Мереке көркі — ұлттық бұйымдар
Әз Наурыз мейрамына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Наурызға шашу» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге өңірімізге белгілі қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.
Көрмеге ұста Ерқосай Әбіловтің қолынан шыққан сауыт пен дулыға, қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев жасаған мес, торсық, т.б. тері ыдыстар, зергер Болат Атыраубаев әсемдеп жасаған күміс әшекейлер және өңіріміздегі бірден-бір қыш шебері Орынбасар Төлегеновтің қолынан шыққан кәдесыйлар, ру аттары жазылған тұмарлар, басқа да көптеген бұйымдар қойылған.
Көрмедегі жәдігерлердің бәрі де облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан алынған.
Жәдігерлер арасында ісмер, марқұм Лена Сахариеваның көз жауын алатын туындылары бар. Олардың көпшілігі — киіз үйдің ішіне жинауға арналған текемет, сырмақ секілді дүниелер, сондай-ақ сәукеле, кестелеп тігілген әсем бұйымдар бар.
— Лена Сахариева өмір бойы ұстаздық еткендіктен, көп туындыларын шәкірттерімен бірге жасаған. Оның мұрасын біздің музейге қызы Гүлнұр Асқарова тапсырды. Музей қорындағы қазіргі қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан құнды мұраның бір бөлігін Наурыз қарсаңында жұртшылыққа ұсынғанды жөн көрдік, — деді музейдің археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Бекнар Есіркепов.
А.САРЫБАЙ.