Мереке

Балалар жүген өріп, ұршық жасайды

Самат Назаровтың оқушыларды, оның ішінде ер балаларды қолөнерге баулып жүргеніне отыз жылға жуық уақыт болды. Тәжірибелі маман бүгінде Әйтеке би ауданының Тереңсай орта мектебінде қызмет жасайды.

Еңбек — өте қиын пән

Былтыр күзде облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына барған жұмыс сапарында Әйке ауылдық округіне қарасты Тереңсай ауылына да ат басын бұрған еді. Аймақ басшысы Тереңсайдағы орта мектептің жай-күйімен танысып, қолөнер үйірмесіне қатысатын балалардың қолынан шыққан туындыларға таңданыс білдірген болатын. Себебі ағаштан, қайыстан және түрлі шикізат өнімдерінен жасалған бұйымдар көздің жауын алады. Әрбір қолөнер бұйымын көрмеге қоятындай етіп дайындаған оқушыларды бұл іске баулып жүрген шебер Тереңсай орта мектебінде көркем еңбек пәнінен дәріс беретін ұстаз Самат Назаров.

Туып-өскен жерім — осы Тереңсай ауылы. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бері осы мектепте қызмет етемін. Бұған дейін ауылда құрылыс саласында еңбек еттім. Кейін біліктілігімді арттырып, жоғары оқу орнын бітірген соң, балаларға көркем еңбек пәнінен сабақ беретін боп мектепке орналастым, — дейді С.Назаров.

Бір жерде табан аудармай еңбек еткеніне отыз жылға жуық уақыт болған ұстаз бүгінде ер балаларға көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Балалардың бұл пәнге деген қызығушылығын олардың сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмеге келетінінен-ақ байқауға болады.

Жалпы, көбісі еңбекті қарапайым пән ретінде санайды. Шын мәнісінде, еңбек — өте қиын пән. Ол құрастыру-үлгілеуден тұрады. Бұл — менің жаныма жақын іс. Ауыл балаларының да көркем еңбек пәніне деген қызығушылығы зор. Еңбек пәнінде бір сағатта балалар ешнәрсе үйреніп үлгермейді. Сондықтан олар қосымша үйірмеге келуге тырысады. Себебі бастаған істерін тез аяқтап, нәтижесін көргісі келеді.  Қазір еліміздегі қалыптасқан жағдайға байланысты балаларды мектепке көптеп шақырып, үйірмеде көп уақыт өткізбейміз. Алайда үйірмеге күн сайын 3-4 баладан жинап, жұмыс жасап жатқан жайымыз бар, — дейді кейіпкеріміз.

Қоржынымызда қобыз да, алтыбақан да бар…

Қазір Тереңсай орта мектебіндегі қолөнер үйірмесіне 5-9 сынып аралығында 14 бала қатысады.

Сабақ кезінде де, үйірмеде де балаларға ағаш өңдеу, оны пайдалану жолдарын түсіндіремін. Ағаштан түрлі бұйымдар жасаймыз. Мәселен, қазақы ою-өрнекпен әшекейлеп жасаған ыдыстарымыз, ұлттық аспаптарымыз — домбыра мен қобызды, киіз үй құралдары мен ат әбзелдері, сондай-ақ алтыбақанды жасап шығардық. Әрбір бұйымды жасап қана қоймай, оның бөліктерінің қалай аталуын, жасалу жолдарын түсіндіремін. Мәселен, алтыбақан — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Қазір балалардың көпшілігі алтыбақан теуіп көргенмен, оның құрылуын біле бермейді. Сабақ барысында біз алтыбақанның шағын үлгісін жасап шығардық. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да, жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Сөйтіп, бақандардың жоғары ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Үйірмеде балалар өз қолдарымен арқан есіп, жүген, ноқта да жасайды. Қазір қайысты табу қиын. Сондықтан балалар жүген мен ноқтаны шпагаттан өреді. Кейде комбайндардың ремендерін осындай іске пайдаланамыз.  Өз қолдарымен жасаған бұйымдарын олар тұрмыста да қолданып жүр, — дейді Самат Назаров.

Бір қызығы, ауыл адамдары Самат Назаровтың шәкірттеріне тапсырыспен тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар жасатып алатын көрінеді. Мәселен, кейбір әже-әпкелер ұршық жасатса, балалар өз қызығушылығымен жаңа туған сәбилерге бірнеше рет бесік те жасап беріпті. Ауылдағылар оқушылардың бұл ісіне ризашылықтарын білдіретін көрінеді.

— Ауылда тайға мінетін балалардың қатары көбейіп келеді. Соңғы жылдары балалар тай жарыстарын ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Сондықтан үйірмеге келетін оқушылар көбінесе ат әбзелдерін жасап әрі мұндай құралдардың түрлерін білуге үйір. Мәселен, Айбек Сәрсенбай есімді шәкіртім  атқа мінуге құмар. Ол ауылдағы жабағы, тайларды үйретеді. Тағы бір шәкіртім Бекбол Оспанғали да жылқыға мінгенді жақсы көреді. Осы балалар үйірмеде өздерінің тайларына жүген, ноқта тоқып алып жүр, — дейді С.Назаров.

Ауылда ағаш жоқ…

Облыс орталығынан шамамен 500 шақырым қашықтықта орналасқан Тереңсай ауылының құрылғанына жетпіс жылдан астам уақыт болса да, ауыл айналасында әлі күнге дейін  жасыл желек жоқ. Сондықтан ұстаз  еңбек сабағында, үйірмеде қолданатын ағашты қаладан тасымалдауға мәжбүр. «Ауылға құрылыс материалдары келмейді, тауардың бұл түрін ешкім сатпайды. Ауылдағы тақтайлар ескірген, жұмысқа жарамсыз. Сондықтан  Ақтөбе қаласына барған кезімде арнайы құрылыс жабдықтарын сататын дүкендерге соғып, ағаш тақтайларды метрлеп кескізіп аламын. Әсіресе, қайың ағашынан жасалған тақтайлар жұмыс жасауға өте ыңғайлы, жарылмайды. Шикізаттың бұл түрі көпке шыдайды, өңдеуге де ыңғайлы әрі жасаған бұйымың сапалы шығады. Қайың —мықты ағаш», — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Самат Назаровтың кейбір шәкірттері ұстаздың жолын қуып, қолөнермен айналысып жүр. Бірқатары қалада жиһаз жасайтын, құрастыратын орталықтарда еңбек етеді. Соның бірі — Темірғали Құспанов ұстаздан алған өнеге мен тәжірибені өмірде өз пайдасына жаратып жүр.

Шәкірт жетістігі — ұстаз мерейі

Тереңсай ауылында 2010 жылы пайдалануға берілген орта мектепте арнайы шеберхана да жасақталған. Ішінде ескі станоктар да бар. Қазіргі заманға сай технологиялар болмаса да, ұстаз жетіспейтін құралдарды қолдан жасап, оқушыларды еңбекке баулып жүр.  Ауылдағы өзге әлеуметтік нысандар — балабақша мен Мәдениет үйінде де осы үйірмеде дәріс алатын балалардың жасаған бұйымдары сәндік үшін қойылған.

Бүгінде тереңсайлық оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар аудандық, облыстық және республикалық байқауларда жоғары бағаланып жүр. Самат Назаровтың бірқатар шәкірті халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы ұйымдастырған ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған республикалық шығармашылық байқауда «Суретші болғым келеді» аталымы бойынша үздік нәтиже де көрсетіпті. Шәкірті Айбек Сәрсенбай былтыр «Тұлпар мініп ту алған»  тақырыбында облыстық көркемсурет байқауына қатысып, шығармашылық шеберлігін жоғары дәрежеде көрсете білгені үшін жүлделі екінші орыннан көрінсе, Мұстафа Тұрған, Рауан Смадияров, Темірлан Назар сияқты оқушылары да мектеп мерейін бірнеше рет асқақтатты.

Оқушылар жасаған қолөнер бұйымдары тек байқауларға ғана емес, түрлі деңгейдегі көрмелерге де қойылады. Дәл қазіргі күні олар Наурыз мерекесіне байланысты көрме жасақтап жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button