Денсаулық

Бір тәулікте 39 жағдай тіркелді

Брифинг

Жұма күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Бүгінде жалпы облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 4463 жағдай тіркелген. Ал 11 наурыз күні 39 адам індет жұқтырды.

— Қазіргі таңда Ақтөбе облысы жасыл аймақта тұр. Дегенмен соңғы апталарда ауру көрсеткіші күрт өскенін байқап отырмыз. Соңғы тәулікте вирус жұқтырған 39 адамның 16-сында ауру белгілері байқалмаса, 23-і симптомды. Ақтөбе қаласы бойынша — 28, Ойыл ауданында — 7, Мұғалжар ауданында — 3 және Темір ауданында 1 жағдай тіркелді. Ауру адамдармен қарым-қатынаста болған 92 адам оқшауланды, — деді Мұхтар Сербаев.

Оның айтуынша, бүгінде аурудың тәуліктік өсу қарқыны 0,9 пайызды құрап отыр. 7-11 наурыз аралығында көбею санының орташа көрсеткіші —1,08 пайызды құраса, аурушаңдық көрсеткіші 8,49 пайызды құраған. Сондай-ақ соңғы тәулік ішінде пневмония бойынша 4 жағдай анықталған: Ақтөбе қаласында 3 және Хромтау ауданында 1 жағдай тіркелген.

— 11 наурыз күні «Әлімбет», «Жайсаң» санитарлық-карантиндік пункттері арқылы өткен 589 жолаушының және 53 транзитті жүк тасымалдаушы автожүргізушілердің дене қызулары өлшеніп, олармен анкеталық сауалнама жүргізілді. Коронавирусты зертханалық тексеру нәтижесі бойынша анықтамалары жоқ 12 адам карантиндік госпитальға жатқызылды. Бүгінде үй карантиніне 779 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде, — деген Мұхтар Сербаев барынша сақтық шараларын сақтауды ескертті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button