Басты жаңалықтар

Иесіз қалған коммуналдық желілер табиғи монополиялар субъектілеріне беріледі

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, сонымен қатар инженерлік желілерді табиғи монополиялар субъектілеріне сенімгерлік басқаруға беру мәселелері талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
«Бүгін коронавирус инфекциясының бес жағдайы тіркелді. 4026 (94,3%) науқас жазылып шықты. Қазіргі таңда 101 адам инфекциялық стационарда емделіп жатыр. 20 адам карантиндік стационарда, жүктеме 5%-ды құрайды. 480 медицина қызметкері «Спутник V» екпесінің екінші жиынтығымен иммундеу бойынша егілді. Наурыз айының басында 4100 доза әкелінеді деп күтіліп отыр. 24 медициналық ұйымда екпені сақтайтын 41 мұздатқыш бар, тағы 11 мұздатқыш камера алынады деп отырмыз. Екпені тасымалдайтын 61 термоконтейнер бар, қосымша 74 термоконтейнер алынады деп күтілуде», — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.
Жалпы алғанда бақылау топтары 34 561 нысанға 10 320 тексеру жүргізді. 1 956 тұлға әкімшілік жазаға тартылып, 188,8 миллион теңге айыппұл салынды.
Жиынға қатысушылар сондай-ақ бюджет қаражатына салынған коммуналдық саладағы иесіз желілер мен нысандарды, сонымен қатар газ тасымалдайтын және газ тарататын жүйелерді табиғи монополиялар субъектілеріне сенімгерлік басқаруға беру мәселесін қарады.
Өңірде инженерлік желілерді (нысандарды, жабдықтарды) табиғи монополиялар субъектілеріне сенімгерлік басқаруға берудің жол картасына сәйкес коммуналдық және иесіз инженерлік желілердің тізімі жасалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасының басшысы Айбек Қайыр: «Облыстағы коммуналдық желілердің ұзындығы 10 690,4 шақырымды құрайды, соның ішінде газ желісі — 2 182,5 шақырым, сумен жабдықтау желісі — 3 505,3 шақырым, су тарту желісі 578,4 шақырым, жылу — 540,6 шақырым, электр желісі — 3 883,6 шақырым. Олардың ішінде табиғи монополиялар субъектілеріне берілетіні — 5 220,4 шақырым. Иесіз жатқан инженерлік желілердің ұзындығы — 135,2 шақырым, соның ішінде жылу желісі — 7,5 шақырым, электр желісі — 127,7 шақырым және трансформаторлы қосалқы станса — 22 бірлік», — деп баяндады.
Облыстағы берілмеген инженерлік желілердің дені Ақтөбе қаласында, атап айтқанда, Батыс 1, 2-шағын аудандарының бау-бақша ұжымдарына тиесілі.
Апаттар мен шығындарды азайтуға, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін мамандандырылған ұйым осы желілерді тиісті деңгейде ұстау мақсатында 2020 жылдың шілде айында Ақтөбе қаласының әкімдігі, «Aametrology + standartisation» ЖШС мен «Парыз» қоры арасында Батыс 1, 2-шағын аудандарындағы инженерлік желілерге түгендеу жүргізу туралы үш жақты келісім жасалды.
Батыс 1, 2-шағын аудандарында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша «Aametrology+ standartisation» ЖШС 64,1 шақырым газ, 45,6 шақырым су, 50,3 шақырым су тарту, 53,6 шақырым электр желілерін тексеріп шықты.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының аудан әкімдеріне анықталған иесіз желілерді коммуналдық меншікке қабылдау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Ақтөбе қаласы әкімдігі құрылысшылармен бірге құқық белгілейтін құжаттарды дайындау бойынша жұмыстарды жүргізе отырып, Батыс 1, 2-шағын ауданындағы түгендеуді аяқтау жұмыстарын жеделдетіп, Ақтөбедегі 338 бау-бақша ұжымының желілерін жоспарлы түрде түгендеуді бастауы керек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button