Жаңалықтар

Наурыз: көңілді жылытқан шаруалар

Шолу

Жыл басы — Наурызбен бірге елге ерекше нұр шашылды, күн сәулесі молая түсті. Осы айдың Алғыс айту күнімен басталуының өзі адамдардың бір-біріне деген ықылас-пейілін арттырып, жүрегімізге жылылық ұялатты. Жан дүниеңде жылылық болған сәтте айнала көкжиегің кеңейеді, ісің өнімді, тұрмысың көңілді болады.

Шынында да, наурыз айында облысымызда көптеген жаңа бастамалар қанат қақты, игілікті шаруалар тындырылды. 

Тарихты тану жалғасады

«Рухани жаңғыру — ұлттың ұлы мұраты» тақырыбы облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылған ауқымды шара барысында көтерілді. 

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы жобалар облыста жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздікке тағзым» акциясы, «Ақтөбем — алтын бесігім» жобасы, «30 жыл — 30 нақты іс» әлеуметтік жобасы, «30 қайырымды іс», «30 жетістік», «30 жаңа есім» жобалары қолға алынды.

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы аясында Ә.Марғұлан атындағы археология институты ғалымдары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі бірігіп, археология саласы бойынша — 6, этнография, халықтық сәулет өнері ескерткіштерін кешенді ғылыми зерттеуге бағытталған 2 жобаны жүзеге асырды.

Ақтөбе облысы аумағынан «Алтын адамның» табылуы ғалымдардың пікірінше, археологиялық картаға енетін жағымды бір жаңалық болып отыр.

 «Көктемнің бір күні — жылға азық»

Облыс диқандары биыл егіс алқаптарынан мол өнім алуға үмітті. Осы көктемде 791 мың гектар жерге тұқым себіледі деп жоспарланып отыр. Егіс алқабының 55,1%-ын дәнді дақылдар, 35,9%-ын мал азығы құрайды. Жалпы майлы дақылдар алқабын 24 мың гектарға ұлғайту көзделуде. Тары егістігі де ұлғайтылмақшы.

Облыстың Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандары жылдағыдай егіншілік бағытында көш бастап тұр. Бүгінгі күні қажетті тұқым негізінен дайын.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен егіс науқанын жүргізуге 7,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Көктемгі далалық жұмыстарға барлығы 7953 ауыл шаруашылығы техникасы қатысады.

Мемлекеттік қолдау арқылы 4900 гектарға 4245 тонна минералдық тыңайтқыш енгізу және 202,8 мың гектар алаңда арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жасалмақшы.

Кәсіподақтың ықпалы қандай?

ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қазіргі уақытта облыста кәсіподақтар қатарында 132 мың мүше бар. Жалпы, кәсіподақ орталығы 1181 бастауыш, 15 жергілікті және 10 салалық кәсіподақ ұйымдарының қызметін үйлестіреді. Биылғы жылдың өзінде ғана 7 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды.

Кәсіподақ ұйымдары еңбек нарығындағы тұрақтылық, жұмыспен қамтуға ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын құру, жұмысшылардың еңбекақысын уақытында төлеу, кәсіпорындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелеріне баса назар аударуда.

Кәсіподақ сондай-ақ қоғамдық бақылау, талдау жұмыстарын да жүзеге асырады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Ақтөбе облысы қол қойылған ұжымдық келісімшарттардың саны бойынша республикада алдыңғы қатарда. Бүгінгі күні 8,7 мың ұжымдық келісімшарт жасалуы — осының айғағы.

Шалқар көлі мен Ойыл өзені қамқорлыққа алынады

Шалқар көлінің табанын тазарту жобасы қолға алынбақшы. Өткен жылы осы бағыттағы шаруаларды атқару үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары шешілді. Үкімет бұл жобаны қолдады. Аталған жоба үш жылға жоспарланды. Өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бұл жобаның пайдасы мол деп күтілуде.

Жобаның жалпы сомасы 3 миллиард теңге деп белгіленді. Биылғы жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 432,95 миллион теңге бөлінді. Салалық министрліктен қосымша қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

Ойыл өзенінің бүгінгі жағдайын қарау үшін облысқа республикалық арнайы топ мүшелері келді.

Өзендерге құятын бұлақ көздерінің бітелуіне байланысты арналардың толмай отырғандығы, сондай-ақ бұлақтарды тазалау, олардың көзін ашып, қадағалау жұмыстары заңмен реттелмегендігі зерттеу нысанына айналып отыр.

Облыс әкімдігі тарапынан Ойыл өзенінің жай-күйін зерттеу үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға қаржы бөлінді. Алда бұл мәселені түпкілікті шешу үшін арнайы топ зерттеу жүргізіп, мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынбақшы.

Жерлестердің жеңісі

 Ақтөбелік палуан Нұрислам Санаев еркін күрестен Италияда өткен «Маттео Пелликоне» әлемдік рейтингтегі турнирінің чемпионы атанды.

Ел құрамасының белді мүшесі Нұрислам Санаев өткен жылғы бәсекеден күміс жүлдемен оралған еді.

Бұл жолы ол төрт белдесу өткізіп, барлық бәсекелестерін айқын басымдықпен жеңді.

Ойылдық Бекзат Мұқанбетов 2019 жылы Ташкентте жасөспірімдер арасында өткен самбо күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. Ол былтыр Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Жақында Талдықорған қаласында өткен чемпионаттың алтын жүлдесін иеленді.

Жерлесіміз Нұртас Əжбенов кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізіп, «WBC Asia Continental» белдігін жеңіп алды.

Алматы қаласында джиу-джитсудан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Евгений Макшанцев, Нұрия Әбденова, Қайрат Жаржанов және Аслан Қопаев жүлделі орындарды иеленді.

Игілікті істер

Бұл айда өзгеге қамқорлық көрсету секілді көптеген игілікті істер атқарылды.

Мәселен, Ақтөбе қалалық мәслихатының ұжымы «Игі іс» әлеуметтік дүкеніне тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешектерді тапсырды.

«Мега Шығыс» сауда базарында ашылған бұл дүкен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетеді.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен ашылған дүкенде

жағдайы төмен отбасыларға кажетті заттар тегін беріліп тұрады.

Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде 10 көпбалалы отбасынан шыққан оқушыға ақшалай сертификат табысталды. Бұл қаражатты колледж ұжымы жинаған. Бірқатар қызметкер 30 мың теңге көлеміндегі ақшалай қолдауға ие болса, 5 көпбалалы отбасыға азық-түлік пакеттері табысталды.

Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы «Алғысым шексіз халқыма» атты ризашылық концертін ұйымдастырды. «KeruenCity» сауда, ойын-сауық орталығында өткен шарада Ақтөбеде тұратын өзге ұлт өкілдерінің жастары әннен шашу шашып, келушілерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

* * *

Сонымен, сәуір лебі де білінді. «Сәуір болмай — тәуір болмас» деп бұл айға қашаннан да үміт артқан ел ішінде жақсылықтар көп болуын тілейміз.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button