Денсаулық

МӘМС арқылы жеке клиникада тегін ем алды

Медицина

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеке клиникаларда тегін ем алуға болады. Мәселен, Мәртөк ауданының тұрғыны Галина Беглова қазір «Биос» медициналық орталығында ем алып жатыр.

Осыдан бірнеше ай бұрын 75 жастағы Галина әже өзін жайсыз сезініп, Мәртөк аудандық ауруханасына түседі. Дәрігерлер әжеге бүйрек жетіспеушілігі диагнозын қояды. Ол сақтандыру жүйесі арқылы Ақтөбе қаласындағы «Биос» жеке клиникасына емделуге келеді. Орталық директоры Нұртас Бірмановтың айтуынша, әженің денсаулығы жақсы.

— Орталыққа келгенде қарияның қан қысымы жоғары болды. Оның үстіне 15 жылдан бері қант диабеті ауруымен ауырады екен. Ұзақ уақыт қант диабетімен сырқаттанған адамда міндетті түрде бүйрек жетіспеушілігі болады. Ауру асқынса, адам гемодиализ аппаратына таңылады. Алайда Галина әже дер кезінде дәрігерге қаралған. Нәтижесінде төрт айда бүйрегі қалпына келіп, қазір аппараттың көмегінсіз жүр. Денсаулығы қалыпты.

Соңғы жылдары бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын адамдар саны артып барады. Тұрғындар ең болмаса жылына бір рет емханаға қаралып, бүйрегін тексертіп тұруы керек. Қазір орталықта 162 адам гемодиализ алады.  Бұндай орталық Қандыағаш қаласында да ашылды. Ол жерде алты науқас бар. Олар аптасына үш рет келіп, гемодиализ алады, — дейді Нұртас Бірманов.

Орталықтағы науқастардың жас айырмашылығы әртүрлі. Мәселен, 2019 жылдан бері гемодиализде жүрген жас келіншек жақында сәбилі болды. Ол әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы аталған клиникаға келіп ем алған. Қазір салмағы 850 грамм болатын нәресте барокамерада  жатыр. Ал бүйрегі қалпына келіп, аппараттан ажыраған Галина әженің алғысы тіпті шексіз.

— Мәртөктегі және осы жердегі дәрігерлерге, медбикелерге көп рақмет. Барлық жағдайымды жасап, ем жүргізіп жатыр. Қазір денсаулығым жақсы, — дейді Галина әже.

МӘМС жүйесі арқылы қымбат диагностика жасатып, жеке клиникаларда тегін ем алуға болады. Алайда тұрғындар арасында жүйенің жұмыс жасайтынына сенімсіздік танытатындар көп. Сақтандыру жарнасын төлейтін әрбір азамат жүйе туралы кеңірек білгені жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button