Мереке

Нұргүлдің наурыз көжесі

Ұлыстың ұлы күнінде әр қазақтың дастарқанында наурызкөже тұрады. Жылдың басы Наурызды қазақ көжесіз қарсы алмайды. Наурызкөжеге жеті түрлі дәм қосылады. Бірақ арнайы бір мәзірі жоқ, яғни әркім қолында бар тағамды қосады. Ертеректе көжеге міндетті түрде арпа, бидай қосқан. Себебі жуанның жіңішкеріп, әлсіздің үзілетін шағы көктемде  адамның бойындағы дәрумендер қоры азайып, иммунитет әлсірейді. Ал арпа мен бидай қосылған наурызкөже бойға қуат береді, оны ішкен адам сергек жүреді екен. Қазір наурызкөжені әркім өзінің рецептісі бойынша әзірлейді. Шалқар қаласында тұратын көпбалалы ана Нұргүл Әкімбаева наурызкөжеге міндетті түрде бидай қосатынын айтады. Нұргүл биыл алғашқы көжені 14 наурыз күні жасапты.

— Бала кезімде әжем Әйім: «Наурыздың он үшінде тоқсан шығады» дейтін. Қазір 14 наурызды Көрісу күні ретінде тойлап жүрміз. Биыл көжені ерте жасадым. Көжені әркім қолында бар тағаммен әзірлейді. Бірі бидай, бірі арпа, енді біреулері жүгері, күріш, қарақұмық қосады. Құрт, айран, сүт қосатындар бар. Сондықтан болар, әр үйдің наурызкөжесінің дәмі бір-біріне ұқсамайды. Мен наурызкөжеге міндетті түрде сүр ет, қазы,  бидай, айран, мейіз, кептірілген өрік, құрт қосамын. Бала кезімде әжем бидай мен  арпа қосатын. Бидайды түйіп, тазартып отыратын еді. Ал арпаның пайдасы көп дейтін. Шынымен солай. Арпа кальций, калий, марганец, темір минералдары мен А, Д, PP дәрумендеріне өте бай екен. Ал бидайдың құрамында В тобындағы барлық дәрумен мен белсенді ферменттер бар. Мен көжеге бидай қосамын. Түйіп, тазартамын. Бидай қосылған көженің дәмі ерекше болады. Сүрленген қазының сорпасы астың дәмін тіпті дәмді етеді, — дейді Нұргүл.

Жылда 21 наурыз күні Нұргүл үлкен қазанға мол қылып наурызкөже асатынын айтады.

—  Ұлыстың ұлы күнінде дастарқанда міндетті түрде наурызкөже тұрады. Үйде жетпістен асқан енем бар. Ол кісінің балалары мен ағайын-туыстар және көрші-көлем сәлем беріп, мерекемен құттықтап үйге келеді. Сондықтан 21 наурыз күні үлкен қазанға көже асамын. Үйге келгендерге көже құйып беремін. Ауыз тисін деп ыдысқа құйып, ұстатып жіберемін. «Наурызкөжені тойып ішу керек, жыл бойы тоқ жүресің. Молшылық пен тоқшылықта боласың» дейтін үлкендер. Үйдегі балаларыма құйып берген көжені тауысып қою керектігін айтамын. Қазіргі балалар асты талғап ішеді. Дүкеннің тамағына әбден үйреніп кеткен. Көжені әрең ішіп, тауысады. Осыларға қарап кейде ұлттық тағамның қадір-қасиетін, пайдасын жиі айтып отыру керек-ау деп ойлаймын, — дейді Нұргүл.

Соңғы жылдары Шалқарда Наурыз мейрамын көше-көше болып тойлау сәнге айналған. Көшеге ұзын қылып дастарқан жайылады. Көршілер бірі көже, бірі бауырсақ, енді бірі түрлі тәттілер әкеліп, дастарқанды толтырып қояды. Көше бойындағы барлық үйдің тұрғындары жиналып, бір дастарқан басынан дәм татады, наурызкөже ішеді. Ән айтып, би билейді. Балалар асыр салып мәз болады. Індет басталғалы бұлай тойлауды тұрғындар тоқтатқан.

— Наурызкөже туралы аңыз-әңгімелер көп. Соның бірін әжем айтып отыратын. Ол кісінің айтуынша, ілгері заманда бір елде адамдар арасындағы ауызбіршілік азайып, бірін-бірі тыңдамайтын, жастар үлкенді сыйламайтын жағдайға жетіпті. Елді бірлікке шақыру үшін тұрғындар үлкен тайқазанға ас пісіреді. Қазанға әркім қолында бар дәмді салады. Бір қазаннан ас ішкен адамдардың бауырмалдығы артады, олар бір-біріне қастық ойламайды деп сенген. Сол уақыт наурыз айына тұспа-тұс келіпті дейді. Наурызкөженің тарихы осылай басталған деуші еді. Қалай десек те наурыз — достықтың, бауырмалдықтың мерекесі, — дейді Нұргүл.

Нұргүлдің жасы 40-та. Алты баласы бар. Өзі бала күтімімен үйде отыр. Күйеуі Жантұрсын жұмыс жасайды. Нұргүл биыл да наурызкөже жасайды.

 

АРПА, БИДАЙ АС ЕКЕН…

 «Ақтөбе» газетіне берген бір сұхбатында өңірге белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабаев былай дейді:

— Наурыз айында күн мен түн және үркер жұлдызы бір сызықтың бойында тоғысады екен. Бұл күні адамдарға ұйықтауға болмайды деген наным бар. Егер адам ұйықтап қалса, қаны бұзылады деседі. Сол себепті осы күні адамға сергектік сыйлайтын наурызкөже ішетін болған. Наурызды қыстан арып-ашып шығатын ағзаны қалпына келтіру үшін де пайдаланған. Наурыз көжеге құрамында гемоглобині көп арпаны сол үшін қосады екен. Бала кезімде аналарымыздың наурызкөжеге бидайды келіге түйіп, қосып жататыны  есімде қалыпты. Көжеге міндетті түрде жамбастың шұқыршағын, соғымның тобығын салатын дәстүр бар. Қазақ «жамбасты қазанның құты, тобықты тоқшылықтың белгісі» дейді. Үйден құт, дастарқаннан тоқшылық кетпесін деген ырыммен жамбастың шұқыршағы мен тобықты өз қазанында асып, өз тісіне тигізетін болған.

ӘЛЕМ ЖӘНЕ НАУРЫЗ

Наурыз мерекесін Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан, Албания, Грузия, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Дағыстан және Өзбекстан мен Тәжiкстан елдері  атап өтедi.  Наурыз — түркітілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі.  Әр ел өзінше тойлайды. Бірақ мерекенің мақсаты бір. Ол татулық пен бірлікке шақырады. 

Наурыз мерекесін әр ұлт әртүрлі қарсы алады. Түрлі тағам әзірлейді.  Сонымен…

Қарға ботқа

Татарлар наурыз мерекесін ерекше атап өтеді. Бұл күнi татарлар мерекеге арнап жаңа киім сатып алады. Үй iшiн тазалап, жапқыштарды жаңартып, мiндеттi түрде ақ дастарқан жаяды. Ұлттық тағамдар – шәк-шәк, губадия, кабартма, ляваш, бәлiш қойылады. Мереке күнi бiр-бiрiне қонаққа барып, ескi жылдан қалған өкпе-назы болса, кешiрiм сұрап, көңiлдерiн жiбiтедi. Татарлар наурызкөжеге ұқсас «Қарға ботқасын» әзірлейді.

Семени

Әзірбайжандар мерекені наурыз айы кіргеннен бастап тойлайды. Әр аптаның екiншi күнi табиғат құбылыстары су, жел, от, жерге  арнап алау жағылады. Соңғы төртiншi алау жер, топыраққа  арналады. Яғни бұл «ақырғы сейсенбi» деп аталады. Ал наурыздың жиырма бірі күні барлық әзірбайжандар жаңа күнді өз отбасында қарсы алады. Жиырма екісінде қонақ күтіп, бірін-бірі құттықтайды. Бұл күндері  тек қана  жақсы сөздер айтылуы тиiс. Наурыз күнi ескi өкпелер ұмытылып, араздасқан туыстар бiрiн-бiрi кешiрiп, дастарқан басына жиналады. Наурыз айы басталған кезде әзірбайжандар бидайдың  тұқымын егеді екен. Дәннен өнiп, өскен бидайдың өркенiне қарап келген жылдың қаншалықты берекелi болатынын болжайды. Оны қызыл лентамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды.

Сумалак

Наурыз мерекесінде өзбек халқы сумалак әзірлейді. Бұл астың наурызкөжеден айырмашылығы — бидайды екі күн қайнатып, тайқазанға асады.  Сумалак ұзақ пісіріледі, кейде 24 сағатқа дейін созылады екен. Асты пісіріп жүргенде көңілді ән айтып, би билеп, әзілдесіп жүру керек. Барлығы өз арман-тілектерін айтып, келер жылдан жақсылық күтіп, астан ауыз тиеді. Халықтың сенімі бойынша, сәбилі бола алмай жүрген келіншектер Алладан перзент сұрап, сумалактан ауыз тисе, тілегі орындалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button