Саясат

Облыста әуе хабы құрылып, карбамид зауыты салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен «Орталық Азия-Қытай» саммитінде қытайлық инвесторларды трансшекаралық өзендердің су жолы арқылы логистиканы бірлесіп дамытуға шақырды.

Келешекте қытайлық серіктестеріміз трансшекаралық өзендердің су жолы арқылы тасымалды дамытуға қатысатынына үміт артамыз. Қазақстанның батыс бөлігіндегі Ақтөбе қаласында тауарларды Еуропалық Одақ елдеріне әуе көлігімен транзиттеуге арналған жүк авиахабын құруға дайынбыз,— деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы сауданы бірнеше есе арттыратын басқа да ауқымды және перспективалы көлік-логистикалық жобалар бар екенін еске салды.

— Бұл мәселелердің бәрі мұқият пысықтауды талап етеді. Сондықтан көлік-логистикалық дәліздерді дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеу үшін сараптамалық платформа құру, сондай-ақ тауарларды жедел кедендік ресімдеуді енгізудің Жол картасын қабылдау қажет деп санаймыз, — деді Президент.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы аясында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы, сондай-ақ қазақстандық өңірлердің әкімдіктері мен жетекші қытайлық компаниялар арасында бірнеше екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Қол қойылған құжаттар экономика саласының негізгі бағыттарын қамтиды, оның ішінде энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, машина жасау, логистика, агроөнеркәсіптік кешен және цифрлық технологиялар, т.б. салалар бар.

Форумның маңызды нәтижелерінің бірі Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруға қатысты негіздемелік келісімге қол қойылуы болды. Бұл келісім Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, облыс әкімдігі, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ арасында жасалды.

Жоба аясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жеткізетін тауарлық газ негізінде карбамид өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі — шамамен 1,2 миллиард АҚШ доллары.

Сондай-ақ форум аясында облыс әкімдігі мен қытайлық «Zhongbo Group» компаниясы арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.

Компания жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіптік кешен, өңдеу өнеркәсібі және басқа да әлеуметтік маңызы бар салалардағы жобаларды дамытуға инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.

Айта кету керек, «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысты. Бұған дейін аталған саммит 2023 жылдың 19 мамырында Қытайдың Сиань қаласында өткен.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button