Саясат

Еліміз абырой биігінен көрінген сәт

Әлемдік қауіпсіздікті сақтайық, ол үшін мынадай-мынадай іс-шаралар қабылдайық деп Қазақстанның қолдан келгеннің бәрін де жасағанын, ал еліміздің нақты ұсыныстарын таразыға тартқандар солардың қажеттігін тегіс мойындағанын, бірақ құжат жүзінде қабылдарға келгенде бүгінгі күннің кикілжіңдері, қырғи-қабақтығы өрелі іске өріс бермей аяққа тұсау, қолға кісен болғанын мамандар, зерттеушілер, сарапшылар – бәрі де нақпа-нақ көлденең тартып отыр.

Енді екі күн бойы өзіміз көзбе-көз кө­ріп, куә болған осынау тарихи оқи­ғаның кейбір жайттары хақында әңгімелейік.

Бір қызығы сол, кешегі КСРО-ның құрамында болған бүгінгі кейбір тәуел­сіз елдер басшылары жақсы біліп тұрса да орыс тілінде сөйлемей, ағыл­шын немесе өз тілдерінде сөйледі. Мысалы, Украина пре­зиденті В.Янукович украинша, Әзір­бай­жан, Грузия президенттері И.Алиев пен М.Саакашвили  ағыл­шын тілінде сөй­леді. Әрине, украин тілі ЕҚЫҰ-ның бес жұмысшы тілінің қатарына енбейді, бірақ В.Януковичтің адамдары оның сөзін бес тілге аударып әкелгенге ұқсайды, өйткені аударма ілеспелі түрде беріліп жатты.

Журналистерге арналған жүрек жал­­ғарлық дәмдер мен шай, кофелер фо­йе­лерде қай кезде барсаң да дайын тұрды. Қызмет көрсетіп жүрген қыз­дар мен жігіттер де барынша биязы, үнемі күлім­деп құрмет пен сыйластық танытты. Бірдеңе сұрасаң, барынша сыпайы жауап береді. Соған қарап, үй­ретсе бізде де сервистік қызметті жо­ғары деңгейде көрсете алады екен-ау деп қалдық.

Ал енді түстік және кешкілік ыс­тық дәмдер шын мәнінде қазақтың дар­қандығын көрсеткен еді. Орысша білетін бір неміс журналисінен дәмі­міз қалай екен деп сұраған едім, “бесподобно” деді ол. Шынында да, қазақ­тың дас­тарқаны журналистерге ұмы­тыл­мас­тай әсер қал­дырды. Берілген та­ғам­дарды тізбелеп шығу да көп орын­ды алған болар еді, сондықтан ол ойы­мыз­дан шұғыл бас тартуға тура келіп тұр.

Бірінші күнгі отырыста көп­теген сөй­леушілер “бес минөттік” шек­тен шы­­ғып, ұзағырақ сөйлеген­діктен, бұл күнге белгіленген он шақ­ты адамға сөз тимей қалды. Мәжіліс уа­қытында аяқталып, сол күні мәрте­белі меймандар концерт тама­шалады. Ал журналистер “Хан Ша­тырға” апа­ры­лып, қо­нақ етілді. Мұнда да концерт көрсе­тіліп, сонымен қатар, “швед үстелі” арқылы берілген дәмнің неше тү­рі­не, тіпті жеңіл ішімдіктерге де шек қойылған жоқ. Бәрі де қазақша айт­қанда, ағыл-тегіл бол­ды. Бірақ тәр­тіп­тілік пен ұстамды­лықтың шегінен шығу орын алған жоқ.

Барлық “қызық” екінші күні бол­ды. Қолымызға берілген бағдар­лама бо­йын­ша күндізгі 12.30-да бәрі аяқ­талып, Пре­зидент Нұрсұлтан Назар­баев­тың қоры­тынды баспасөз мәсли­хаты өтуі тиіс-ті. Бірақ 12.30-да әлі көп адам сөйлеп бола қойған жоқ еді, сондықтан аяқталу уа­қыты 15.00-ге баратын шығар деп топ­шы­лағанбыз. Айтқан­дай, сол уақытта бас­пасөз мәс­ли­хаты өт­етін залға шақыр­ған хабар естілді. Ал­дыңғы жақ­тан орын алмақ­қа ты­рысып, жұрттан бұрын жетіп тұр­мыз. Жарты сағат… бір сағаттай тұр­дық… Еш ақпарат жоқ. Тек әлден уа­қыт­та ғана “пресс-конференция 17.00-ге ауыс­тырылды” деген хабар жетті.

Беске жақындағанда да келіп, үй­ме-жүйме болып тұрмыз. Бұл уа­қыт­та да жарты сағаттан артық тос­тық. Бұл жолы 19.00-ге ауыстырылды деп та­рат­ты. Жетіде келіп едік, 20.00-ге шегерілді делінді.

Жүрек күпті… Шынымен құжат қа­был­данбай қалмай ма, олай болса, сам­мит еш нәтижесіз аяқталады деген сөз ғой…

Журналистерге саммитті көрсетіп жатқан мониторлар сағат 15.00 ша­масында өшірілген. Сондықтан, еш­қан­дай хабар біле алмай, дағдаруда­мыз. Кейбір ұйымдастырушылар мен ЕҚЫҰ қызметкерлерінің телефонмен сөй­лескеніне елеңдесіп қаламыз. Өзі­­міз кө­ріп жүретін Ұйымның бас­пасөз қызме­тінде істейтін бір әйел­дің орыс­шалап: “Проваливается”, дегенін құлақ шалып қалды. Не дейді, шынымен солай бол­ғаны ма? Жоқ, мүмкін емес, Елбасы бұдан да күр­делі жағдай­лардан жол тауып шыға білген сұңғыла саясаткер ғой, дейміз іштей… Сөйте­міз де, Алладан жәрдем тілейміз.

Кешкі 20.00-де болады деген бас­пасөз мәслихаты “белгісіз уақытқа” ше­герілді. Біз түгілі бүкіл еліміздің ес­­ті-басты адамдары бұл мезгілде қат­­ты күдікке шырмалған еді. Басы­лы­мы­мыздың басшылары кезек ха­бар­­ла­сып, не болып жатқанын жиі  сұрауда.

Сағат 21.00… 22.00… 23.00 болды… Тым-тырыс… Радио арқылы журналистерді апаратын автобустар дайын екені бірнеше рет айтылды. Тіпті, түн­гі Астанаға серуен жаса­ла­ды деп те қы­зықтырып жатыр. Бірақ сам­миттің нәтижесі қызық­тырған жур­налистер тарайтын емес.

Сағат он бірден өте редакциядан бә­рің бірдей отырмай,  баспасөз мәс­ли­ха­тын жазатындар ғана қалып, қал­ған­да­рың жүре беріңдер, мәшине жібе­рейік деген хабар жетті. Әрине, ол  таңғы сағат бестен тұрып, аяғы­нан сар­сылып жүрген қызметкер­лерді ая­ған­дықтың белгісі еді. Біз болсақ сегіз адамбыз, со­ның бесеуі кетіп, мәсли­хатты жаза­тын үш адам қалсақ болар деген ойымды әріп­тес­теріме айтқан едім, олар: “Еш­қайда кетпейміз, көбі­не шыдағанда, енді азына шыдайық. Елбасына да оңай болып жатқан жоқ, барлық тілегімізбен, ниетімізбен қол­дау білдіріп, осы жерден тапжыл­майық”, деді.   Сөй­тіп, егемендік сегіз адам Елбасының қасынан табылдық деп мақтануы­мызға болады.

Түнгі сағат 12-ден өткенде ғана дек­ларация қабылданды деген хабар келді. Бәріміз де қуанғаннан  “уралап” жібердік. Редакцияға шұғыл хабар­ла­сып, “сүйінші” хабарды жеткіздік.  Одан кейін Елбасы Нұр­сұл­тан Назар­баев келіп, баспасөз мәсли­хатын өткіз­ді. Атап көрсететін бір жәйт – тосып жүрген біз қатты шар­шағанда, ол кісі тып-тың, бар­лық  сө­зін нық-нық ай­тып, сергек те көңілді отырды. Оның себебі де, әрине, түсі­нікті еді. Сөйтіп, жар­ты сағатқа белгіленген баспасөз мәс­лиха­ты бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

Сонымен, ЕҚЫҰ Саммиті  сәтті аяқ­тал­ды.  Астана Декларациясының қа­был­­дануы еліміз үшін үлкен абы­рой болды.

Жақсыбай САМРАТ.

«Егемен Қазақстан» газетінен.

***

Астана Декларациясының қабылдануы — еліміз үшін үлкен абырой

Биылғы жылдың 1-2 желтоқ­са­нында Астанада Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың төр­аға­лығымен Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның Жетінші Сам­миті болып өткені белгілі. Саммитте Астана Декларациясының қа­был­­дануы еліміз үшін үлкен абы­рой болды.

Саммит жұмысына Еуро­па­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше және серіктес елдерден, сондай-ақ БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭС, ШЫҰ, ҰҚШҰ және т.б. ірі халықаралық және аймақтық ұйымдардан — барлығы 73 ресми делегация қатысты. Қатысушылар мен қонақтардың жалпы саны 5 мыңға жуық болды.

Саммит жұмысы жөнінде хабар таратуға жұмылған қазақстандық және шетелдік журналистер саны 1300 болды.

Форумда сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 11 жылдық үзілістен кейін ұйым­дастырылған Астана фо­ру­мының тарихи маңызы туралы: «Саммит қауіпсіз­дік пен ынтымақтастық дең­гейін жаңа белестерге көтереді» — деп атап өткен еді.

Беделді Ұйымның Орталық Азияда өткен алғашқы Саммитінде аймақ үшін аса маңызды мәселелерді — лаңкестік, адам саудасы сынды трансұлттық қатерлер, Қырғызстанда жуырда орын алған оқиғалар және Ауғанстандағы жағдайды — кең түрде талқылауға мүмкіндік туды.

Саммиттің басты жетістігі ұзаққа со­зылған, тартысты консультациялар қорытын­ды­сында Астана Деклара­циясы­ның қа­был­дануы болды. Құжатта қа­тысушы ел­дер Ұйым­ның әскери-саяси салада ашық­тыққа, сенімге негізделген; ал эко­но­мика және эколо­гия сала­ларында са­ли­қалы сая­сатқа ба­сым­дық беретін; сон­дай-ақ адам құқығын, негізгі бостандықтар мен заң үстемдігін то­лық сақтауға қатыс­ты үдерістерін қуаттады.

Жалпы, БАҚ-тар мен сарапшылар Саммит қорытындылары мен Ас­тана Дек­лара­циясының мазмұнын сараптау арқылы көптеген жетістіктерді атап көрсетіп отыр. Сондай пікірлердің бірін атасақ, «Егемен Қазақстан» газетінің 11 желтоқсан күнгі санында Әлисұлтан Құланбай «Саммит қорытындылары мен Ас­тана Дек­лара­циясының мазмұнын сараптау мы­на­дай негізгі қорытындылар жасауға негіз береді» — дей келіп, былай атап өтеді:

«1) Қазақстан төрағалығы осы беделді халықаралық ұйымдағы өзінің іс-қимыл бағдарламасын толықтай жүзеге асырды.

2) Соңғы 8 жылдан бері алғаш рет ЕҚЫҰ-ның жалпысаяси қорытынды құжаты қабылдануының өзі келісті оқи­­ға болды. Бұдан былай қарай ұйым ая­сында Хельсинки, Париж және бас­қа да негіз қалаушы құжаттар қа­та­рын­да Астана Декларациясына да тұ­рақ­ты түрде сілтеме жасалатын болады.

3) Ұйымның Хельсинки Қорытын­ды актісінен басталатын барлық үш өлшемі бойынша бүкіл міндеттемелер, қалыптар мен қағидаттар қайта қуат­талды. Аталған факт «қырғи-қа­бақ со­ғыс» кезеңіндегі ескі стереотиптерді шын мәнінде еңсеру мүмкіндігі мен ЕҚЫҰ аясында ХХІ ғасырдағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі бас­тал­ғаны туралы айтуға мүм­кіндік береді.

4) ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік және жан­жалдарды шешу мәселелері бо­йын­ша үнқатысуды қамтамасыз ететін керемет ұйым ретіндегі рөлі қуат­тал­ды. Жан­жал­­дарды шешу қағидаттарының, сон­дай-ақ Ауғанстан аумағынан арна тар­татын трансұлттық қауіп-қатерлер­мен күресті күшейтуде күш біріктіру­дің ма­ңызы зор екені ерекше атап көр­сетіледі.

5) Барлық тараптар мен әріптестер мүд­­делерінің, бірінші кезекте, жан­жал­ды про­блематика мен гуманитар­лық өл­шем бо­йынша  нәзік балансы қамтама­сыз етілді.

6) Оның үстіне Саммиттің қоры­тын­ды құжаты өзіне айтарлықтай саяси салмақ алады. Өйткені, құжатта алғаш рет «Қауіп­сіздіктің еуроатлан­ти­ка­лық жә­не еуразиялық» қоғамдас­тығы түсі­нігі (бұ­ған дейін ЕҚЫҰ құ­жаттарында қауіпсіз­дік қоғамдастығы) немесе еуроатлан­ти­калық және еура­зия­лық аймақ деп ай­тылып келген-тін) бекітіліп отыр. Бұл термин постке­ңес­тік аймақты нысан ретінде емес, қауіп­сіздік қоғам­дас­тығын қа­лыптастыру үдерістеріне толық қатысу­шы ретінде көрсетеді.

7) Сонымен бірге, ЕҚЫҰ аясында «Қауіпсіздіктің еуроатлантикалық жә­не еуразиялық қоғамдастығы» түсіні­гін жа­һан­дық деңгейде берік тамыр­лан­дыру ұзақ мерзімді перспективада Қа­зақ­стан­ның «Мұхиттан Мұхитқа де­йінгі» (Ат­лант мұхитынан Тынық мұ­хи­тына және Солтүстік мұзды мұ­хитынан Үнді мұ­хитына дейінгі – төрт мұхит ше­кара­ларындағы қауіпсіздіктің біртұтас кеңіс­тігі) қауіпсіздік пен ын­тымақ­тас­тықты кең координаттарда кө­ру­ге қатысты жаңа деңгейге өту стра­тегиясын жүзеге асыру­ға мүмкін­дік береді деп есептеуге болады.

8) Нақты іс-қимыл жоспарын қа­был­дау мүмкін болмағанына қарамас­тан, құ­жат жобасы келесі төрағалық үшін негізгі бағыт-бағдарларды ай­қын­дайды. Оның үстіне Қазақстан төр­ағалығы әуел баста-ақ Астана Сам­­­миті «дайын ше­шім­дердің» форумы бол­­майтынын мә­лім­деген бола­тын. Осыған бай­ланысты Қазақстан, ЕҚЫҰ-ның белсенді қаты­сушы елі және 2011 жыл бойы «Үш­тіктің» мү­шесі ретінде, Астана Деклара­циясында қарасты­рыл­­ғанындай, атқа­рыл­ған жұ­мыс­тар негізінде іс-қимыл жос­пары­ның нақты сұл­ба­сын жасауға дәйек­тілікпен күш-жігер жұм­сай­тын бола­ды. Бұл Ұйым аясын­да «Астана мұра­сын» бекітуге мүмкіндік береді».

Ал Саммитке қатысушылар Қазақ­стан­ның 2010 жылғы белсенді де жемісті төрағалығына жо­ға­ры баға беріп, Ұйым жұмысындағы қарқын­ды ырғақты сақтау қажеттігін атап көрсетті.

Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Қазақ елі үшін зор мәртебе

ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өткізілуі әрбір қазақтың, Қазақстан азаматтарының зор мақтанышы деп ойлаймын. Өз басым, тарих пәнінің мұғалімі ретінде сабағымның бастамасын осы тақырыптан бастадым. Мен жеріміздің кеңдігін, халқымыздың соған сай дархандығын, Елбасының көрегендігін, данышпандығын сезініп, алыс-жақыннан келіп жатқан мәртебелі қонақтардың алдарында мерейіміздің үстемдігін бастан кешудемін.

Бұл жиын — ең алдымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тыңғылықты саяси жетістіктерінің жемісі деп ойлаймын. Әлемдегі 56 мемлекеттің басшылары мен өкілдерінің бір мезгілде Қазақстанда бас қосып, күрделі мәселелерді шешуі үлкен тарихи оқиға деп білемін. Осы жиында бүкіл дүниежүзінің халықтарына пайдалы көптеген мәселелер шешімін тапты.

1-2 желтоқсанда тікелей эфирден Астана Саммитінің ресми басталуын Қобда гимназиясының мұғалімдері жоғары сынып оқушылармен бірге көріп, пікір бөлісті.

Осындай басшысы бар елдің ұрпағын оқытып, осы елдің азаматы ретінде өз үлесімді қосып жүргенімді, осы елде туып өскенімді мен бүкіл жаһанға мақтан тұтамын.

Зағипа Арихова,

Қобда гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі,

ҚР білім беру ісінің үздігі.

Жаңа ғасырдағы тұңғыш саммит

Қазақстан үшін биылғы барыс жылы жаһандық саясатта жұлдызы жанған жыл болып тұр. Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі үлкен құрылым — 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мыңжылдықтағы, XXI ғасырдағы Саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада жоғары деңгейде өтті. Қазақстан өзінің салиқалы саясатының арқасында ЕҚЫҰ төрағасы  және осы ұйымның Саммитін шақырушы ел ретінде төрткүл дүниенің назарын өзіне аударды.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып отыр. Мұны халқының болашағы үшін қандай да  тәуекелге барып, өз басын бәйгеге тігіп жүрген тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қайталанбас ерлігі, көрегендігі деп айтар едік.

Саммитке қатысушы елдердің басшылары Қазақстан мемлекетінің әлемдік саясатқа өз әсерін тигізіп отырған ықпалды державаға айналғанын мойындауда. Осының бәрі Қазақстан халқы үшін үлкен мәртебе. Бұл оқиғаны жас ұрпақ тәрбиесінде жүрген ұстаздар қауымы да үлкен қуанышпен қабылдадық.

Осындай Орталық Азия өңірінде әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып, Саммитті өткізіп отырған біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасы  өсіп-өркендей берсін!

Әбдуәли СҮЛЕЙМЕН,

№1 қазақ орта мектебінің мұғалімі.

Ырғыз ауданы.

Астана дүние жүзіне танымал болды

Бұл оқиға тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекетінің тарихында айрықша орын алады. Астана Саммиті ұлтымыздың мәртебесін асқақтатты. Азия мен Еуропа елдері арасында Астана Саммиті алтын көпір болды. Бейбітшілікті нығайту, экологияны жақсарту, экономиканы өркендету бағытындағы жаһандық мәселелерді  ортаға салып, халықаралық маңызды құжаттар қабылданды.

Жер жүзінде қазақ мемлекетінің даңқын тағы бір мәрте паш етіп, әлем алдындағы абройымыздың артуы, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы деп білеміз.

А. СӘРСЕН,

«Нұр Отан» ХДП Байғанин аудандық

филиалы төрағасының орынбасары.

Ел тарихының жаңа беттері ашылды

Тәуелсіздіктің 19 жылы ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қазақ елі жер байлығы мен ұтымды жобалардың және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында дамудың даңғыл жолын тапты. Осы бір қысқа кезең ішінде көпұлтты Қазақстан өзін әлемге ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдерде әрекет ететін мемлекет ретінде көрсете білді.

Қазақстан тарихының жаңа беттері ашылды. Оның алғашқы парағы 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімен басталады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басты түйіні — Астана Саммиті. Беделді ұйымға төрағалық етудегі жинаған тәжірибеміз, Саммит өткізудегі мәртебеміз біздің болашағымызға да үлкен әсері болмақ, еліміздің саяси-демократиялық дамуына да оң ықпал етеді. Осының барлығы өз тәуелсіздігін алған елімізді басқарып келе жатқан біздің Елбасымыздың сарабдал саясатының іске асқанын білдіреді.

А. ШЕРИПОВА,

КА-168/5 түзеу мекемесі жанындағы

жалпы білім беретін кешкі мектеп

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Жем қаласы.

Насихат жұмыстары жүргізілуде

Астана Саммиті халықаралық деңгейдегі тарихи оқиға болып қана қоймай, сөзсіз Қазақстанның одан әрі дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Он бір жыл үзілістен кейін қазақ елінің Елордасында ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшылары арасында жасалған саяси құжаттардың қабылдануы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесі.

Осы күнге дейін салыстырмалы түрде экономикасы, мәдениеті, әскери әлеуеті, білім беру деңгейі дегенде Еуропа елдерін үлгі етіп айтатынбыз.

Әлемдегі түйінді мәселелерді тақырыпқа тиек етіп, төрткүл дүниенің бейбіт заманда өмір сүруін күн тәртібіне арқау еткен Астана Саммитінің маңызы зор. «Нұр Отан» ХДП Шалқар аудандық филиалы мүшелері де Саммит жұмысына осындай баға беріп, оның бағыт-бағдары жайында дөңгелек үстелдер өткізіп, тұрғындар арасында насихаттау жұмысын қолға алуда. Қалай дегенде де Елордамыз Астанада өткен Саммит қазақ елінің абыройын асқақтатқаны сөзсіз.

Гүлсара СЕЙІТОВА,

«Нұр Отан» ХДП Шалқар аудандық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Астана саммиті тарихи жиын болды

Ұйымның соңғы саммиті 1999 жылы Ыстамбұлда шақырылса, содан бергі кезеңде ЕҚЫҰ кеңістігінде көптеген өзгерістер болды. Бүгінде сол өзгерістерді жан-жақты талқылап, қарастыратын мезгіл жеткен еді. Бұған Астана Саммиті арқау болды.

Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде әрі өңірлік көрші ретінде Ауғанстанға айтарлықтай көмек көрсетті. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1000 ауғандық жас Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Бұл мерзім төрт жылды қамтиды. Білім алған ауғандық мамандар өз елінде мемлекеттік басқару салаларында жұмыс істейді. Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға өз үлесін қосады.

Қазақстан, сондай-ақ көршіміз Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосты. ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының көпшілігі Қазақстанның Қырғызстандағы этносаралық қақтығыстардың әрі қарай өршімеуіне қосқан үлесін жиында жоғары бағалады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Қырғызстанға көршілес ел ретінде және Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде қайтарымсыз қаржылай, азық-түлік, отын және құрылыс материалдарын берді. Бұл қаржы мен құрылыс материалдары сәуірдегі төңкеріс кезінде қиратылған, өртелген үйлерді қалпына келтіру үшін қажет еді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында аса маңызды мәселелердің бірі — ұзаққа созылған Оңтүстік Кавказ бен Приднестровье жанжалдарын реттеуге ықпал етуі болып табылады. Соңғы бес жылдың ішінде алғаш рет Ұйымның бастамасымен Таулы Қарабақтағы гуманитарлық жағдайларға баға беру үшін халықаралық сарапшылар тобы осы өңірде болды.

ЕҚЫҰ сияқты беделді ұйымның тізгінін Қазақстанға ұстату арқылы әлемдік қауымдастық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем алдындағы беделі мен белсенділігін танып, қуаттады. Қазақстан төрағалық еткен бір жылдың ішінде аталмыш ұйымның беделі мен белсенділігі де мейлінше артты. Астана Саммиті Қазақстанның тарихи төрағалығының жарқын көрінісі, жемісті нәтижесі болды.

Құрал БАЙСҰЛТАНҰЛЫ,

Қандыағаш қаласы.

Жетістігімізді мойындады

Бүгінде мемлекетіміздің жүргізіп отырған сыртқы саясаты әлемнің барлық жерлерінде жоғары бағалануда. Көршілес Қырғыз және Таулы Қарабақ, Ауғанстан жерлеріндегі шиеленістің бейбіт шешілуінің өзіне қомақты материалдық көмек көрсетілді. Астана Саммитіне қатысушы шетел мемлекеттері басшылары мен өкілдері Елбасының саясатын қолдап, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен жетістігін мойындады. Тәуелсіздік іргетасы қаланған он тоғыз жыл ішінде қазақ елін күллі әлемге паш етіп, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз еткен Елбасының көреген саясатын заңгер ретінде әрқашан қолдаймын. Бұйырса, жаңа 2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясына төрағалық еткелі отыр. Мұсылман мемлекеттері арасындағы мәселелерде дұрыс шешімге келуі мен қарама-қайшылықтардың алдын алу, ұлтаралық келісімді нығайтуда да Қазақстан өзін үлгі ретінде көрсете білді.

Қанатын жаңа жайған жас мемлекетіміздің басында тұрған Елбасының арқасында болашаққа деген көзқарасымыз өзгеріп, үнемі қолдау жасап, демеу болуымыз аса міндетті.

Жақсылық ОЛЖАШ,

Мәртөк аудандық сотының төрағасы.

Бетті әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button