Жаңалықтар

«Парасат жолы» — жаңа жоба

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков және  аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов Бестамақтағы коворкинг орталығына барды.

Аудандық кітапхананың ішінде орналасқан коворкинг орталығы бес аймақ бойынша қызмет көрсетеді. Оқушылар мен ауыл тұрғындары бос уақыттарында орталыққа  келіп, кітап оқып, шахмат, дойбы ойындарын ойнайды. Мәселен,  «Асыл қазына» аймағында үлкендер газет-журнал оқиды. Орталық қызметкері Гүлсана Нұрышеваның айтуынша, бұл жерде тегін Wi-Fi желісі бар. Келушілер интернетке кіре алады. Сондай-ақ электронды цифрлы қолтаңба және өзге де анықтамаларды шығарып алуына мүмкіндік бар.

Ғалымбек Досановтың айтуынша,  қазір елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған көптеген бағдарламалар мен жобалар бар. Соның бірі — «Парасат жолы» жобасы.

Бұл — Агенттік пен Мәдениет министрлігінің ортақ жобасы. Жобаның мақсаты — ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету, мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Қазіргі таңда облыстағы 232 кітапханада «Парасат жолы» жобасы ашылды, — деді Ғ.Досанов.

Кітапханада 18 мың кітап болса, соның жартысы — мемлекеттік тілде. 150 ағылшын тіліндегі кітап бар. Келушілер қай тілде оқығысы келсе, сол тілде таңдаған кітабын таба алады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button