Бір тәулікте КВИ жұқтырған 50 адам тіркелді

22 наурыз күні Ақтөбе облысы коронавирус инфекциясы таралуының көбеюіне байланысты жасыл аймақтан сары аймаққа өтті. Себебі күн сайын тіркеліп жатқандар саны көбейіп отыр.
24 наурызда бір тәулік ішінде КВИ-мен ауырған 50 жағдай тіркелді. Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев «Вакцинация мен КВИ бойынша ағымдағы жағдай туралы» тақырыбында өткен тікелей эфир барысында өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.
— Бір тәулік ішінде облыста КВИ-мен ауырған 50 жағдай тіркелді, оның ішінде ауру симптомдары бар – 40 (Ақтөбе қаласы – 28, Мұғалжар ауданы – 1, Алға ауданы – 1, Ойыл ауданы – 9, Темір ауданы – 1), симптомсыз – 10 (Ақтөбе қаласы – 7, Алға ауданы – 2, Ойыл ауданы – 1) адам тіркелді. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 1%-ға жетіп отыр. Соңғы күндері аурудың тіркелуі көбейіп кетті. Соңғы 4-5 күндегі статистиканы алайық: 20 наурызда — 37 адам, 21 наурызда — 39 адам, 22 наурызда — 40 адам, 23 наурызда — 28 адам, 24 наурызда 50 адам тіркеліп отыр. 22 наурыз күні Қазақстан Республикасының аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды аудандар тұрғысынан бағалау матрицасына сәйкес Ақтөбе облысы жасыл аймақтан сары аймаққа өтті. Соған байланысты Ақтөбе облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 22 наурыздағы №ПГСВ-10 «Ақтөбе облысының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулысы шығарылды. Қаулы барлық мүдделі мекемелерге жіберілді, әлеуметтік желілерде таратылды, — деді Н.Беркімбаева.
Рүстем Исаевтың айтуынша, соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 50 адаммен бірге коронавирусты пневмония жұқтырған 5 адам тіркелген. Соңғы тәулікте вирус жұқтырған екі адам қайтыс болған.
— Қазіргі уақытта инфекциялық ауруханаларда 214 адам ем алып жатыр, оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша — 152 адам, аудандарда 62 адам ем алып жатыр. Реанимацияда 13 науқас бар. Жасанды өкпе желдеткішіне 2 адам, инвазивті емес жасанды өкпе желдеткішіне 6 адам қосылған. Жалпы облыста 4854 адам КВИ жұқтырды, оның 4435-і жазылып шықты. 288 адам қайтыс болды, соның ішінде соңғы тәулікте 2 адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта облыстық инфекциялық ауруханада — 58 адам, облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығында 94 адам ем алып жатыр. Аудандарда 62 адам ем алып жатыр. Оның ішінде Ойыл ауданында — 23 адам, Темір ауданында — 8 адам, Хромтау ауданында — 8 адам, Қарғалы ауданында — 7 адам, Мұғалжар ауданында — 7 адам, Ырғыз ауданында — 3 адам, Қобда ауданында — 2, Алға ауданында 2 адам ем алып жатыр. Жалпы алғанда бүгінгі таңда 133 кереует бос орындар бар. Коронавирус инфекциясын анықтайтын 10 зертхана жұмыс істеп тұр, — деді ол.
Р.Исаев бүгінде стационарлық кереуеттер саны көбейтіліп отырғандығын айтты. 18 наурыз күні облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығында қосымша 70 кереует қойылған.
— Ауру саны көбейіп отырғанына байланысты кереует санын арттыру қажеттілігі байқалып отыр. Қазіргі уақытта сырттағы онкологиялық ауруханадағы стационарда адамдар толық болғасын, облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығында қосымша 70 кереует қойылды. Стационарларда жүктемені азайту керек. Себебі науқастарды алдымен облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығына алып келеміз, себебі ол жерде вирустың бар-жоғын бір сағат ішінде анықтайтын аппарат бар. Сонымен бірге облыстық әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, оттегі станциясы қойылған болатын, оттегі беру орталықтандырылған, — деді Рүстем Исаев.
Статистикаға қарасақ, вирус жұқтырғандар арасында егде жастағыларға қарағанда отыздағы жастар көбірек. Қараңыз: 1 қаңтардан бастап 30-39 жастағылар арасында — 106 жағдай, 40-49 жастағылар арасында — 94 жағдай, 50-59 жастағылар арасында — 85 жағдай, 60-65 жастағылар арасында 55 жағдай және 66 жастан жоғарылар арасында 87 жағдай тіркелген.
- Бұл адамдардың арасында көпшілік жерлерге барудың, қарым-қатынастардың азаймай отырғандығын көрсетеді. Бүгінде облыста 47 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Соңғы 5 күннің ішінде 15 мекеменің шектеу шараларын орындамай отырғандығы туралы арыз-шағым түсті, егер шағымдар дәлелденсе, әкімшілік шара қолданылатын болады. Жыл басынан бастап 141 шағым түсіп, 19 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, — деді Н.Беркімбаева.
Вакцинация туралы да айтылды. Р.Исаевтың айтуынша, бүгінге дейін 12 мың доза вакцина алынған. Сәуір айында тағы 69 мың доза вакцина әкелінеді. Оны тұрғылықты тіркелген жері бойынша 18-65 жастағы азаматтар ала алады.
Сәуір айында мектептерде төртінші тоқсан басталады. Балалар Ақтөбе облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес оқитын болады.
- Жыл басынан бергі үш айда КВИ жұқтырған 31 оқушы тіркелді. Қаңтарда — 4, ақпанда — 12, наурыз айында 18 жағдай тіркелді. Төртінші тоқсанда балалар әзірге бұрынғы қаулыға сай оқи беретін болады. Дегенмен 1 сәуірге дейін әлі де 4-5 күндей уақыт бар, осы уақыт аралығындағы эпидемиологиялық жағдайға қараймыз. Ал балабақшаларда 24 наурыздан бастап тек кезекшілік топтар ғана жұмыс жасайды, — деді Н.Беркімбаева.
Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 4854 жағдай тіркелді, оның ішінде 53,9%-ы — ауру белгілерімен (2621) және 46%-ы — симптомсыз (2233) жағдай. 4370 (90%) науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында – 3499 жағдай, оның ішінде (1401-і симптомсыз), Әйтеке биде – 21, Алғада – 120, Байғанинде – 59, Ырғызда – 54, Қобдада — 21, Қарғалыда – 62, Мәртөкте – 169, Мұғалжарда – 225, Темірде – 209, Ойылда – 104, Хромтауда – 174, Шалқарда 137 адам КВИ жұқтырды.
Жалпы тіркелген 4854 науқастың 3,1%-ы (153) — сырттан әкелінген, 16,6%-ы (809) — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 80,1%-ы (3892) — жергілікті жағдайлар, оның ішінде 30,5%-ы (1189) — профилактикалық мақсатта тексерілгендер.
Н.Беркімбаева тұрғындардан босаңсымауды, бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, көпшілік жерге себепсіз бармауды сұрайды. Сонымен бірге тәртіп бұзғандарды көрген жағдайда фото, видео дәлелдерді ұсына отырып, мониторингтік топтарға хабарласу қажеттігін айтты.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



