Денсаулық

Соңғы тәулікте өңірде 127 науқас тіркелді

Брифинг

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 127 жағдай тіркелді. Оның 106-сы Ақтөбе қаласында болса, қалғаны — облыс аудандарында. Қазіргі таңда облыс бойынша 704 науқас ем алуда, оның 248-і инфекциялық стационарларда жатыр. Сонымен қатар өңірде пневмониямен ауырған 150 адам ем қабылдауда.  

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тікелей эфир барысында баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, бүгінгі күні өңірде аурушаңдықтың өсу деңгейі 2,4%-ды құрап отыр. Жалпы, облыста коронавирус инфекциясы бойынша бүгінге дейін 5449 жағдай тіркелген, оның ішінде 56%-ы ауру белгілерімен (3054) болса, 43,9%-ы — симптомсыз (2395) жағдайлар. Бұған дейін 4659 (85,5%) науқас жазылып шыққан.

— Қазіргі таңда облыс аумағында инфекцияның таралуының орташа көрсеткіші республикалық көрсеткіштен төмен, эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Ақтөбе облысының аумағында блок-бекеттер жоқ. Ақпан айынан бастап Ресеймен шекаралас жатқан Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалы ауданында «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істеп жатыр. 2020 жылдың 6 қазанынан бастап «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 38 129 адам, «Жайсаң» санитарлық-карантиндік пункті арқылы 72 373 адам өтті. Келген адамдардың жалпы санынан 67 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Сондай-ақ қазіргі таңда облыста мобильді мониторингтік топтар тұрғындардың ойын-сауық орталықтарында, кәсіпкерлік нысандарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде шектеу шараларын орындауын, соның ішінде бетперде тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, басқа да пандемияға қарсы іс-шаралар бойынша рейдтік тексерулер жүргізуде. Бүгінге дейін мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша жеке және заңды тұлғаларға жалпы құны 20 871 135 теңге болатын 151 айыппұл салынды. Координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 17 тексеру жүргізілді. Тексеріс қорытындысы бойынша 17 нысанға 1 327 235 теңге көлемінде айыппұл салынып, 17 ұйғарым берілді. Және бір нысанның жұмысын тоқтату бойынша әкімшілік сотқа ұсыныс жіберілді, — деді департамент басшысы.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, қазір 248 науқас облыстағы инфекциялық стационарларда ем алуда. Оның ішінде 12 адам реанимацияда жатса, 3 науқас жасанды өкпе желдеткішіне, 2 науқас инвазивті емес жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. Ал облыс аудандары арасында инфекция жұқтырған науқастар Ойыл ауданында көп (37 адам) тіркеліп отыр.

Коронавирус инфекциясынан бөлек қазір пневмониямен ауырып жатқан науқастар да бар. Мәселен, бүгінгі күні өңірде 150 адам ем алуда. Екі науқас реанимацияда жатыр. Жалпы облыс бойынша қазір науқастарға арналған 2778 төсек-орын резервте тұр. Дәрігерлер науқастарға барынша көмек көрсетіп жатыр. Симптомды және симптомсыз тіркелген барлық науқастар стационарларда, сондай-ақ үй жағдайында емделуде. Өңірде ПТР-тест тапсыруға арналған 10 зертхана жұмыс жасауда.

Егер тұрғындарда індеттің қандай да бір белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралуы қажет және олар дәрігердің нұсқауымен ПТР-тест тапсыруы тиіс. Денсаулыққа бейжай қарауға болмайды. Бұл індет өте жұқпалы, сондықтан қай жерде болса да бетперде тағып, сақтанып жүру керек. Егер ауру белгілері байқалса немесе өзіңізді нашар сезінсеңіз, жедел жәрдем шақыртып немесе мекенжай бойынша тіркелген терапевт-дәрігерлерге хабарласыңыздар,— деді басқарма басшысы.

Айта кету керек, соңғы тәулікте облыста 3230 адам ПТР-тест тапсырған. Сондай-ақ 900-ден астам тұрғын жедел жәрдем шақырған.

Брифинг барысында Нұрсұлу Беркімбаева соңғы тәуліктерде науқастардан алынған сынамалардың нәтижесі бойынша өңірде коронавирустың «британдық штамы» тіркеліп отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ ол коронавирустың бұл штамы жастардан гөрі егде жастағы адамдарға өте қауіпті екенін атап өтті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button