Ауыл

Қайыңдының жолы жөнделеді

Ойыл ауданының ең шалғай нүктесінде орналасқан  Қайыңды ауылдық округінің орталығы — Ақжар ауылында 120 түтін бар. Қашықтығы — аудан орталығынан 90 шақырым.

Ақжарлықтар 27 шақырым көтерме жолмен жүріп, Ойыл-Қобда тасжолына мінеді. Тұрғындардың қатынасына қиындық келтіріп отырған жол орташа жөндеуді қажет етеді. Округке қарасты Көсембай елді мекені де осы жолдың үстінде. Жолдың қашықтығы мен қиындығынан шаршаған кейбір ауыл тұрғындары қалаға қоныс аударады екен. Бірақ мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре бастаған ауыл ауызсумен қамтылған. Өрісі кең, шөбі шүйгінді округтің негізгі табысы мал. Сол малды өсіріп, жыл сайын сатып, ұл-қыздарын оқытып, қаладан үй  әперіп отырған ауыл тұрғындары ешқайда табан аударғысы келмейді. Ақжарлықтар көгілдір отынды әзір күтпесе де, 27 шақырым жолдың тезірек жөнделуін қалайды. Ауылдағы мәселелерді ұдайы көтеріп, жоғары жаққа жеткізіп жүретін Дархан Өтегенов жолдың жайын айтып облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің жеке қабылдауына кіріпті. Қара бастың қамы емес, ортақ проблеманы қозғаған оған облыс басшысы ризашылығын білдіріп, сол бойда аудан әкіміне тапсырма берген.

Бұдан екі жыл бұрын облысқа әкімдік қызметке келгенде Оңдасын Сейілұлы барлық аудандарға барған болатын. Сол алғашқы сапарында мен жеке қабылдауына кірдім. Одан кейін облыстық «Ақтөбе» газетіне облыс әкімінің жұмыс жоспары шықты. Сонда Ақжар ауылына 27 шақырым жолды жөндеу туралы көрсетілген. Сөзімнің аяқсыз қалмағанына қуанып қалдым. Ал биылғы есептік кездесуі тікелей эфир арқылы өтті. Жолдың жайын тағы айтып, хат жазып жібердім. Ол хат та жауапсыз қалмады. Менің сұрағым оқылып, жауабын облыс әкімінің өзі берді. «Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2021-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасына енгіздік. 27 шақырым жолдың сметалық құжаты жасалып, сараптамадан өтіп тұр. Құны — 712 миллион теңге. Бұл жұмысты биыл қолға алуымыз керек» — деген еді», — дейді Дархан Өтегенов.

Оның айтуынша, аудандық маңызы бар жолға жататын Ақжар-Саралжын тасжолының құрылысы басталып, тезірек аяқталуын ауылдастары асыға күтіп жүр.

Самат ЕСЕНҚҰЛ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button