Жаңалықтар

Оқушылары он тілді үйренетін мектеп

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 1200 орынға арналған «Білім» мектеп-гимназиясы салынатын құрылыс алаңында болды.

Кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағанбетова өңір басшысына бұндағы объектідегі құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 жылы басталғанын айтты. Ірі жобаға инвестор 3,1 миллиард теңге салған, соның ішінде 1,8 миллиард теңге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде алынған.

Оқу ордасының территориясы — 2,6 гектар. Мектепте 48 сыныптық бөлме, 5 компьютерлік кабинет, 2 шеберхана, 560 орындық акт залы, 2 медициналық кабинет, т.б. болады. Жалпы білім беретін мекеменің оқушылары 10 тілді меңгеретін болады. Сондай-ақ ұзартылған күн топтары, дамыту үйірмелері болады.

Мектеп алаңын аралап көрген облыс әкімі: «Бұл ірі жоба толықтай жеке инвестордың қаражатына тұрғызылады. Біз инвесторлардың есебінен облысымыздағы көптеген проблемаларды шешетін боламыз. Мысалы, осы әлеуметтік нысан қаладағы бірнеше мектептің жүгін жеңілдетеді. Мұнда екі кезекте 2400 оқушы білім алады», — деді.

Мердігер «Construction Group» ЖШС бұл объектінің құрылысын биылғы жылдың шілде айында аяқтауға уәде беріп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button