АуылТәуелсіздік — 30

Түлектердің туған жерге тартуы

Акция

Өңірімізде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында көптеген жобалар сәтті жүзеге асырылды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстың барлық аудандарында осы бағыттағы жұмыстар мақсатты түрде жүргізіліп жатыр. Бюджеттен тыс қаржыға мектеп, балабақша, жолдар жөнделіп, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кәсіпкерлер жерлестеріне қолдау көрсетуде.

«Жастар» саябағы ашылды

Шалқар ауданынан 65 шақырым жердегі Мөңке би ауылдық округінде 1100 тұрғын бар. Бүгінде елді мекендегі Мұхамбетқазы Тәжин атындағы орта мектепте 249 оқушы білім алып жатыр. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауыл азаматтарының, мектеп түлектерінің демеушілігімен түрлі жобалар іске асырылуда.

Туған жерді ұмытпай, «Елге қызмет ету — парызымыз» деп білетін азаматтар біздің ауылда да жетерлік. Әріден бастасақ, 2015 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы басталды. Акцияның басты мақсаты — ауыл мен қаланы көркейту. Осы акцияға мектеп түлектерін жұмылдыру үшін өңірдегі әр мектепте түлектерге арналған сайт ашу міндеті жүктелді. 2017-2018 оқу жылында біздің ауылдағы мектептен «Тazhin.kz» түлектер сайты ашылды. Қазір аталған түлектер сайтында 700 адам тіркелген. Осы уақытқа дейін акция аясында түлектердің көмегімен көптеген жұмыстар атқарылды, — дейді Мөңке би ауылдық округінің әкімі Нұрбек Бисеков.

Оның айтуынша, өз мектептеріне, туған жеріндегі әлеуметтік нысандарды жөндеп, материалдық базасын нығайта түсуге көмектесіп жатқан түлектер аз емес. Ірі көлемде қаржылай қолдау көрсетіп, мектептің жоғын түгендеп берген кәсіпкерлердің ісі ел-жұртқа үлгі болары сөзсіз.

Мәселен, 1969, 1979, 1989 жылдары туған мектеп түлектерінің демеушілігімен 2016 жылы ауыл орталығында «Жастар» саябағы салынып,  ішіне көшеттер егілді. Жеке кәсіпкер Б.Ержановтың көмегімен сол жылдың күз айында мектеп ауласына шағын футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ мектепке музыкалық аппарат тарту етілді.

2018 жылы ауыл тұрғындары, кәсіпкерлердің, ауылдан шыққан азаматтардың демеушілігімен «Жастар» саябағының ішіне Мөңке би Тілеуұлының ескерткіші орнатылды. Саябақтың іші одан әрі көріктене түсіп, орындықтар мен тас төсеніштер төселді. Мөңке би Тілеуұлы ескерткішінің ресми ашылу салтанаты ұйымдастырылып, арнайы ас берілді.

— Мектептің 1961, 1971 жылы туған түлектері мектеп ауласына балалар ойын алаңын салып берді. 1982, 1992 жылғы түлектер 2019 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішін жаңартып, шағын саябақ құрылысын салып, ішіне көшеттер екті. Басқа да мектептің әр жылдардағы түлектерінің көмегімен ауыл сыртында ат жарысын ұйымдастыру орнында көрермендерге арналған қоршау жасалды. Сондай-ақ тағы бір түлектер мектептегі алғашқы әскери дайындық пәніне арналған оқу-жаттығу құралдарын сыйға тартты. Ұстаздар қауымы мектепке стенд, волейбол торы, музейге арнайы бұрыш жасақтап, демеушілік жасады. Бұл ретте Шалқар аудандық «Электросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жадырасын Сақтағанның еңбегін атап өтуге тұрарлық. Ол ауыл жастарымен бірлесіп, шағын футбол алаңын жарықтандырып, спортшыларға кешкі мезгілде де футбол ойнауға жағдай жасады. Жеке кәсіпкерлер Ділдә және Жанбике Князбаевалар 20 дана «Мөңке би» ауылы жазылған спорттық формаларды алып берді, — дейді ауыл әкімі.

«Туған жерге тағзым» акциясы өткен жылы да жалғасын тапты. 1983 жылы туған  түлектер ауылға кіреберіс жерге «Мөңке би ауылы» белгісін орнатып, ішіне отыруға орындықтар жасап, тас төсеніштерін төседі.

1963,1993 жылы туған түлектер «Жастар» саябағына субұрқақ орнатуға ықпал етті. Бұдан соң саябақ ішінен сахна құрылысы бой көтерді.  Шалқар ауданының азаматы, «NTiger» ЖШС директоры Нұркен Аспенов ауылдағы Қайыр көшесін жарықтандыруға арналған қажетті құрал-жабдықтарын, көше шамдарын алып берді.

— Ауылдың көркеюіне үлес қосып келе жатқан барлық мектеп түлектеріне, ауыл азаматтары мен демеушілерге ризашылығымызды білдіреміз.  

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Бұл — ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін айғақтайтын маңызды белес. «Туған жерге тағзым» акциясы енді биылдан бастап «Тәуелсіздікке тағзым!» атауымен өзгертілмек. Енді ауылымыздың жалынды да жігерлі азаматтарын акцияға қатысуға шақырамыз. Жастық жігері мен күш-қуатын ауылымыздың болашағы үшін жұмсауға дайын ауыл азаматтары белсенді түрде қатысады деген сенімдеміз, — дейді Нұрбек Бисеков.

Кәсіпкер балабақша салып берді

Шалқар ауылдық округі аудан орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде Шалқар  ауылдық  округіне қарайтын Жылтыр және Талдықұм  ауылдарында 701 адам тұрады.

— «Туған жерге тағзым» акциясы біздің ауылда белсенді жүзеге асырылып келеді. Ауылдан түлеп ұшып, жан-жақта әртүрлі қызметте жүрген жерлестеріміз туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Оның нақты бір көрінісі — ауыл түлегі, кәсіпкер Тимур Әминов құны 40 миллион теңгеге балабақша ғимаратын салып берді. 2019 жылы Жылтыр ауылындағы Төлтай Шанов орта мектепті бітіруші түлектер партизан, соғыс ардагері, ұлағатты ұстаз Төлтай Шановтың бюстін жасатып, тарту етті. 1989 жылғы мектеп түлектері Жылтыр ауылына кіреберіс жерге стела орнатты. Өткен жылы ауыл тұрғындарының көмегімен құны 140 мың теңгеге Жылтыр ауылының кіреберіс тасжолына қиыршық тас төселді. Былтыр Төлтай Шанов орта мектебінің құрылғанына 100 жыл толды. Осыған орай «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде мектептен филология ғылымының докторы, әдебиеттанушы, Қазақстаннның құрметті журналисі, ауыл мектебінің түлегі Серікқали Байменше атындағы жаңа үлгідегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ашылды, — дейді Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжанов.

Сондай-ақ оның айтуынша, 2005 жылғы мектеп түлектері құны 80 мың теңге тұратын үстел теннисін тарту еткен. Мектепте ұстаздық қызмет еткен Здан Бекжанұлы мен Күлән Әбдікқызының ұрпақтары тарих-география кабинетін жарақтауға атсалысқан. Сондай-ақ 2006 жылғы мектеп түлектері құны 100 мың теңгеге мектеп ғимараты терезелерін жылжымалы пердемен жабдықтаған.

Туған жердің әр түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен,  алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні белгілі. Себебі азамат бойындағы барлық жақсы қасиеттер ата-анадан кейін туған жердің топырағынан дариды. Ауылдың ажарлануына жұмыла қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың ісі көпке үлгі болары сөзсіз.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button