Мереке

Антына адал Ақкенже

Сан түрлі мамандық иелері бар, бірақ солардың ішінде адам тағдыры үшін үнемі күреске көп түсетіні — дәрігер. Институтта жеті жылдай оқып, талай сыннан өткенмен қала мен шалғай ауылдағы дәрігердің еңбек етуінің айырмашылығы жер мен көктей. Қаладағы ақ халаттылардың қалыптасқан талапқа сай жұмыс орны болса, алыс мекендегі тірлік басқа. Бұл — бірінші байлық — денсаулық үшін абыройлы қызмет атқарған дәрігер Ақкенже Кемешованың сыры.

Бірде қатар-құрбылары, «Ақкенже, сен институтты өте жақсы бітірдің, ғылым жолына түсіп Ақтөбе не Алматыда қалғанда, медицина саласында кем дегенде ғылым кандидаты болатын едің», — деп қалжыңдайды. Сонда ол: «Кандидат болу маңызды емес, дәрігер болып қалу — парызым, Гиппократ антына адалдық таныту — өмірлік басты мақсатым», — деп айтқаны әлі есімде.

«Дәрігерге қателесуге болмайды»

Алыс ауылдағы дертке тап болған сәби не жасы үлкен адам алдыңа келгенде «мен педиатр едім», — деп қарап отырмайсың, бәріне жауап бересің, сондықтан жан-жақты болуға тура келеді.

Бірде мектепте өткен кездесуде мамандық жайлы сауалға Ақкенже: «Дәрігер өз жұмысында қателесуге тиісті емес, ол өмір мен өлім ортасында үнемі арпалыста жүреді», — деп жауап берген. Адам жаны техника емес, бір деталі сәйкес келмесе, өзгертіп, үйлестіре қоятын. «Мұғалім бала психологиясын танып білуде түрлі педагогикалық әдіс-тәжірибелерді пайдалануы мүмкін, ал адам жанының инженері — дәрігерге лезде бәрін зерттеп, таразылап, бір ғана шешімге келу керек» деген ұстаным — Алматыдағы медицина институтында тәлім алған Ақкенженің басты қағидасы.

1968 жылы Жарқамыс орта мектебінен аттестат алған соң ол Алматыдағы медицина институтына оқуға түсті. Бірге оқыған жерлес курстасы Роза Намазова Ақкенже жайлы: «Ол институтта өте жақсы оқыды, білімпаз, зерделі екенін көрсете білді, біз үлгі тұттық» дейді.

Диплом алған соң Ақкенже өзі оқыған мекен Жарқамысқа жолдама алып, педиатр болып қызметке кірісті. Бұл — аудандағы халқы көп орналасқан екінші елді мекен. Білімін практикамен ұштастырған дәрігерге Жарқамыспен қатар, жақын аумақтағы тұрғындар келіп, кеңес алып, емделіп шықты. Абырой, құрметке бөленді. Ол жылдары ауруханада жалғыз жедел жәрдем көлігі болатын. Қиналған сәттерінде кластастары Жолдасбай, Сырлыбай, Дубек, Рахаттар «біз де жедел жәрдем бола аламыз» деп, сырқатты жандарға апарып қайтқандарына ризашылық білдірді.

Жарқамыс ауруханасы Ақкенже үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Ауруын тілмен айтып жеткізе алмайтын кішкентай балалардың талайы оның алдынан сауығып шыққаны ойына түссе, көңілі жадырайтыны бар.

Жағдай таңдамайтын мамандық

Араға жеті-сегіз жыл салып ол туған ауылына жұмысқа жіберілді. Өйткені Кемершидегі білікті дәрігер Қуаныш Қаракүшіковтің денсаулығы сыр бере бастаған екен. Енді мында оған педиатр ғана емес, жалпы тәжірибелік терапевт болып жұмыс істеуге тура келеді. Ақкенже Қуекең туралы: «Ол кісінің дәрігерлік білімпаздығының кереметтілігі сонша ол қойған диагноз облыста өзгертіле бермейтін, өте тәжірибелі абзал жан еді», — дейді.

Сол емхана меңгерушісі бас дәрігер Ақкенженің атын атамай, еңбегін бағалап, «Ұлы педиатр» деп өткен екен.

«Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы дәрігердің көрген ауыртпашылығы мол, — деп еске алады Ақкенже. — Әсіресе,1994-2004 жылдары өте ауыр болды. Медицина саласында реформа жүргізілді, кей уақытта ақысыз жұмыс жасадық, ауыр науқастарды, жүкті әйелдерді аудан, облыс орталығына жеткізу өте қиын болатын. Себебі бұл кезеңдерде ауылдың тұрмыстық жағдайы төмендеп, көліктің жанармайы жеткіліксіз болып, кей шақыртуларға трактор, ат және түйе шаналармен барған кездері де болған. Талай  ауыр науқастардың өмірін алып қалу үшін жан аямай күресуге тура келді. Жұмыс жасаған жылдары атақ-даңқты ойлаған да жоқпын. Алдыма келген жандардың амандығын, отбасына қауышуын тіледім».

Бірде «Абай» кеңшарының екінші бөлімшесінен жедел жәрдем көмегін көрсету сұралды. Ауру Жүзқұдық деген жердегі қыстақта екен. Бұлақтыкөлге автокөлікпен жеткенмен, көз аштырмас ақтүтек боранда әрі қарай жүруге мүмкіндік болмады. Содан бөлімшеге шаққа дегенде қайта оралып, ауылдан жолсерік болар Алдияр деген азаматпен бірге екеуі екі атқа мініп, боранмен арпалысып, межелі жерге жетіп, ем жасайды. Ертесіне орталықтағы ауруханада күтіп жатқан ауыл тұрғындары болғандықтан қыстақта қонып қалмай, Бұлақтыкөлге келіп, екі сағат көз ілдіріп алып, ертеңгілік жұмысына кіріседі.

— Жем 8 жылдық мектебінде оқып жүргенімде жездем Бисенғали Ешбаев санаторийге барып, емделіп келгеннен кейін маған сыйлыққа «Емдік шөптер» деген кітапша ұсынды. Содан бастап қолым босаса, әлгі кітапты парақтап, әрі емдік шөптің қасиетін біліп, қандай дертке шипа болатындығына назар аудардым. Сөйтіп, дәрігер болсам деп армандадым, ол жүзеге асты. Ауылда жәрдем көрсетуде талай тәуекелге бардым, — дейді ол өткен күндерді жадында жаңғыртып.

Бірде Кемершиден жас келіншекті науқасына байланысты Жарқамыстағы ауруханаға жеткізуге тура келеді, бірақ жол бойы қан кете бастайды. Әлі алда 30 шақырымдай жер бар, сондықтан шұғыл шешім қабылдап, жолда тоқтап, көлік жүргізушісі Нұртай Селбаевтан тікелей қан құйып, ауылға қайтып келіп, емін жасап, кейін мүмкіндігі мол Жарқамыстағы ауруханаға жеткізеді.

Ең қиын нәрсе…

Дәрігер үшін жанары жәутеңдеп, «жаныма арашашы бол» деп жатқан адамның қиналғанын көру өте ауыр. Өйткені ол сенен көмек күтеді. Бірде Жарқамыста қызметте жүргенде кластасы  Өмірбайдың келіншегі Халуа қатты науқасқа тап болған. Қанының қызыл түйіршіктері азайып, миға оттегі толық жетпей, ессіз күйге түскен. Екі күн бойы тапжылмастан қасында отырып, тыныс-тіршілігі күдікке толы науқастың жағдайын сезген ауылдастары үмітін үзіп, дайындала бастайды. Екі күн екі жылдай болып, көз ілмей аурудың себебін зерттеп, ақыры бір шешімге келіп, емін жасап, аман алып қалады. Ортамызда жүрген Халуа бүгінде: «Ақкенже — мені өмірге әкелген екінші адам, ол болмағанда қайтер ем», — деп еске алады.

Енді бірде Жаңатаң ауылының тұрғыны Г. деген азаматша бұрын тілікпен босанған, қайтып келіп үйінде толғатқан. Сол күні қатты жаңбыр жауып, жер иленген балшық, жақын жердегі емхана Кеңқияқта болатын. Сонда әрең жеткізіп, көрші аудандағы дәрігер-гинеколог Қайратпен бірге жедел түрде ота жасап, өмірін аман алып қалады.

Өмір болған соң қуанышы мен қиындығы алмасып отырады. 2001 жылы жолдасы Нұрқаш Мұңалов дүниеден озды. Өзі жедел жәрдем шақыруымен жұмысқа кеткенде оқушы екі бала үйде қалады. Балалар мектеп бітірген соң Ақтөбеге оқуға түсті, сол кезде біршама жыл жалғыз тұрды, қиындықты да бастан кешті.

Дәрігердің жұмысы сырқатты емдеу ғана емес. Әлі есінде, кейбір ата-аналар жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасатқысы келмей, соның оларға бәрін түсіндіріп, сақтандыру жөнінде кеңес беріп, насихат жұмысымен айналысқаны да бар.

Туған ауылына келіп, балалы-шағалы, күні-түні жұмыста жүргенінде сол кездегі кеңшар директоры Бақберген Қарақов дәрігердің еңбегіне риза болып: «Ай, Ақкенже, сен елдің адамысың ғой, саған жазда ауруханаға жақын, таза жерден жаңа үй салып берейін», — дегенде, басшының қамқорлығына алғысын айтып, «Менен бұрын да пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар бар, олардың алдына шығып кеткенім дұрыс болмас», — деп, алғысын білдірді. Бұл да Ақкенженің жүрек адалдығын танытатын бір жай.

Халық аманатын арқалаған Ақкенже Кемешова 1999-2003 жылдары аудандық мәслихат депутаты болды. Бірінші байлық — денсаулыққа қатысты түйінді мәселелерді көтерді. Еңбегі еленіп, жоғары басшылық тарапынан алған марапаттары да аз емес.

«Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалін, ҚР Президентінің Алғыс хатын алды. «Байғанин ауданының жыл адамы» атанды. «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Абыройлы еңбегіне сай ҚР «Үздік адамдар энциклопедиясының» даңқты ұлдары мен қыздары бөліміне де есімі енген.

Балалары жоғары оқу орындарын бітіріп, бүгінде туған ауылында мемлекеттік қызметте. Уақытпен санаспай қызмет атқарып, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген Ақкенже: «Мені абырой биігіне көтерген, біріншіден, институттағы дәріс берген ғалым-ұстаздарым, содан соң емдеу саласындағы ұжымдардың білікті мамандары. Сондықтан солардың алдында өзімді борыштымын деп есептеймін», — дейді.

Ақ халатты абзал жан Ақкенже Кемешова — облыстағы антына адал, болмыс-бітімі бөлек тұлға. Оның қызметі — кейінгі толқын дәрігер іні-сіңлілеріне үлкен өнеге.

 

                                                                                  Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

                                                                        Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button