Жаңалықтар

Облыстық басқарма басшылары есеп берді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық басқарма басшыларының 2020 жылғы жұмыстарының нәтижелері туралы есептерін тыңдауды жалғастыруда.

Жиында алдымен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов облыста алты саяси партия барын, 776 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін баяндады. Олардың 150-і бүгінде белсенді жұмыс жасап жатыр. Ақтөбе қаласында — 648, аудандарда 128 үкіметтік емес ұйым тіркелген.

  • Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыс бойынша карантин салдарынан жоспарланған 92 жобаның 73-і жүзеге асырылды. Биылғы жылы 93 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу, көпбалалы аналарға арнап майдан-кеңсе ашу, тағы басқа жобалар бар, — деді басқарма басшысы.

Бұдан кейін отырыста облыс әкімі Оңдасын Оразалин: «Мұқият талдау жүргізіп, үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық және саяси тұрақтылықты, халықтың әлеуметтік осал топтарын қамтамасыз ету үшін тиімділігін анықтау керек. Қоғамдық бірлестіктер бізге тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектесулері керек. Олардың пайдасын еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін, барлық ақтөбелік көруі тиіс», — деп атап өтті.

Бүгінгі күні өңірде мемлекеттік ақпараттық саясат аясында халықпен кері байланысты жолға қою, «Құлақ түретін мемлекет» қағидасын жүзеге асыру шаралары қабылданып жатыр. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақстанның 30 жылдығына орай «Туған жерге тағзым», «Тәуелсіздік тағзым», сонымен қатар «Ақтөбе – алтын бесігім» жобалары аясындағы арнайы жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.

Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Сәбит Мұқанов өңірде 81 мыңға жуық экономикалық белсенді, 6,7 мың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың бар екенін жеткізді.

Бүгінде облыстағы жұмыссыз жастардың деңгейі өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 1,5 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда, екі есеге азайып отыр. Өткен жылы 25 мыңға жуық жасты жұмысқа орналастыру шаралары қабылданған болатын. Олардың ішінде 12 998 адам тұрақты жұмысқа орналасты. «Дипломмен — ауылға» жобасы аясында тұрғын үй сатып алу үшін 252 жас маман несие, 577 маман көтермеақы алды. «Жастар тәжірибесі» жобасына 3274 жас тартылып, оның 1526-сы тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша былтыр 334 адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, оның 149-ы грант пен несие алды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 212 жас отбасыға жалдамалы пәтер берілді, — деді С.Мұқанов.

Жиында сондай-ақ өңірде «Серпін-2050» бағдарламасының тиісті дәрежеде орындалмауы, аула клубтарының жоқтығы сөз болды. Осыған байланысты облыс әкімі Ақтөбе қаласында, Қобда, Ойыл, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би және Мәртөк аудандарында спорттық және мәдени-сауықтыру мекемелерінің жанынан аула клубтарын ашу мәселесін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар облыстық білім, денсаулық сақтау басқармаларына, қала мен аудан әкімдеріне жастар арасындағы суицид пен құқықбұзушылықтың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау керектігі ескертілді.

Оңдасын Оразалин облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысына ​ кәсіпкерлік басқармасы және «Атамекен» өңірлік палатасымен біррлесіп, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жұмысшы мамандықтарына оқыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Бұдан кейін облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Ысқақов Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда тілдерді оқыту орталығының тілдік курстары жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2007 жылдан бері өңірде 18​ 988 адам қазақ тілін үйренсе, оның 4​391-і — өзге ұлт өкілдері. Қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекеттік тілді әртүрлі деңгейде білетіндердің үлесі 94%-ға жеткен. Бүгінге дейін облыстағы 167 елді мекен өздерінің тарихи атауларын қайта алған. Ақтөбе қаласы мен аудандарда көшелер түгенделіп, облыстық ономастикалық комиссия отырысына 148 ұсыныс түскен.

Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі — жарнама мен көрнекі ақпараттарда Тіл туралы заңнаманың сақталмауы. Бұл бағыттағы тексерістердің нәтижесі бойынша 1183 нысанда 793 заңбұзушылық анықталып, барлығы жойылған.

Жиын соңында облыс басшысы барлық сала бойынша өңірде жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button