Тәуелсіздік — 30

Ахтановпен мақтану

Тәуелсіздік шежіресі

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтанов 1993 жылы 70 жасқа толды. Жазушының тәуелсіздік дәуіріндегі алғашқы мерейтойын туған жері дүркірете атап өтті.

Жазушының туған күні — 25 қазан. Оның мерейтойына арналған шаралар қараша айының ішінде өтті. Облыстық «Ақтөбе» газетінің той қарсаңындағы нөміріне (12 қараша, 1993 жыл) «Қаламына қасиетті бақ дарып, Сүйсіндірді алаш жұртын Ахтанов» деген ортақ тақырыппен мақалалар топтамасы берілген. Мақалаларда оның шығармашылығы ғана емес, адамдық келбеті, балалық, жастық шағы туралы да айтылған.

Мұхтар Құрманалин осы нөмірдегі «Ауылға апарар жол» атты мақаласында: «Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов 1961 жылы Мәскеуде операция күтіп жатқанында арнайы хат жазып, төл әдебиетіміздің тағдырын Тахауи Ахтанов бастаған бір шоғыр талантты інілеріне тапсырғаны белгілі. Сол талантты топтың көшбасында Тахауи ағамыздың тұруы тегін емес. Мұхаң Ахтановқа арналған әлгі хатында: «…мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, риза болып отырғандаймын. Әрине әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де; ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жан-тамырды, жан бауырды сезбеске шараң жоқ», — деген-ді. Мұхтар Әуезов бұдан отыз жылдан астам бұрын қазақ әдебиетінің талантты өкілін осылай танып, осылай бағалаған… Ойымды жинақтай келе, бүгінде жасы 70-ке толған қадірменді ағамызға байланысты академик Зейнолла Қабдолловтың көпшілікке мәлім қанатты сөзін қайталайтын болсам: қаламгер Ахтановты мақтамау керек, Ахтановпен мақтану керек», — дейді.

Ақтөбеде өтетін жазушы мерейтойына арналған шараларға сол кездегі ел астанасы Алматыдан Тахауи Ахтановтың өзімен бірге, белгілі жазушылар Қалдарбек Найманбаев пен Қажығали Мұқанбетқалиев келген. Мерейтой аясындағы жиын-кештер үш аудан мен Ақтөбе қаласында өткізілген.

Тахауи Ахтановтың туған жері — Шалқар ауданының Шетырғыз ауылы. Мерейтойға арналған шаралар Шетырғыз бен Шалқарда басталып, одан Әйтеке би, Хромтау аудандарында жалғасқан. Шығармашылық кештер, кездесулер, ойын-сауық шараларынан бөлек, жазушы пьесаларынан қойылымдар әзірленген. Басты шара Ақтөбеде өткен салтанатты жиын болды. Бұл жиында мерейтой иесін оның өзімен аттас Тахауи атты ұл және кейіпкерімен аттас Нәзира («Шырағың сөнбесін») атты қыз бала құттықтап, ән салған.

Жазушы осы сапарында ата-бабалар рухына тәу етіп, Шалқардағы Есет-Дәрібай кесенесіне арнайы соғып, Құран оқытты, Қарабұтақтағы Әйтеке би ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Мерейтойлық шаралар қорытындысында ақтөбелік қалың оқырман, жұртшылық атынан облыстық драма театрына Тахауи Ахтановтың есімін беру туралы ұсыныс айтылды. Жалпы, облыстық драма театры жанынан қазақ труппасы 1992 жылы ашылған болатын. Оның алғашқы маусымының шымылдығы Т.Ахтановтың «Күшік күйеуімен» ашылды.

Жазушының 70 жылдық мерейтойына орай жерлестері тарапынан айтылған ұсыныс жерде қалған жоқ: 1997 жылы 3 қарашада облыстық театрға Тахауи Ахтановтың есімі берілді.

Жазушы 1994 жылы дүниеден өтті. Одан беріде Ақтөбе жұртшылығы өз топырағының талантты перзенті Тахауи Ахтановтың 75, 80, 85, 90 жылдық мерейтойларын атап өтті. 2013 жылы жазушының 90 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбеде ХХІ республикалық театр фестивалі өтті, сондай-ақ Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың бірге отырған еңселі ескерткіші бой көтерді.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button