Жастар

Еріктілер қар тазартып жатыр

Ақпан айының соңында қыс қаһарына мініп, шаһарымызды қалың қар басты. Көлік түгілі тұрғындардың жаяу жүруі қиындады. Әсіресе жер үй тұрғындары біраз әбігерге түсті. Үйлерінен шыға алмағандары да бар. Ақтөбелік жастар қолдарына күрек ұстап, жалғызбасты қарияларға қол ұшын созды. Аулаларын ақ ұлпадан тазартып қана қоймай, су тасып, азық-түлікке дейін жеткізді. Мәселен, солардың бірі — экономика және құқық  колледжінің 1-курс оқушысы Жансерік Жасұланұлы.  Болашақ заңгер «Игі іс жасайық» еріктілер тобына былтыр кірген. Жарты жылдың ішінде жетім балалар мен жалғызбасты қарияларға, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созған. «Тамшыдан көл, ұсақ-түйектен сауап жиналады» деп есептейтін ол барша жастарды игі іспен айналысуға шақырады.

— Қайырымдылыққа құштар жастар көп болса, қоғам түзеледі. Ерікті болу қиын емес, тек ниет пен таза жүрек керек. Сонда уақыт та, қаражат та табылады, — дейді Жансерік.

Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Сәбит Мұқановтың айтуынша, өңірде қазір 90 волонтерлік клуб тіркелген.  Бұл — ресми мәлімет. Сондай-ақ еріктілер базасы жасақталған. Оған 2000-ға жуық адам мүше. Облыстағы еріктілердің дені — нәзік жандылар. 38 пайызы — ерлер.  Бұрын еріктілердің дені студенттер болса, қазір орта жастағы азаматтар да қайырымдылықпен айналысуға құштар. Ең жас волонтердің жасы 14-те болса, ең үлкені — 41 жаста.

Лаура МИРМАНОВА

Қазақ-Орыс халықаралық университеті журналистика кафедрасының 3-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button