Уақыт жаңарар тылсым сәт…

Халқымыздың дүниетанымына, рухани болмысына сіңген киелі ұғымдардың өте көнеден келе жатқаны аңғарылады. Мысалы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев өзінің «Анығында Алаша хан кім еді?» атты мақаласында ортағасырлық шежіре жинақтаушылар мен зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, Алаша ханды алтай тіл семьясына жататын халықтардың әлі ірге ажыратпаған кезінен ел жадында келе жатқан тұлға ретінде атайды. «Біздің қолымыздағы салыстырмалы-тарихи тілдік материал «алаш» ұғымының неолиттің соңғы кезеңі мен энеолит дәуірінде (қазіргі жыл санауға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда) Ұлы Даланы мекендеген түркілік және үндіеуропалық тайпалардың ішінде қалыптасқанын көрсетеді», — дейді тарихшы. Ғалым Алаша хан есімі мен «алаш» ұғымының бүгінгі күнге дейін жетуін: «Қазақ тарихының ең шешуші кезеңдерінде дала кемеңгерлері бұл ұлы тұлғаға, дара мемлекеттік символға аса көңіл бөліп, жаңғыртып отырғанға ұқсайды», — деп түсіндіріп, Қасым хан заманында Ұлытауда Алаша ханға кесене орнатылуын осының дәлелі ретінде ұсынады.
«Алаш» ұғымы секілді, Наурыз да — есте жоқ ерте заманнан, өте көнеден келе жатқан құндылықтарымыздың бірі. Мәдениеттанушы, этнограф, журналист Серік Ерғали осы мерекенің шығу тарихын, оған байланысты әдет-ғұрыптар мен олардың ел арасында сақталуын 20 жыл бойы зерттеп келеді. Ол Наурыз мерекесінің шығу тарихын халқымыздың мүшелдік уақыт өлшеміне негізделген көне күнтізбесімен байланыстырады.
Біз зерттеушімен әңгімемізді осыдан бастаған едік:
— Мүшелдік уақыт өлшемі — протүркілік, яғни түркі халықтарының ата-бабалары қалдырған ғылыми-тарихи құндылығы. Әр мүшел 12 жылдан тұрады, және әрбір жыл наурыз айынан басталады. Кезінде Шоқан Уәлихановтың өзі ай аттарын арабша, орысша, латынша жазып, астрономиялық күнтізбенің сызбасын қалдырған. Сонда жылдың бірінші айын «март», яғни наурыз айы деп көрсеткен. ХVII ғасырға дейін Батыс мемлекеттері де жылды юлиан күнтізбесі бойынша наурыздың бірінші күнінен бастаған. Ал бүгінде юлиан күнтізбесі қолданыстан шықты. Қазіргі григориан күнтізбесі бойынша бұл күн наурыздың он төртіне сәйкеседі. Яғни осы күні ескі жыл кетіп, жаңа жыл келеді. Ата-бабаларымыздың дүниетанымы бойынша, 14 наурыз — жыл басы, уақыттың жаңару нүктесі. Наурыз мерекесі Ұлы далада нақ осы күннен бастап тойланған, — дейді ол.
— 1926 жылдан бастап тыйым салынған Наурызбен біз 1988 жылы қайта қауыштық. 22 наурыз күні — Наурыз мерекесі ретінде белгіленді. Бұл — күн мен түннің теңелетін уақыты. Наурыз мерекесінің мән-мағынасын осы күн мен түннің теңелуінен іздеп келдік емес пе?
— Наурыз айы — көктемнің басы. Көктем — тіршілік атаулыға жан бітіп, барша табиғат түлейтін мезгіл. Көне күнтізбеде халқымыз жылды төрт тоқсанға бөліп, төрт дүлейге (стихияға) тиесілі санаған. Бұлар: жылтоқсан (көктем), оттоқсан (жаз), күзтоқсан (күз) және желтоқсан (қыс). Жылтоқсанда немесе көктемде су дүлейі патшалық құрса, жазда — от дүлейі (отығу, демек, қуаттану, от — қуат ұғымының белгісі), күзде — топырақ дүлейі (табиғат күзеліп, айталық, ағаштардың жапырағы түсіп, топыраққа сіңеді), ал қыста ауа (жел) стихиясы үстемдік етеді. Әр тоқсан 90 күннен тұрады, артық 5 күн «бесқонақ» аталған.
Халықтың көне түсінігі бойынша, мәңгілік уақыт айналымдардан тұрады, ал мүшел сол уақыттың айналдыратын, алға жылжытатын доңғалағы іспетті. Мүшелдің әр жылы бір-бір жануарға тиесілі. Осы жыл иелері сақ-скифтердің әлемге әйгілі «хайуанаттар стилінде» кездесетін жануарларға өте жақын. Тышқан жылының келуімен жаңа мүшел басталады, сол секілді наурыз айының келуімен жаңа жыл басталады.
Наурызды атап өтуге тыйым салынды дегенмен, қазақ ауылдарында оны тойлау кеңес заманында да үзілген жоқ. Біздің ата-әжелеріміз 14 наурыздан бастап тойлайтын. Мен туып-өскен Байғанин өңірінде 14 наурызда бүкіл ауыл жасанып, бір-бірімен көрісіп, «Жас құтты болсын!» айтысып, мәре-сәре болушы еді. Ал 1988 жылға келсек, бұл — әлі де Кеңес Одағының құрамында жүрген кезіміз. Ол кезде мерекені қайта жандандыру үшін идеологиялық негіз керек болғандықтан, күн мен түннің теңелетін уақытын алға тарту дұрыс саналса керек. Жалпы, қазақ жерінде Наурызды тойлау бір күнмен шектелмеген, наурыздама бір айға дейін жалғасқан. Соның ішінде қазіргі күнтізбедегі 21 наурыздан 22-сіне қараған түн — Қыдыр түні, 22 наурыздың таңы жылдың Бас таңы ретінде тойланған.
— Қазір қазақша жыл басы саналатын Наурыз мерекесі осы 21-22 наурызға белгіленгендіктен, 14 наурызға «Амал күні», «Көрісу күні» деген түрліше атаулар жапсырылатын болды. Әлеуметтік желілерде осы тақырыптағы дау-дамайдың шет-шегі көрінер емес…
— Көрісу, әрине, бұл күннің атауы бола алмайды, ол жыл басы Наурыз мерекесіне тән ғұрыптардың бірі ғана. Мысалы, сыңсу күні, бет ашу күні деп айтпаймыз ғой? Бұлар этнографиялық құндылықтарды дәріптейтін ғұрып-жоралғылар ғана. Көрісу де мүшелдік жылдың басын дәріптейтін ғұрып. Негізі, жыл басын тойлайтын күнге тән үш ғұрып бар: үй-үйді аралап көрісу; «Жасың құтты болсын!» деп айту және үйге келіп көріскен адамға сыйлық беру. Ертеде қазақтар туған күнді тойламаған ғой. Жақын-жуық, жан-жағын тегіс жылына бір рет жаңа жасымен құттықтаған…
Көрісу ғұрпы 14 наурызбен, яғни бір күнмен шектелмейді, айтып өткеніміздей, наурыздаманың өзі бір айға созылады. Сосын тек Наурыз ғана емес, көне түркілерде жылдың төрт мезгілінде төрт ұлы мереке болған. Жазда, жылдың ең ұзақ күнінде Сабатой деген мереке тойланған. Мысалы, сахалар қазір оны өздерінің ұлттық жаңа жылы ретінде тойлап жүр. Ата-бабаларымыз күзгі күн мен түннің теңелуін де атап өткен, отырықшы түркілер оны Сабантой атаған, көшпенді түркілер де тыс қалмаған… Ал қыста Нартуған мерекесі болған. Яғни жылдың ең ұзақ түнінде Күн өліп, үш күннен соң қайта туады. Бұл мереке кезінде ғұндармен бірге Еуропаға барып, Рождество болып «орнығып», қазір христиандардың мерекесіне айналып кетті. Ал, шындығында, ол — христиандықтан әлдеқайда бұрын пайда болған мереке. Аталған ұлы мерекелердің бәрі де Күн мен түннің арбасуынан туындаған. Олардың бәрінде де көрісу ғұрпы болған деп ойлаймын. Мысалы, 1736 жылы ағылшын этнографі Джон Кэстль Тевкелевтің аудармашысы Құлбай деген кісіге еріп, Арал мен Атырау теңіздері аралығындағы ауылдарды аралайды. Сол сапарында Жем бойындағы Әбілқайыр хан ордасынан көрген көрісу ғұрпын суретке салған. Суретте көрісіп жатқан екі ер кісі мен олардың артқы жағында сәлем етіп отырған әйел адам бейнеленген. Сақталған ақпаратқа сай, Кэстльдің сапары маусым-шілде айларына дөп келген. Демек, ол Сабатойға тап келіп, соның үстіндегі көрісу ғұрпын көрсетсе керек…

— Көрісу ғұрпының тек батыс облыстарда ғана сақталып қалуы да кейбіреулердің «қазақтың 14 наурызды — жаңа жылдың басы ретінде тойлағаны рас па?» деген күдігін қоюлата түсетін сияқты?
— Көрісудің практикасы батыста сақталғанмен, теориясы шығыстан табылып тұр. Мысалы, ұлы Абайдың «Жазғытұры» деген өлеңінде:
«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып», — деген жолдар бар. Бұл көрісу ғұрпының Абай заманында шығыста да болғанын көрсетеді.
Ал Шәкәрімнің ұлы Ақат та өзінің естелігінде, әкесінің айтуы бойынша, қазақтардың жылды 14 наурыздан (ескіше 1 наурыздан) бастағанын жеткізді. Негізі, маған басқа аймақтардан да: «Бұрын біздің жақта да 14 наурызда көрісетін болған», — деп, оған дәлелдер айтып, хабарласушылар бар.
Көрісу — бұрын тек қазақ қана емес-ау, тұтас түркіге тән болған ғұрып, ал бүгінде жаппай көрісу Қазақстанның кейбір аймағында ғана сақталып қалып отыр. Басқа аймақтарда неге сақталмаған дегенге келсек, ХХ ғасырда халқымыздың басынан сан қилы зұлмат өтті. Рухани құндылықтар түгіл, демографиямыздың, санымыздың өзі кері құлдырады емес пе? Ашаршылық жылдарында халықтың жартысынан астамы қырылыпты. Ал халықтың сонша бөлігі қырылғанда, құндылықтарымыздың қанша бөлігі жойылып кетті? Бізге осы сұрақ төңірегінде ойланатын уақыт жетті.
— Наурыз мерекесін ата-бабаларымыз қашаннан бері тойлап келе жатқанын жорамалдауға бола ма?
— Алматының солтүстік-батысында, 170 шақырымдай қашықта орналасқан Аңырақай жотасындағы Таңбалыда сақталған суретті қалпына келтіргенде, біз Наурыз мерекесінің тарихи куәлігін немесе тарихи төлқұжатын тапқандай болдық. Суретке мен былайша түсінік беремін: онда жербетілік мақұлықтардан әлдеқайда ірі екі тұлға бейнеленіпті: оң жағындағы күндидарлы адамкейіпті тұлға «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түндидарлы сайтанкейіпті Ыңыр (Іңір — қазақта күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған) тұр. Олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, одан жоғары — жайылып жүрген ала баспақ, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астында мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл — сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі — көктем, жаз, күз және қыс. Олардан төмен түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Бұлар — жылдың он екі айы. Бұл сурет — ежелгі Наурыз мерекесінің рәсімі, яғни сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі!
Таңбалыдағы бұл Тәңір-Іңір петроглифінің «жасын» зерттеушілер 5 мың жыл шамасында деп болжайды. Демек, Наурыз — Ұлы далада кемінде 5 мың жылдан бері тойланып келе жатқан ұлы мереке. Ол шумерлер заманынан, тіпті одан әріден де тойланып келе жатқан болуы мүмкін.
Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.



