Денсаулық

Коронавирус жұқтырған 18 адам тіркелді

Брифинг                                                           

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндап, тікелей эфир арқылы тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Бүгінгі күнге дейін облыста коронавирус инфекциясы бойынша 4522 жағдай тіркелген. Соңғы тәулікте 18 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Оның он бесінде аурудың клиникалық белгілері болса, үшеуі — симптомсыз.

14 наурыз күні коронавирус инфекциясының Ақтөбе қаласында — 16, Хромтау және Мәртөк аудандарында 1 жағдайдан тіркелді. Былтыр 1 тамыздан бастап пневмония бойынша 1225 жағдай анықталды. Ал соңғы тәулікте Ақтөбе қаласында — 6, Темір ауданында 1 жағдай тіркелді. Статистикаға сүйенсек, коронавирус инфекциясы 30-39 (159 жағдай) және 65 жастан жоғары (123 жағдай) адамдар арасында көп тіркеліп отыр, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.  

Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінге дейін Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері арқылы 100 мыңнан астам адам өткен. Олардың арасында 56 адамнан індет анықталған. Оның 30-ы транзиттік көлік тасымалдаушылары болса, 26-сы — жолаушы.

Сонымен қатар облыстағы мониторингтік топтардың жұмысы да жалғасуда. Жыл басынан бері 1033 арыз-шағым түсіп, 19 миллион 841 мың 785 теңгеге айыппұл салынған. Сондай-ақ 16 шұғыл хабарлама түсіп, 14 жоспардан тыс тексеріс өткізілген. Нұрсұлу Беркімбаева алдағы мереке күндері адам көп шоғырланатын жерлерге бармауды және санитарлық талаптарды қатаң сақтауды ескертті.

— Бүгінде облыс бойынша инфекциялық ауруханаларда 124 адам, реанимациялық бөлімшеде 9 науқас ем қабылдап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, 1 ақпаннан бастап елімізде екпе салдыру басталды. Облыста 1585 медицина және 131 полиция қызметкері, 236 мұғалім және басқа да, барлығы 2085 адам вакцина алды. Жалпы облыс бойынша 150 мың доза екпе салдыру жоспарланып отыр, — деді Рүстем Исаев.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button