Басты жаңалықтарӘлеумет

Жылу ақысын үнемдеуге бола ма?

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша көп қабатты үйлердің ортақ есептеу аспабымен жарақтандырылуы — 61,1 пайыз. Яғни қала бойынша орталықтандырылған жылу үшін жабдықтау жүйесіне қосылған 2021 үйдің 588-інде ғана жылу энергиясын есептейтін ортақ құрылғы бар.  

Былтыр табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бекітілген тарифтердің шекті деңгейлері мерзімінің аяқталуына байланысты 2021-2025 жылдарға арналған тарифтердің жаңа шекті деңгейлерін қайта қарап, бекіткен болатын. Ағымдағы жылға қаралған тарифтер өсімсіз, яғни  былтырғы қолданыста болған тарифтер деңгейінде бекітілген.

Тарифтер 1,3 пайызға төмендеген

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, 2019 жылдан бастап Ақтөбе қаласы бойынша жылумен жабдықтау тарифтері көтерілмеген, керісінше, сол жылмен салыстырғанда,  тарифтер 1,3 пайызға төмендеген.

Жылу ақысын қалай үнемдеу керектігін жақсы түсіну үшін жылумен жабдықтау қызметтеріне төлем мөлшерін есептеу механизмі туралы көбірек білу керек. Жылу энергиясымен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызмет үшін төлемақы мөлшерін есептеу тетігі «Табиғи монополиялар туралы»  Заңда және тарифтерді қалыптастыру қағидаларында айқындалған. Аталған заңнамаға сәйкес, табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметті бекітілген тариф бойынша ұсынуға міндетті. Бұл ретте жылумен жабдықтау қызметтеріне арналған тариф тұтынушыда есептеу аспабының болуына немесе болмауына байланысты сараланатынын атап өту қажет. Жылу үшін төлем мөлшері үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабы болған кезде ай сайынғы көрсеткіш пен бекітілген тариф негізге алына отырып есептеледі. Ал үйге ортақ есепке алу аспабы болмаған жағдайда, жылу үшін төлем мөлшері жергілікті атқарушы орган арқылы бекітілетін жылумен жабдықтау қызметтерін тұтыну нормасына сай есептеу жолымен анықталады, — дейді Нұрлан Болатбаев.

Оның айтуынша, бұл ретте, ортақ есептеу аспабы жоқ үйлердегі тұтынушылар үшін  жылу тарифі есептеу аспабы бар үйлердегі тұтынушылардың тұтынған қызмет үшін төлейтін бағасынан жоғары болады.

Ақтөбе қаласы бойынша жылумен жабдықтау тарифтері

 

Тұтынушылар тобы Өлшем бірлігі 2019 желт. 2020 желт. 2021 қаңт. 2019 жылдан айырм.
Есептеу аспабы бар тұрғындар теңге/Гкал 2236,30 2206,86 2206,86 -1,3%
Есептеу аспабы жоқ тұрғындар теңге/Гкал 3354,45 3310,28 3310,28 -1,3%
Орталықтандырылған жылыту теңге/м2 115,39 113,87 113,87 -1,3%
Ыстық су теңге/м3 201,27 198,62 198,62 -1,3%

 

Жалпыүйлік есептеу қондырғысын тексеру қажет

Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша көп қабатты үйлердің ортақ есептеу аспаптарымен жарақтандырылуы — 61,1 пайыз. Яғни қала бойынша орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған 2021 үй бар болса, оның 961-нің (қалғандары ескі, апатты және т.б. санаттағы үйлер) ортақ есепке алу аспабын қосуға мүмкіндік бар. Бұл ретте Ақтөбе қаласында 588 үйде ғана ортақ жылу энергиясын есепке алу қондырғысы орнатылған.

«Aqtobe su-energy group» АҚ деректері бойынша, бүгінгі күні Ақтөбе қаласының тұрғын үйлерінде орнатылған 114 жалпыүйлік жылу энергиясын есепке алу аспабына тексеру жүргізу талап етілген. Оның 97-сі тексеруден өткен, ал қалғандары тексеруден өтпеген. Сондықтан тексеру мерзімі аяқталғандығы анықталды. Мәселен, есепке алу аспаптарын тексеру мерзімі өткен тұрғын үйлерде (9 үй) қазіргі уақытта ақы төлеу тұтынудың бекітілген нормасы бойынша жүргізіледі. Бұл үйлерде ортақ есепке алу аспаптарының ай сайынғы көрсеткіштері негізге алына отырып жүргізілген төлеммен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ ағымдағы жылы Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлерде орнатылған тағы 8 жылу энергиясын есепке алу аспабын тексеру қажет, — дейді Н.Болатбаев.

Оның айтуынша, жалпыүйлік есептеу қондырғысына тексеру жүргізу үшін монополист мекеме тұтынушыларға алдын ала хабарлама жібереді. Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес, мүлік меншік иелерінің бірлестігі (МИБ — авт.) немесе жай серіктестіктің сенім білдірген тұлғасы, көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы болмаса басқарушы компания (ПИК — авт.) үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарына уақтылы тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс.

Өткен жылы тұтынған жылу үшін жалпыүйлік есептеу қондырғыларының мерзімі өткен және биыл тексеруді қажет ететін осындай аспаптары бар Ақтөбе қаласындағы тұрғын үйлердің тізімін https://aqtobesuenergy.kz/ сайтынан көруге болады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, үйге ортақ есептеу аспабын  орнатқысы келетіндер мынадай әрекеттерді орындауы қажет. Біріншіден, басқарушы компания басшылығы жылу энергиясы үшін  ортақ есепке алу аспабын орнату туралы шешім хаттамасын рәсімдей отырып, көппәтерлі үйдегі тұрғындардың басын қосып, жиналыс өткізуі керек, әр пәтердің иесі үшін төлем мөлшерін анықтау қажет. Төлем мөлшері пәтердің ауданына байланысты пропорционалды түрде анықталады. Хаттамаға үйде тұратын әрбір пәтер иесі қол қоюға тиіс. Содан кейін, үйді басқару органы «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамына  тұрғындардың есептегішті сатып алу және орнату туралы шарт жасасу ниеті бойынша  өтініш жолдайды. Осыдан кейін үй тексеріліп, жылу пунктінің орын-жайы дайындалады. Атап айтқанда, рұқсатсыз кіруден қорғау жағы мұқият қамтамасыз етілуге тиіс. Жылу пунктінің орын-жайына кіруге, оны ұстауға, жабдықтың сақталуына жауап беретін жауапты тұлғалар анықталады, — дейді департамент басшысы.

Тұтынушылар үшін жалпыүйлік қандай есептеу құралын пайдаланған жөн? Бұл туралы Нұрлан Болатбаев былай дейді:

Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес, жылу энергиясын есепке алу үшін түрлері өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілген, өлшем құралдарын бастапқы немесе мерзімдік тексеру туралы құжаттары бар коммерциялық есепке алу аспаптары пайдаланылады. Жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын ұстау, техникалық қызмет көрсету және тексеру теңгерімдік тиесілігіне сәйкес жүзеге асырылады. «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік метрологиялық бақылауды жүзеге асыру саласында қолданылатын өлшем құралдары мемлекеттік метрологиялық қызмет арқылы жүргізіледі, — дейді ол.

Нұрлан Болатбаев өз сөзінде Ақтөбе қаласында ауданы 56,4 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерге 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымында, яғни 2020 жылдың қазан және 2021 жылдың қаңтар аралығында жылу энергиясын жалпыүйлік есептеу қондырғысы болған және болмаған кезде жылу үшін төлем есебі жүргізілгенін мысал ретінде айтты. (Схемада көрсетілген — авт.). Оның айтуынша, бұл кезеңде үйінде ортақ есептеу аспабы бар 1 бөлмелі пәтердің тұтынушысы жылу энергиясын есептеу аспабы жоқ тұтынушымен салыстырғанда,  тұтынған жылу үшін төлемақыны 30 229,6 теңгеге аз төледі. Тұтынушы 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың қаңтары аралығында 17 488,7 теңгені үнемдеген.

Қаражат қалай үнемделеді?

Үйге ортақ жылу энергиясын есептеу аспабының болуы — ең алдымен тұтынушының өзі үшін жақсы және тиімді. Өйткені бұл құрылғы жылумен жабдықтау қызметтерінен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ біз тұтынушыларды пәтер иелері кооперативі немесе меншік иелері бірлестігімен бірлесе отырып, өз қаражатын үнемдеу мақсатында есептеу құралдарын уақтылы тексеруге шақырамыз, — дейді Нұрлан Болатбаев.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыс орталығындағы жылу энергиясын есептейтін ортақ құрылғысы бар  588 тұрғын үй үшін жылу энергиясын тұтынуды үнемдеу мақсатында, қажеттілік шеңберінде үйдің жауапты адамына жылу энергиясын тұтынуды сыртқы ауаның нақты температурасына қарай және температура кестесіне сәйкес реттеуді ұсынады. Атап айтқанда, температура көтерілген (+) жағдайда жылу энергиясын тұтынуды азайтуды, ал төмендеген (-) жағдайда жылу энергиясын тұтынуды арттыру керектігін айтады. «Осыған байланысты монополисті, қызмет көрсететін ұйымдарды, сондай-ақ тұтынушылардың өздерін жылу энергиясын тиімді пайдалануға шақырғым келеді. Себебі ауа райы жылынған кезде, жылу энергиясын уақтылы реттеу — тұтынушыларға жылумен жабдықтау қызметтеріне ақы төлеуге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді», — деп кеңес берді департамент басшысы.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button