнекер тінінің пайда болуы. Екінші, коронавирус қанды қоюлатады. Қан қоюланған кезде жүрек қызметі бұзылып, жүрек бұлшық еті қабынады, яғни адам миокардитке шалдығады. Үшінші, зақымданатын дене мүшесі — бүйрек. Бүйректің қызметі бұзылады, бүйрек инфарктісі ауруы туындайды.  Себебі қан қоюланғаннан кейін бүйрекке қан жетіспейді. Бүйрек ішінде өлі тін пайда болады. Коронавирустан кейін созылмалы аурулар қозады. Өт, бауыр, ұйқы безінің қабыну аурулары өршиді. Өкпесі қабынған адамдарға антибиотик тағайындайды. Антибиотик бүйрек пен бауырға әсер етеді. Бауырда гепатит, бүйректе бүйрек жетіспеушілігі ауруы пайда болуы мүмкін.  Коронавирусқа, жалпы кез келген вирусқа шалдыққан кезде диарея пайда болады, яғни адамның іші өтеді. Егер індеттен сақтанбайтын болсақ, соңы осындай қауіпті ауруларға душар етуі әбден мүмкін. Менің қабылдауыма келетін адамдар көп. Cоңғы кезде оның басым көпшілігі коронавируспен ауырғандар. Тіпті ауруханадан шыға сала ішкі құрылысын тексертетіндер бар. Оң жақ қабырғамның асты ауырады, асқазанымның сол жақ тұсы, ортасы ауырады деп шағым айтады. Былтыр індет жұқтырып, ауруханадан шыққандардың ішінде  екі адамда бүйрек жетіспеушілігі анықталды. Бұл — күрделі ауру, яғни бүйрек жұмыс істемейді. Себебі антибиотиктер зәр арқылы сыртқа шығады. Ол бүйрекке міндетті түрде әсер етеді. Егер бүйрегі бұрыннан ауыратын, созылмалы дерті бар адамдар болса, бұл — қауіпті. Коронавирустан кейінгі аурулардың өршуін медицинада  COVID-тан кейінгі синдром деп атайды.  Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүргені дұрыс. Адам вирустың қайдан жұққанын білмей қалады. Көпшілік жиналатын жерлерге, той, отбасылық шараларға бармаған жөн. Адам көп жиналған сайын аурудың таралуы жоғарылайды, — дейді дәрігер.

Мерует Орынбаева коронавирус инфекциясы жасы ұлғайған адамдарға өте ауыр соғатынын, сондықтан үлкендерге сыртқа шықпауға кеңес береді.

Дәл қазіргі жағдайда тұрғындар  иммунитетін көтергені дұрыс. Әсіресе С, Д3 дәрумені мен поливитаминдер ішкен жөн. Мүмкіндігінше табиғи тамақтарды тұтынған дұрыс. Иммунитеті мықты адам ауруға төтеп береді, — дейді дәрігер.

Мерует Орынбаева — Ақтөбедегі білікті УДЗ, яғни ультрадыбыстық зерттеу дәрігерінің бірі. Әр екі жыл сайын Мәскеудегі ірі медициналық орталықтарда білімін жетілдіріп отырады. Ресей федералды медико-биологиялық академиясы секілді ірі оқу орындарының сертификатын алған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button