Жаңалықтар

Жолаушылар үшін «Шұбат-пати» ұйымдастырылды

Наурыз мейрамында Ақтөбе-Хромтау бағытындағы тасжол бойында «Шұбат-пати» ұйымдастырылды. Бұл — «Наурыз шуағы» мерекелік онкүндігі аясында  ұлттық тағамдар күніне орай өткізілген шара.

Ақтөбе-Хромтау тасжолында орналасқан «Әлем» кемпингінің аумағында ұйымдастырылған «Шұбат-пати» шарасының басты мақсаты — ұлттық сусындарымыздың денсаулыққа пайдасы мен маңызын халыққа түсіндіру, ақпараттандыру. Шара барысында жолаушыларға халқымыздың ұлттық тағамдары, оның ішінде шұбат, қымыз, наурызкөже берілді.

Бұл күні ақтөбелік шаруа қожалықтары мен өнерпаздар жолаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Соның бірі — облыстағы «Ақшоқы» шаруа қожалығы. Бұл қожалық өз өнімдерін оюлы астау ыдыстармен ұсынды. Жолаушылар мен жүргізушілерге қожалық өкілдері көрсеткен сый — ыстық бауырсақ пен шұбат.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, «Шұбат-патиге» Ырғыз, Байғани, Мәртөк, Алға және басқа да аудандардың фермерлік шаруашылықтары өз өнімдерін әкелді. Нақтырақ айтсақ, 200 литр қымыз бен шұбат, сондай-ақ қазы-қарта, жент, құрт, тары, талқан  сияқты өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.

«Әлем» кемпингінің ішінде де мол дастарқан жайылды. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне қатынайтын жүк көліктерінің жүргізушілері қазақы қонақжайлықтың куәсі болып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button