Мереке

Әлем әйелмен әдемі

Кеше қалалық Мәдениет үйінде «Әлем әйелмен әдемі» атты мерекелік шара өтті. Онда Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров абзал аналар мен қоғамдағы белсенді әйелдерді мерекемен құттықтады.

— Жыл сайын көктемнің шуақты күндері абзал аналарымыз бен аруларымыздың мерекесінен бастау алады. Осынау мерекеде әрқайсысымыз әйелдер қауымына ақ ниет пен жылы лебізімізді білдіруге талпынамыз. «Әйел қырық шырақты» деп бекер айтылмаса керек. Адамзатқа ана, елге тұтқа болып жүрген нәзік жандылардың алдында біз әрдайым тағзым етеміз. Себебі бүгінгі қоғамда әйелдер аяулы ана ғана емес, кәсіби маман, білімді тұлға, лауазым иесі, ел қамын ойлайтын ерікті. Сондықтан бүгінгі көктемнің шуақты мерекесінде сіздерге сый-құрмет көрсете отырып, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын! — деді А.Шахаров.

Бұдан кейін мерекелік шарада түрлі салаларда еңбек етіп жүрген 50 әйелге қала әкімі атынан сый-сияпат табысталды. Құрмет көрсетілгендердің қатарында Желтоқсан оқиғасына қатысқандар, көпбалалы аналар, Семей ядролық полигоны, Чернобыль апаты және ауған соғысына қатысушылардың әйелдері, сондай-ақ өнеркәсіп, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, БАҚ салаларының өкілдері бар.

Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button