Мереке

Тоқымамен танылған қыз

Гүлсім Елекбаева 22 жасында арбаға таңылғанымен, тағдыр талантына тұсау бола алмапты. Оған «ішінара сал болу» диагнозы қойылып, медициналық сараптама  II топтағы мүгедек қорытындысын бергенімен, кейін I топқа ауыстырылды. Ұзақ жылдарға созылған ауру мен арбаға таңылу оған оңайға соқпады. Сондықтан Гүлсімге дәрігері бір іспен айналысуға кеңес береді.

Бұрыннан ісмер ол қолына бес инесін алып әуелі әртүрлі бұйымдарды тоқуды ермек қылды. Анасынан үйренген бұл ісі оған жалғыздықты жеңуге септігін тигізіп қана қойған жоқ. Кейіннен оның қиялынан туған дүниелер талайдың таңдайын қақтырды.

Гүлсім өзіне қоғамның назарын осыдан он жыл бұрын аударды. Алдымен аудандық «Қанатты әйел» байқауына өзінің «ермегін» ұсынды. Кейіннен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының «Жұлдыздарға қара» жобасы бойынша жеңімпазы болып, «Құс жолы» байқауының грантын жеңіп алды. Ол кезде Гүлсім Ойыл ауданының Шұбарши ауылында тұратын еді. Сол жылы жеке кәсіпкерлігін ашып, өзінің «ермек қылып» жүрген сүйікті ісіне құлшына кірісті.

— Менің бұйымдарыма халықтың сұранысы қиялыма қанат бітіріп отырады, — дейді ол.

Аудан басшылығы  кәсіпкерге қолдау көрсетіп, аудан орталығынан жалдамалы пәтер берді.

Содан бері жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастаған Гүлсімнің ізденісі қазір үлкен сұранысқа ие. Реті келсе көрмелер мен байқаулардан қалмауға тырысады. Мысалы, 2019 жылы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен халық шығармашылығы фестиваль-байқауына қатысып, қолөнерден 3-орын және 20 мың теңгенің сертификатын  иеленді. Өзінің айтуынша, осындай байқаулар адамды қанаттандырады, қамшылайды.

Сондай-ақ бұрнағы жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ойылдағы аудандық филиалда кәсіпкерліктің негізін үйрететін «Бастау-Бизнес» курсын оқып, сертификат алды. Ойлап жүрген жобасын қорғап, нәтижесінде 700 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Бұл қаражатқа  керекті құралдар мен ізденіс үшін ноутбук сатып алды.

Қазіргі таңда «Мархабат» атты жеке кәсібін ашып, үйінің бір бөлмесін шеберханаға айналдырып отырған тоқымашы Гүлсім Елекбаева мемлекет қамқорлығына дән риза. Оның бер жағында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз қаржылай көмектерге ие боп жүр.

Жуырда Гүлсім тағы бір белесті бағындырды.Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен Алматы қаласында ІІІ республикалық «Қайырымдылық керуені» конкурсы өткен болатын. Бұл қайырымдылықты насихаттауға бағытталған 5 номинация бойынша іріктеу жүргізілген еді. Байқаудың қорытынды шарасында «Асар» номинациясы бойынша ІІ орын алып, 100 мың теңге сертификатпен марапатталды.

Гүлсім қазір жұмсақ ойыншықтар тоқып жүр. Тоқылған қуыс кеуде ішіне холлофайбер салып, жұмсақ ойыншықтарға айналдырып отыр. Оның қолынан шыққан әдемі дүниелерге қызықпайтын адам ауылда кемде-кем.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button