Денсаулық

«Той жасап, садақаға баруды тоқтатыңыздар!»

Облыста коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Соңғы тәулікте індет жұқтырған 54 адам тіркелсе, 5 адам пневмонияға шалдыққан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тұрғындарды жағдайға салғырт қарамауға шақырды.

Облыс қазір сары белдеуде тұр. Індет жұқтырғандар саны күн сайын өсуде. Бүгінгі күні облыстық наркология бөлімшесінде 91 адам жатыр. Облыстық фтизиопульмонология орталығында 96 адам ем қабылдауда. Осы орталықтан арнайы КВИ+  бойынша  қосымша 70 кереует аштық. Себебі адам толық. Тағы 200 кереует дайын тұр.  Жалпы дайындалған кереуеттердің 52,7 пайызы толды. Дәрі-дәрмек, аппараттар саны жеткілікті. Бірақ тұрғындар карантин талабын сақтамай отыр. Қазір бір отбасынан бірнеше адам ауырып, бір ұжымнан ондаған адам вирус жұқтырып жатқан жағдайлар көп. Сондықтан барынша сақтанып жүру керек. Той-садақаға бармаңыздар. Тығылып той жасамаңыздар. Медициналық бетперде тағып, антисептик пайдаланыңыздар.  Жақын күні мешітке барып, ескерту жасадым. Адам лық толы. Мешіттің алды қаптаған көлік. 

Егер ескертуге құлақ аспай, осылай алаңсыз жүре берсек, қызыл аймаққа кіреміз. Ол кезде блок-бекеттер қойылады, барлық жер жабылады.

Тек қала емес, аудандарда да вирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. Қазір Ойыл аудандық ауруханасында 30 адам жатыр. Тағы 40 кереует қосымша ашылды. Сондықтан облыс тұрғындарын қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырамын, — деді Рүстем Исаев.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің соңғы қаулысы бойынша  ұжымдық, отбасылық, салтанатты кештер, яғни банкеттер, үйлену, қыз ұзату тойы, мерейтойлар, ас беру секілді шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады.

Қазіргі таңда облыс бойынша инфекциялық аруханаларда 263 адам ем алып жатыр. Оның 187-сі Ақтөбе қаласындағы емдеу мекемелерінде жатса,  15 науқас жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Екі адам ИВЛ аппаратына, 7 адам инвазивті емес ИВЛ аппаратына қосылған. Карантиндік стационарда 35 адам жатыр.

Қазір қалада коронавирус инфекциясына тестілеу жүргізетін  10 зертхана жұмыс жасап тұр. Олар — «Ұлттық сараптама орталығы» мекемесінің облыстық филиалы,  «КДЛ Олимп» ЖШС-ның  Ақтөбе филиалы, «INVIVO», «Әйгерім», «Зере Медикалс»,  «Инвитро», «Здоровое поколение», «Шипагер», «Лабмедсервис» ЖШС-лары және облыстық фтизиопульмонология орталығы.

Қазіргі таңда  414 025 ПТР-тест алынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button